Basty bet
Шектеу шаралары алынды
Бүгінде қалыпты өмірімізді өзгерткен коронавируспен күрескенімізге бір жылдың жүзі болды. Осы уақытқа дейін баршамыз сақтық шараларына аса мән беріп, оны күнделікті өмірімізге енгізіп үйрендік. Індеттің адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін де балабақшадағы баладан бастап ересек адамға дейін жақсы біледі. Дегенмен де қанша сақтық шараларын ұстансақ та, індетті жұқтырушылар елімізде көбеюде.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан «еліміздегі кейбір өңірлер жасыл аймақтан қауіпті аймаққа өтіп, карантин талаптары күшеюде» деген хабар жиі таралып жатады. Алайда, біздің ауданның қазіргі эпидахуалы тұрақты. Бірақ кейбір елді мекендерде індетті жұқтырғандар көптеп тіркеліп, шектеу шаралары енгізілді. Мұндай шектеулер өңіріміздің оңтүстік-батыс қақпасы іспеттес, көршілес Түркістан облысымен шектесетін Шақпақ ауылдық округінде енгізіліп, ауыл екі аптаға карантинге жабылды.
Шектеу шаралары жайында аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Нәзипа Әзімбекова әңгімелеп берді:
– Төрткүл дүниені шарпыған аты жаман індет адамзат өміріне аса қауіпті екені мәлім. Оның таралуы мен адамға жұғу процесі өте жылдам. Коронавирустың белгілері өткір респираторлық инфекция мен тұмау белгілеріне ұқсас болып келеді. Бірақ көптеген жағдайларда бұл кәдімгі респираторлық жұқпаның симптомдары болуы әбден мүмкін.
Коронавирус респираторлық жолмен жұғады. Covid-2019 инфекциясын жұқтырған адаммен жақын байланыссаңыз, қауіпті дертке шалдығуыңыз әбден мүмкін. Инфекция ауру жұқтырған адамнан келесі адамға жөтелгенде не түшкіргенде науқастың мұрнынан, аузынан бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы беріледі. Бұл тамшылар заттардың бетіне, есік тұтқасына түседі. Ол заттарды ұстаған адам қолын жумастан көзіне, мұрнына немесе аузына тигізсе, ауруды жұқтырады. Сондықтан бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау мамандары індетпен күресте сақтық шараларының қаншалықты маңызды екенін дабыл қағып айтуда.
Міне, осындай жұқпалы індетті жеңу үшін баршамыз шектеу шараларына бағынуымыз қажет. Тұрғындар денсаулықтары сыр берсе, індеттің белгісі бойыннан білінсе, бірден уақтылы дәрігерге қаралуы қажет.
Аймағымыздағы Шақпақ ауылдық округінде індетті жұқтырушылардың көбейіп, эпиджағдайдың өршуіне байланысты аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, ауданның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Марат Искаковтың Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылына 14 күндік карантиндік-санитарлық шектеу іс-шаралары туралы 2021 жылдың 5 наурызында №83 қаулысы шықты.
Аталған қаулыға сәйкес Шақпақ ауылдық округіндегі білім беру мекемелері, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие мекемесі және музыкалық білім беретін өнер мектебінің оқушылары мен қызметкерлері қашықтан оқу форматына көшірілді. Қаулының орындалуын бақылау сондағы ауылдық округ әкімшілігіне, учаскелік полиция қызметкері көшірмесі берілді. Сол арқылы тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олар сақтық шараларын ұстанды.
Осы 14 күндік шектеу шараларының негізінде ауылда жағдай түзеліп, қазіргі таңда елді мекеннен карантин алынды. Ауылды оқушаулау арқылы індеттің таралуының алдын алуға мүмкіндік бар. Індет табылған ошақтарда міндетті түрде аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қаулы шығарып, отбасы мүшесі үйлерінен ешқайда шықпайды,ешкіммен қарым-қатынаста болмайды, онда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Тұрғындарға қашықтан қызмет көрсетіліп, олардың да жағдайы бақылауда болады.
Бұл індет басталғалы онымен күрестің басы-қасында маман ретінде жүрміз. Әрине, індет табылған ошаққа бару мамандар үшін қауіпті. Біз сол үшін әрдайым сақтық шараларын ұмытпаймыз. Өзіміз ауырмасақ та, жақынымызға зиянымыз тиюі мүмкін. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу үшін күнделікті карантин талаптарын сақтауымыз керек. Көпшілік арасында медициналық бетпердені тағуды ешқашан ұмытпауымыз қажет, – дейді маман.
Ал, Шақпақ ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Есенхан Құрмашев шектеу шараларының арқасында елді мекенде жағдай тұрақталғанын айтады. Олар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ауданның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №83 қаулысы негізінде аймақтағы жағдайды бақылауда ұстаған. Тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргізіп, көпшілік орындарды медициналық бетпердені тағып жүруді қадағалаған. Ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Орынбасар Жаманбаевпен бірге медициналық бетпердені тақпаған тұрғындарға ескерту жасаған. Әр мекемеде дезинфекциялық құралдардың тұруын айтып, сақтануға шақырған.
Ауылда төрт мектеп, өнер мектебі, клуб, екі кітапхана және бокс залы бар. Бұл білім ошақтары мен қоғамдық орындар 14 күн бойы жұмыстарын тоқтатып, қашықтан жұмыс істеген. Ал, кәсіпкерлер дүкендерін таңғы сағат 09.00-ден бастап кешкі сағат 18.00-ге дейін ашып отырған. Аудан орталығын қатынап жұмыс істейтін азаматтар анықтама арқылы жіберілген. Тұрғындарды аса шұғыл шаруасы болмаса ауылдан шықпауға шақырған.
Міне, елді мекендегі эпидахуал 14 күндік шектеу шаралары арқылы түзелді. Мұндай жағдай сіздің де аймағыңызда болмасын десеңіз, сақтық шараларын міндетті түрде ұстануға шақырамыз.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»