Ádebıet
Туған жерге деген сүйіспеншілікпен
Адам табиғатында бір ғана мақсат бар. Ол – туған еліңе, халқыңа адал қызмет ету. Саясат күнде өзгереді, өзгеруі мүмкін. Тіпті шындығына келгенде, әлемдегі жаратылыстың бәрі өзгереді. Өзгермейтін, өлмейтін ештеңе жоқ. Алайда, елін сүйген адамның атамекеніне, туған ауылына деген сүйіспеншілігі темірқазықтай өзгермеуі тиіс. Сонда атамекенге деген сүйіспеншіліктің қыры мен сырын келешек ұрпаққа кім жеткізеді?!
Бүгінде арамыздан кетіп жатқан адамдардың атамекенге деген сүйіспеншілігін кім бағалайды?!
Оны бағалайтын да, ұрпаққа жеткізетін де адам.
Адам адам атанып, дүниедегі саналы тіршіліктің дара тұлғасына айналғалы тарих деңгейі бір төмендеп көрген емес. Үнемі биіктеумен аршындап адымдаумен келеді. Соның құзар қиясына, асқар асуына, күміс күмбезіне алтын топшы қыран қанатындай ақыл-парасат күші көтерген жандар ғана шыға алған.
Адам өмірге қожа болып, әлемге әмірін жүргізе бастағалы табиғат пен адам, тап пен тап арасында келіспес күрес, дүбірлі айқас та бір тынған емес. Сол шерулі шайқас-тайталаста адамзаттың тіршілік мүддесін қорғаған, еңбеккер қоғам қауымының тілегін ту ғып көтерген абзал азаматтар ғана жеңіс мәресіне шалдықпай жеткен.
Адам жүрегіне алғаш рет сезім дарып, оның түсінік-түйсігінің екі жақ басында ізгілік пен жауыздық атты кереғар екі ұғым тұңғыш рет таразыға тартылғаннан бері адам жанынан жақсылық та жамандық та ұмытылған емес. Бірақ әрқашан да жамандық жасып, жеңіліп, жақсылық мерейі үстем болып келген.
Алғыс сезімі – асыл сезім. Адам дүниеге тұңғыш рет жақсылық әкелгенде оның соңынан егіздің сыңарындай, бүтіннің жартысындай болып алғыс бірге ере келіпті.
Нұрғали Ералиевтің есімі жуалылық оқырманға жақсы таныс. Автор өзінің тырнақалды «Ана аманаты» кітабы арқылы Ұлы Жеңіс қаһарманы, немере атасы Қасым Ералиевтің даңқын тірілтіп, Батыр рухының жерлестерімен қайта қауышуына септігін тигізді.
Жақында «Тәржіма» баспасынан жарық көрген Н.Ералиевтің кезекті «Боралдай» атты деректі кітап Жуалы ауданындағы өзі кіндік кесіп, көк майсалы топырағын борпылдата басқан, өзенінде шомылған Боралдай өңірінің тағдыр-талайы, тарихы мен табиғаты, ауылдан шыққан бүгінде еліне елеулі, халқына қалаулы атпал азаматтардың есімдері мен олардың өмірбаяны берілген.
Кітап көпшілік қауымға арналған.
Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»