El іshі
«Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын биыл да көреміз»
Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде ауданымызда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы, басқа да мемлекеттік салалық және өңірлік бағдарламалар сәтті іске асырылды.
Жуалылықтар өткен жылдан бері «Ауыл – Ел бесігі» атты мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Бағдарлама аясында көптеген ауылдардағы көше жолдары жөнделіп, елді мекендерге сапалы ауызсу мен газ құбырлары тартылуда. Соның арқасында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы артып, мәдени-әлеуметтік объектілер жыл өткен сайын тартымды келбетке ие болуда. Аталған бағдарлама бойынша биыл не атқарылмақ?
Төменде газет тілшісінің Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағымен сұхбатын жариялаймыз.
– Асхат Базарбайұлы, жалпы ауданда елді мекендерді сапалы, таза ауызсумен қамту мәселесінің әлі де күн тәртібінен түспей отырғаны жасырын емес. Қанша ауылда ауызсу құбыры бар, қаншасында жоқ? Бұл бағытта өңірде нендей жұмыстар атқарылуда?
– Бүгінде аудандағы 49 елді мекеннің 25-інде ғана орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар. Өңірде орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған ауылдар барлық елді мекендердің үштен бірін ғана құрап отыр. Бұл бағытта мақсатты жұмыстар қолға алынуда.
Құрылысы өткен жылы басталған Шақпақ ауылдық округіндегі Шақпақата, Тәттібай Дүйсебайұлы, Боралдай ауылдық округіндегі Ертай, Көлтоған, сонымен бірге, Қошқарата ауылдық округінің Қошқарата ауылдарындағы ауызсу құбыры құрылысы биыл аяқталатын болады.
– Ауданның әлеуметтік-мәдени объектілерінде нендей құрылыс-жөндеу жұмыстары күтіп тұр?
– Облыстық білім басқармасының тапсырысымен биыл жазда Бауыржан Момышұлы ауылындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия мен Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Сонымен бірге, Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылында 180 орындық Диқан орта мектебінің құрылысы басталады.
Мәдениет саласында Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық мәдениет үйіне жапсарлас құрылыс жүргізу жобасы мақұлданып, бағдарлама аясында жұмыстар басталады. Құрылысы былтыр басталған Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің төңірегін абаттандыруға бюджеттен қосымша 53,0 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар тиянақталады.
Спорт және дене шынықтыру саласында орталық саябақтан жаңа спорт кешені бой көтеріп, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылындағы спортзал қайта жаңғыртылатын болады.
Денсаулық сақтау саласында Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілмек.
Ауданда 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларына орындалуы күтілген индикаторлар – жалпы құрылыс көлемінің нақты орындау көрсеткіші 4 381,1 млн. теңге болса, индикатор 5 475,1 млн. теңге көлемінде орындалды. Пайдалануға қабылданған тұрғын үй құрылысы нақты орындау көрсеткіші – 13 448 шаршы метрді құрап, алдыңғы 2019 жылғы 11 079 шаршы метр көрсеткішімен салыстырғанда 121% орындалуы болжамдалып отыр.
– Өңірде салынып жатқан жолдардың сапасы туралы да айтылып жүрген сын аз емес. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Биыл аудандағы барлығы 21,9 шақырым ауылішілік жолдарды орта жөндеуден өткізуге қаралған қаражат 401 895,0 мың теңгені құрап отыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Б.Момышұлы ауылындағы Тәуелсіздік, Еркінбек Сауранбекұлы, Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылындағы Нұрлы жол, Ыбырай Алтынсарин, Бірлік, Абай көшелері мен Бірлік көшесінің үш тұйығы, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы Бауыржан Момышұлы көшесінен Байтоқов көшесіне дейінгі тұйық, Ковешников көшесі, Майлин көшесінен Байтоқов көшесіне дейінгі тұйық, одан бөлек осы ауылдағы Майлин, Байтоқов және Рысбеков көшелері, Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы Әбдеш Беделбаев, Диқан ауылындағы Жамбыл көшелері, Көкбастау ауылдық округінің Көктөбе ауылындағы Жамбыл көшесі мен осы көшенің тұйығы, Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылындағы Қ.Тұртаев көшесі, Шақпақ станциясындағы Шақпақ көшелері, Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылындағы Баркуаб ежелгі қалашығына дейінгі жол, Нұрлыкент ауылдық округінің Түктібай ауылындағы Бердімбет көшелері орта жөндеуден өткізілетін болады.
2020 жылға аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстарына 46 179,9 мың теңге қаржы қаралып, 2,646 шақырым жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Елді мекендерді газдандыру жұмыстары қашан аяқталады?
– 2017 жылы ауданның таулы өңіріндегі 15 елді мекенін газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама дайындалған болатын. Жобаның жалпы құны 3,0 млрд. теңгені, газ құбырының ұзындығы 102,3 шақырымды құрайды. 2020 жылы құрылысты жалғастыруға республикалық бюджеттен 803,1млн. теңге бөлінді. Бүгінде мердігер «Тараз құрылыс-2004» ЖШС құрылыс жұмыстарын мамыр айынан бастап, газ құбырларын Жетітөбе ауылдық округінен бастап Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған ауылына дейін жеткізетін болады. Билікөл ауылдық округіндегі 4 елді мекенге: Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза, Әбдіқадыр ауылдарын газдандыруға облыстық бюджеттен 18 600,0 мың теңге бөлініп, «Билікөл АГРС»-не ЖСҚ дайындалды. Облыстық басқарма тарапынан 2021 жылдың бюджетіне өтінім берілді. Жоба толықтай іске асқанда таулы өңірдің және Билікөл аймағының 1 558 тұрғыны көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Одан бөлек, «Ауданның елді мекендеріне кварталішілік газ тарату желісі жобасы» бойынша 7 ауылды газдандыруға ЖСҚ әзірленді. Атап айтқанда, Қаратас, Ертай, Көлтоған, Рысбек батыр, Ақтасты, Қошқарата, Қызтоған ауылдарына 553,33 млн. теңгеге ЖСҚ әзірленіп, Топографиялық түсірілімдері, инженерлік-геологиялық жұмыстары мен жұмыс сызбалары, ЖСҚ, ҚОӘБ әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Бүгінгі күні келіп түскен ескертпелерді толықтыру жұмыстары жүргізілуде.
– Уақытыңызды бөліп, арнайы сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»