Mádenıet

«Ұлтым басқа – тілім бір» ауданда этнос өкілдерінің арасында байқау өтті

 

Елімізде өмір сүріп жатқан әртүрлі этнос өкілдеріне өздерінің тарихын, салт-дәстүрлері мен халықтық қалпын сақтаулары үшін мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер мен конституциялық құқықтар берілген. Ең бастысы, қазіргі күні қазақстандықтар өзара келісім мен бірлікке қол жеткізіп отырған бақыты баянды біртұтас Қазақ еліне айналды.  Осы ретте еліміздегі ұлттар мен ұлыстар ұмыт бола бастаған тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алуда.

Әлем елдері Қазақстанды көпұлтты мемлекет ретінде біледі. Елдегі ұлт пен ұлыстардың мызғымас татулығы, бірлігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға салып берген сара жолы мен сарабдал саясаты тұтас халықты татулықта өмір сүруге үндеуде. Осы орайда біздің ауданда да бірқатар ұлт өкілдерінің өзара татулықта өмір сүріп, ортақ Отанымыз Қазақстан Республикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырғанын айта кеткен жөн.

Кеше Қарасаз ауылында облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында облыс әкімінің орынбасары бекіткен желілік кестеге сәйкес, аудандағы өзге ұлт өкілдерінің арасында «Ұлтым басқа – тілім бір» атты аудандық байқау өткізілді. Байқауды өткізудегі негізгі мақсат – өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылығын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін жандандыруға ықпал ету, сөйлеу мәдениетінің деңгейін арттыру, жастарға мемлекеттік тіл – қазақ тілін жетік  меңгерудің мерейлі мәртебе екендігін ұғындыру, Отанымыз – Қазақстанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу және қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру.

Байқау «Ұлтым басқа – тілегім бір», «Өнерлінің өрісі кең», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» деп аталатын үш бөлімнен тұрды. Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған  байқауға аталған ауылдық округтен орыс ұлтының өкілі Марина Беличенко, Ақтөбе ауылдық округінен қырғыз ұлтының өкілі Әлия Жаныбек, Билікөлден татар ұлтының өкілі Сағыныш Зағыпаров, Жетітөбе ауылдық округінен Тамила Магамедова, сондай-ақ, Көкбастау ауылдық округінен өзбек ұлтының өкілі Шахноза Розметова қатысып, бақтарын сынады. Қазылар алқасы байқау қатысушыларының өнерін бағалау кезінде олардың мемлекеттік тілді жетік білулеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына және шығарманы орындау шеберлігіне баса назар аударды.

Қатысушылар бірінші бөлімде өздерін мемлекеттік тілде таныстырды. Атап айтқанда, қарасаздық ару Марина Беличенко қазақ тілінде таза сөйлеп, өзін және отбасын, келін болып түскен әулетін таныстырып, өмірлік ұстанымын бейнеролик арқылы көрсетті. Ал қырғыз ұлтының өкілі Әлия Жаныбек, шешен ұлтының ару қызы Тамила Магамедова, өзбек ұлтының өкілі Шахноза Розметова өздерін өлеңмен таныстырды. Татар ұлтының өкілі Сағыныш Зағыпаров ойын қара сөзбен жеткізді.

Екінші бөлімде де қазақ ақындарының өлең-жырлары оқылып, патриоттық әндер орындалды. Ал байқаудың үшінші бөлімінде қатысушыларға алдын ала дайындалған ұяшықтар арқылы қазақ халқының салт-дәстүрлерінен сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, сәбиді қырқынан шығару, тұрмыс құрғалы отырған қызға сырға салу, баланы сүндетке отырғызу, сәбиді бесікке салу туралы сұрақтарға қатысушылар жауап берді. Негізінен бұл бөлімде қатысушылардың дені қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бере алады. Бұл бір жағынан аудандағы этнос өкілдерінің қазақ тілін жетік меңгерумен қатар салт-дәстүрлерін де құрметтеудің белгісі болып табылады.

Байқау қорытындысында қатысушыларды Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, тіл жанашыры Фариза Оразымбетова, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» бөлім меңгерушісі Азамат Құралбеков марапаттап, жүлдегерлер Алғысхатпен қоса бағалы сыйлықтарға ие болды.

Байқауды қорытындылаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы, қазылар алқасының төрайымы Мөлдір Ахметова «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында осыдан бірер ай бұрын «Тіл – достықтың дәнекері» атты облыстық тіл керуені жарияланғанын, аталған іс-шараның осы керуеннің аясында өтіп отырғанын тілге тиек етіп, бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің аса маңызға ие құндылық екеніне тоқталды.

Шара соңында «Ұлтым басқа – тілім бір» атты аудандық байқаудың жеңімпазы Марина Беличенконы әңгімеге тарттық.

-Бүгінгі байқауға қатысып, жүлделі бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Мемлекеттік тілдің мерейін арттыратын осындай байқаулардың көптеп ұйымдастырылғанын қалаймын. Өзім туралы айтар болсам, ата-анам Қостанай облысының тумалары. Қарасаз ауылына көшіп келгенімізге төрт жылдан асты. Осы ауылдың азаматына тұрмысқа шыққанмын. Отбасымызда отағасы Виктор екеуміз бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Қазіргі таңда ауылдық округтің әкімшілігінде қоғамдық негізде штаттан тыс қызметкер болып жұмыс жасаймын. Біздің отбасы мүшелерінің мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген құрметі мен ықыласы бөлек. Қазақстанда тұратын қай ұлттың өкілі болсын қазақ тілін үйренуге, білуге, оның салт-дәстүрлерін құрметтеуге міндетті деп санаймын. Мысалы, өз басым сырға салу, қыз ұзату, тұсаукесер, неке қию, тағы басқа қазақтың салт-дәстүрлерін жақсы білемін,- дейді Марина Владимировна.

 

***

Байқау осы күні түске таман аудан орталығындағы орталық саябақта өз жалғасын тапты. Мұнда да жиналған жұртшылық аудандағы этнос өкілдерінің концертін тамашалады. Шараны аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, тіл жанашыры Фариза Оразымбетова ашып, сөзді этномәдени орталықтардың жетекшілеріне берді. Онда әзірбайжан және өзбек ұлттық орталықтарының төрайымдары Эсмира Мамедова, Зувайда Мажитова сөйлеп, бауырлас халықтардың татулығын көпшілікке үлгі ете сөйлеп, еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы татулық пен достық тұтастай алғанда, қоғамдық келісімнің бірегей қазақстандық үлгісіне айналып отырғандығын қуанышпен жеткізді.

Сонымен қатар, олар өз сөзінде халықтардың бірлігі артып, Қазақ елінің абыройы асқақтап, ондағы тұратын халықтардың ел ырысын еселей беретініне тілектестігін білдірді. Шара соңында Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы М.Ахметова ұлттық орталықтардың жетекшілері мен белсенді мүшелерін аталған басқарманың Алғысхаттарымен марапаттады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close