El іshі
Мәдениет үйі пайдалануға берілетін күн жақын
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елдімекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру жұмыстары біздің аудан көлемінде де жүруде. Жоба аясында аудандағы үлкен елді мекендердің бірі Нұрлыкент ауылдық округінің орталығы Нұрлыкент ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Соңғы есеп бойынша Нұрлыкент ауылында 690 аулада 3831 тұрғын тіркелген. Ал округке қарасты Түктібай ауылы мен Қазбастау разъезінде 151 аула бар. Онда 820 тұрғын бар.
Округ орталығы саналатын Нұрлыкент ауылынан мәденит үйін салу мәселесі бұрыннан көтеріліп жүрген болатын. Атап айтқанда, бұл мәселе соңғы төрт жылдың көлемінде аудан және облыс әкімдерінің халық алдында есеп беру жиындарында тұрақты көтеріліп келген еді. Ауылдың байырғы тұрғыны, жанашыр азамат Нұржігіт Бәйдібеков бұл мәселе жөнінде 2019 жылы сол тұстағы облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың қабылдауында болған. Асқар Исабекұлы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және құрылыс басқармасының басшыларын шақырып алып, Нұрлыкент ауылында мәдениет үйін салу мәселесін жан-жақты зерделеп, оны қолға алуды тапсырғанын Нұржігіт Бәйдібековтың өз аузынан естідік. Бүгінде Тараз қаласында тұратын қадірлі ақсақал жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін атқарушы билікке жеткізуде көп еңбек сіңіргенін баса айтқан жөн.
Сонымен, нұрлыкенттіктер көптен күткен 180 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге Нұрлыкент ауылының Е.Байғазиев көшесінен жер бөлініп, аталған құрылыс 2020 жылдың қыркүйек айының 15-ші жұлдызында басталған болатын. Атап айтқанда, бұл жоба бойынша тараздық «Нұрбек» ЖШС жеңімпаз атанды. Жоба құны 101 миллион 360 мың теңге. Жобаның құрылысы облыстық бюджеттен қаржыландырылуда. Үш айдың ішінде құрылыстың іргетасы қаланып, қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылды. Одан кейін ғимараттың ішіне жылу жүйелері жүргізіліп, ішкі әрлеу, ішкі инженерлік жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға таяу. Дәлірек айтсақ, жұмыс 95 процентке аяқталған. Учаске басшысы, прораб Амангелді Жұмағалиевтың айтуынша, ғимаратты жиһаздармен, компьютер және басқа да қажетті заттармен жабдықтауға 10 миллион теңге қарастырылған. Ал ғимараттың ауласын абаттандыру жұмыстарын жүргізуге бөлек тендер ойнатылмақ.
Бұған дейін де мәдениет үйінің құрылысы жөнінде газет бетінде бір мақала жарық көрген. Ғимарат негізгі үш бөлмеден тұрады. Оның бір бөлігі кітапханаға арналған үлкен бөлме болса, сол қапталдағы бір бөлігінде негізгі көрермен залы орналасады. Көрермен залының ұзындығы 18 метр болса, ені 8,61 метрді құрайды. Айта кету керек, кітапхана оқырман және кітап сақтайтын екі бөлмеден тұрады. Жылыту қазандығы ғимараттың артқы бөлігінде орналасқан. Жалпы ғимараттың көлемі 356 шаршы метр. Ғимараттың биіктігі алты метрге дейін жетеді.
Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеменің учаске басшысы Амангелді Жұмағалиев мәдениет үйінің құрылысына негізінен отандық құрылыс материалдарының қолданылғанын айтады.
-Іргетастан бастап отандық өнімдер қолданылды. Атап айтқанда, іргетасқа В-15, В-20 маркалы монолиттан бетон құйылды. Материал Тараз қаласынан жеткізілді.Одан бөлек, құрылысқа қолданылған арматура, шатырды жабуға арналған профнастил де Қарағанды қаласындағы зауыттан жеткізілсе, күйдірілген кірпіш те өзіміздің облыс орталығынан алынды. Ғимараттың терезелері Таразда жасалған. Ал еденге арналған ағаш тақтайлар Ресейден алдырылды,- дейді ол.
Мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге бастан-аяқ жергілікті азаматтар жұмысқа тартылғанын айта кеткен жөн. Қазір мұнда ауылдың азаматы, тәжірибелі құрылысшы Ахмет Сейітовтың жетекшілігіндегі 10 адамнан құралған бір бригада жұмыс істеуде. Олар ғимараттың сыртқы фасадын жасап, сылақ, декоративтік әрлеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, олар ішкі әрлеу жұмыстарын да атқаруда.
Иә, Нұрлыкент ауылындағы еңселі мәдениет үйінің құрылысын сәті түсіп, орайы келген тірлік болды деп айтуға толық негіз бар. Ауыл тұрғындары көптен күткен құрылыс аяқталуға таяу. Әлеуметтік салалармен қатар ауыл мәдениеті мен руханиятын дамытуға, тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыруға кеңінен көңіл бөліп отырған облыс, аудан басшыларына ауыл тұрғындарының алғысы шексіз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»