Basty bet

Ауданда «Білгеніңмен бөліс» атты жаңа жоба жүзеге аспақ

Өткен жұмада аудандық орталық кітапхананың “Білім” залында Жамбыл облысы саясаткер әйелдер клубының төрайымы Гүлсін Орынбаева мен облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева аудандағы іскер әйелдермен кездесу өткізді.

Кездесуге аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова мен іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева бастаған іскер, кәсіпкер әйелдер мен кәсібін жаңа бастаған жас әйел-аналар да қатысты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Анар Садыққызы жуалылық қыз-келіншектерді кездесу қонақтарымен таныстыра келіп, алғашқы сөз кезегін Гүлсін Орынбаеваға берді.
-Құрметті жуалылық қыз-келіншектер! Өздеріңіз білесіздер, елімізде Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әйел-аналарға ерекше көңіл бөлініп, көптеген қолдаулар көрсетілуде. Оған жақында ғана барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауындағы депутаттардың 30 пайызы әйелдерден сайлануы да дәлел. Әйелдер бұл жетістікке өзінің еңбегі мен іскерлігінің арқасында жетіп отыр,- дей келіп Гүлсін Рақымжанқызы әйелдерді өзін-өзі дамыту жолында білім алуға шақырды.
Келесі сөз кезегі облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаеваға берілді.
Меруерт Құттыбайқызы кездесудің мақсатына кеңінен тоқталды.
-Облысымызда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен “Білгеніңмен бөліс” атты жоба қолға алынып отыр. Осы жобаны түсіндіріп, жүзеге асыру мақсатында бүгін бірінші болып Жуалы ауданына келіп отырмыз.
Бұл жобаның мақсаты – кәсібін жаңадан бастаған немесе бастағысы келіп жүрген жас әйел-аналарға, әсіресе көпбалалы аналарға көмектесу. Мәселен, Үкіметтен 580 мың теңге көлемінде грант ұтып алып, түрлі себеп-сылтаулармен жұмысын жүргізе алмай отырған жандарға жол көрсету. Ол үшін ең бірінші санамызды өзгертуіміз керек.
Осы уақытқа дейін Іскер әйелдер қауымдастығы негізінен қайырымдылық жасаумен айналысса, ендігі жерде қайырымдылықпен қатар, осындай маңызды іспен айналысатын болады.
Қазақта “Балаңа балық берме, қармақ бер” деген жақсы тәмсіл бар. Сондықтан осы ұстаныммен еңбекқор, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жандарды іскерлікке баулуды мақсат еттік.
Ол үшін ең бастысы, адамда кәсіпкерлікке деген ынта-ықылас болуы керек. Себебі, мысалы қанша жерден менің дүниемді алып қойса да, менің санамдағы қабілетімді ешкім ала алмайды. Өйткені, ол менің басымда. Кәсіпкерлікке деген қызығушылығы, қабілеті бар адам міндетті түрде жетістікке жетеді.
Ауылдық жерде әйелдер құр қарап отырған жоқ. Әйтеуір бір нәрсемен айналысады. Мәселен, сиыр сауады. Бірақ ол сіздің күнкөрісіңізге ғана жетеді. Енді осы күнделікті іс-әрекетіңізді күнкөріс деңгейінен қалай бизнеске айналдыруға болады? Осыны біз ауылдағы әйел-аналарға үйретуіміз керек.
Көзін тапқан адамға кәсіптің түрі көп. Мәселен, әр ауылда кондитерлік цех, тігін цехы ашылса, құдалықхана ашылса дегендей заман талабына сай кәсіптер бар.
Адамның қадамына ой-өрісі сай болуы керек. Ана өссе, дамыса, ақылды болса, оның тәрбиелеп отырған баласы да дамиды, өзгереді, өмірден өз орнын дұрыс таба біледі.
«Кең болсаң, кем болмайсың» дейді қазақ. Біз бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Бір-бірімізді күндеудің қажеті жоқ. Қысқасы, өзімізді өзгерту арқылы қоғамды да өзгерте аламыз,- деді Меруерт Құттыбайқызы.
Анар Садыққызы кездесуде Меруерт Лештаевадан пайдалы істі неден бастау қажеттігін сұрады.
-Ең бірінші бүгінгі күні аяғына нық тұрған кәсіпкерлерді біріктіріп ұйым құрып, оның жетекшісін сайлаңыздар. Сосын жаңадан кәсіп ашуға ниетті қыз-келіншектерді жинап, осы ұйымның мүшелері осы жандарға тәлімгер болады. Біз өзіміздің тарапымыздан да оқу, үйрету жағынан көмек көрсетеміз. Яғни, аудандық ұйымның жұмысы біздің тікелей қолдауымызда, бақылауымызда болады. Осылай нақты нәтижеге жұмыс жасаймыз,- деді Меруерт Лештаева.
-Ең бірінші білім алу керек. Онсыз болмайды,- деді Гүлсін Рақымжанқызы. – Екінші, мықты тәлімгер керек. Және таңдаған адамың позитивті адам болуы тиіс. Яғни, кәсіп үйренушінің шын ынта-ықыласы болуы маңызды.
Даму ол адамның өзінен басталады. Мысалы, киімің, сөзің, мәдениетің барлығы сай болуы қажет.
-Құрметті қыз-келіншектер, біз бүгін бір-бірімізге ой салу үшін жиналып отырған жоқпыз. Ойланып жүретін уақыт өтіп кетті. Біз нақты іске көшуіміз керек. Сондықтан бұл істі қадағалауды мен өзім бақылауыма аламын,- дей келіп аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ауданымыздағы белді кәсіпкерлерден жобаға деген ой-пікірлерін сұрады.
Кәсіпкерлер Әсима Шекеева, Гүлсара Жүзбаева, Гүлмира Әсемова, Ләззат Нүрпейісова, Нүрилә Мәлібекова, тағы да басқа кәсіпкерлер жобаның жүзеге асуына қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Сәнтай Тілеубаева екі-үш күнде басталатын «Бастау Бизнес» оқу курсының екінші кезеңінің алғашқы оқу күндері осы кәсіпкерлерді шақырып, жаңадан бизнес ашқысы келетін жандармен кездестіріп, өз тәжірибелерімен бөліссе деген ұсынысын жеткізді.
Кездесу барысында «Тәрбие отбасынан басталады» сондықтан, балаларымызды еңбекқорлыққа балу қажеттігі, өзіміз үйрене отырып, кісіге үйретуге, рухани дамуға уақыт, қаржы жұмсап үйрену, кез келген кәсіпте адамның білімі, ізденісі, ішкі тазалығы, еңбекқорлығы, адамгершілігі, бизнесті дұрыс жоспарлау басты рөл атқаратындығы жайлы да тағылымды әңгімелер айтылды.
Бизнесті жаңадан бастаған қыз-келіншектер оқуға жазылғысы келетіндіктерін айтты.
Кездесу соңынан «Білгеніңмен бөліс» жобасын ауданда жүзеге асырушы ұйымның жетекшісі болып бір ауыздан «Nurai Plaza» бизнес орталығының иесі Нүрила Мәлібекова сайланды. Сонымен бірге, ұйымның келесі отырысы өтетін күн де белгіленді.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close