El іshі

Елу жыл – халыққа мінсіз қызмет

 

Кез келген емдеу-алдын алу мекемесінде емделушілерге қызмет көрсету барысында жауапты да, маңызды құрылымның бірі – қабылдау бөлімі. Әрі науқаспен алғаш бетпе-бет жүздесетін де осы бөлімнің қызметкерлері.

Емделуге келген науқасты қабылдап алып, журналға тіркеу арқылы толық санитариялық-гигиеналық өңдеуге әзірлеуге және алғашқы көмек көрсетуге арналған консультативтік емдік диагностикалық бөлім аудандық орталық аурухананың құрамында алғаш 1972 жылы ашылып, содан бері жарты ғасырға жуық аудан халқына мінсіз қызмет көрсетіп келеді.

-Бөлім жұмысының негізгі бағыттары емделуге келген науқастарды дер кезінде қабылдау, науқастың ауыр және қауіпті жұқпалы аурумен ауыратын-ауырмайтынын анықтау, оларды емдеу үшін тиісті емдеу-алдын алу мекемелеріне бағыттау болып табылады. Мұнда алдымен емделушінің жеке басын куәландыратын құжаттары мен қажетті қан және несеп талдаулары және нәтижелері тексеріліп, мамандар тарапынан жалпы жағдайына баға беріледі, – дейді  бөлім меңгерушісі Ақмар Демеуова.

Қабылдау бөлімінің жұмысын қамтамасыз ету үшін невропотолог, хирург, УДЗ, педиатр, жалпы тәжірибелі  дәрігер, инфекционист, реаниматолог дәрігерлер бекітілген кесте бойынша кезекшілікке түсіп отырады. Шұғыл кезекшілікте болған дәрігер қабылдау бөлімінде орналасқан дәрігерлер палатасында болуға міндетті.

Қабылдау бөлімі ӨЖЖ аппаратымен  лабораториямен, егу бөлмесімен, шок палатасымен, диагностикамен, пульсоксиметр, трапунтпен және қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған.

Біз көбінесе  дәрігерлерді «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Қалай атасақ та, артықтық етпейді. Өз ісiне тиянақты, жылы сөз, ізгі лебіздерімен адам жанын жадыратып жүретін, әрі жасаған ем-домдары да көңілге қонымды медицина қызметкерлерін айтпасқа болмайды.

Мұнда қазіргі таңда 12 медицина қызметкері жұмыс атқарады. Бөлім меңгерушісі Ақмар Демеуова  С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін «Шығыс медицинасы» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.  Аға медбике Ұлбике Айтжанова, шаруашылық бикесі Балжан Пошкаева, медбикелер Элмира  Байдуалиева, Гүлмира Әмірәлиева, Қарлығаш Мыңжасарова, мейіргер Әділет Шәкір, зертханада Гүлнар Қоңқаш, Сәуле Кәрібаева және сол жердің тазалығына жауапты мамандар Сандуғаш Сариева мен Кәмила Төлетаева еңбек етеді.

Әрбір емделуші адамның жағдайын жасап, олардың тез жазылуына ықпал етіп, қашанда жандарында жүрген, тек Жуалы халқына ғана емес, басқаларға да үлгi бола алатындай бөлім қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, жұмыстарына тек сәттілік тілейміз.

 

Гүлбақыт ЖАНДАР,

аудандық орталық аурухананың қоғаммен байланыс және БАҚ маманы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close