Sport

«Жерұйық мекен – Жуалым!»

облыстық жастар спартакиадасы өтті

“Жастар ресурстық орталығы” қызметкерлері арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада өткізу дәстүрге айналып отыр. Бұл іс-шараның өз кезегінде облыс жастары арасында достықты нығайтып, шығармашылық байланыс орнатуға үлкен септігін тигізіп отырғанын айта кеткен жөн.

Жылдағы дәстүрмен өткен аптаның жұма күні аудан аумағындағы Теріс-Ащыбұлақ ауылы маңында орналасқан «Этно-ауыл» демалыс орталығында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен облыс аудандарындағы жастар ресурстық орталықтары мекемесі қызметкерлерінің арасында «Жерұйық мекен – Жуалым!» атты облыстық спартакиада ойындары өтті. Аталған спартакиадаға облысымыздың барлық аудандарындағы жастар орталығының қызметкерлері құмдағы жағажай футболы, бассейнде қысқа қашықтықта жүзу және қошқар көтеру сайыстары бойынша өзара бақ сынасты.

Бұқаралық спортты дамыту аясында облыстық жастар орталықтары қызметкерлері арасында өзара байланысты нығайту мақсатында өткізілген спартакиаданы аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, Жуалы ауданының қасиетті өлке екенін айтып, келген қонақтарды көтеріңкі көңіл күйде сайыстың өткізілуіне өз үлестерін қосуға шақырды және спартакиадаға қатысушы жастарға сәттілік тіледі. Ал, келесі кезекте құттықтау сөз кезегін алған Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа облыс жастары арасындағы дәстүрлі маңызды спартакиаданың Жуалы жерінде өткізіліп жатқанына қуанышты екенін жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Салтанатты ашылудан кейін жарыс алаңында бақ пен бап қатар сыналды. Алғашқы қошқар көтеру сайысында қарсыластарынан басым түскен Сәнбек Жанасыл жарыс жеңімпазы атанды. Құмдағы жағажай футболы ойынында шеберлігі мен командалық бірлігінің арқасында Байзақ ауданының жастары І орын иегері атанып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал қысқа қашықтықта жүзу сайысында Іргебай Рамазан алдына жан салмады. Сайыс қорытындысында жалпы командалық есепте ІІІ орын Талас ауданының жастарына бұйырса, ІІ орынды Т. Рысқұлов ауданының жастары қанжығалады.

Бабы мен бағы қатар шапқан Байзақ ауданының жастары спартакиаданың жеңімпазы атанды. Спартакиада ойындарының соңында сайыстарда жеңіске жетіп, үздік нәтиже көрсеткен жастарды және жалпы командалық есепте жүлделі орын алған командаларға ұйымдастырушылардың атынан Дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

-Өз белсенділіктерімен саламатты өмір салтын ұстанып, өңірлерде жастар саясатын жүзеге асыру аясында аянбай еңбек етіп жүрген аудандардағы жастар орталықтарының қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Достық байланысқа құрылған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады,- дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мейіржан Телеушов.

 

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close