Qoǵam

Босаңсуға болмайды!

Қазіргі таңда індеттің беті қайтқандай болып көрінгенімен, әлі де арамызда ауырып жатқандар бар. Яғни, қауіпті індеттің таралуына әлі де болса түбегейлі тосқауыл қойылған жоқ. Демек босаңсуға болмайды.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал әлі мәз емес. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, оқып білгеніміздей бір тәулікте Алматы қаласында 46 тұрғыннан коронавирустың “дельта” штамы анықталған. Ал елордада індет жұқтырған әрбір науқастан қауіпті дерттің жаңа түрі табылған.
Дәрігерлер мен вирусологтар ел арасында “үнді” штамы деп аталып кеткен вирустың бұрынғы түрлеріне қарағанда қауіпті әрі тез тарайтынын хабарлайды.
Көршілес мемлекеттердің статистикалық мәліметіне қарасақ, вирус жұқтыру дерегі өскенін байқаймыз. Коронавирустың “дельта” штамы жаңа пандемияға себеп болуы да мүмкін деген болжамдар да айтылып жатыр.
Өмірде денсаулықтан, отбасының амандығынан артық ештеңе жоқ. Жақында бір туысымыз отбасымен ауырып, ауруханада жатып емделіп шықты. Облыстық инфекциялық ауруханада емделген туысымыз дәрігерлердің білімділігі мен тәжірибесінің арқасында, мамандардың айтқан кеңесін бұлжытпай орындауының арқасында жазылып шыққанына шүкіршілік етеді. Бір жағы бұл індет денсаулықты күтуді бірінші кезекке қою қажеттігін, дұрыс, пайдалы тамақтанып, спортпен шұғылдануды әдетке айналдыруға үйреткенін айтады. Дәрігерлердің егер індетке қарсы екпе салдырғанда бұлай ауыр түрде ауырмайтынын айтқанын да жасырмады. Сондықтан белгілі бір уақыттан кейін дәрігерлердің рұқсатымен отбасымен екпе қабылдайтынын айтты. Міне, бұл ауырғаннан кейінгі түйген ой, шешім.
Сондықтан ауырмай тұрып, ауырмаудың жолын іздейік. Оның үстіне қазір ауырғандардың қатарында 30 бен 40 жас арасындағы жастар көп. Бұл қауіпті аурудың адам денсаулығына жазылғаннан кейін де қалдырар зияны көп. Сондықтан сақтанудың бар мүмкіндігін пайдаланайық.
Әрине, қазір екпеге қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Алайда оның дұрыс-бұрыстығын дәрігерлер ажыратып, айтып түсіндіруде. Сол себептен дәрігерлердің кеңесіне құлақ асуымыз керек.
Жақында “Қазақстан” ұлттық телеарнасында жаңалықтардан Премьер Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов екпеге қатысты былай деді:
-Бүгінгі таңда көптеген елдердің вакцинаға қолдары жетпей жатыр. Кеше ғана дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қаншама екі процент деңгейінде вакцинамен қамтамасыз етілген елдерде жағдай қиын болып жатқанын айтуда.
Бір вакцинаны шығару үшін 267 реагент жеті Еуропа мемлекеттерінен әкелуге жарты жылдан аса уақыт қаншама келіссөздер жүргізіліп, жұмыстар жасалып жатыр. Нәтижесінде бүгін міне, Қазақстанның өзінде 2,4 миллион доза бар. Неге біз осы қолда бар дүниені пайдаланып, вакцинация жасамаймыз?- деді.
Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов отандық “Qaz Vaс” вакцинасына көрші елдерден сұраныс түсіп жатқанын айтты. Алайда ел азаматтарын қамту маңызды. Қазір ай сайын вакцинаның 100 мың дозасы шығарылып жатыр. Тамыз айының соңында 600 мың доза өзіміздің зауытта құйыла бастайды.
Бүгінгі таңда ауданда екпе егу жұмыстары қызу жүруде. Аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова бұл маңызды істің басы-қасында болып, медицина саласының қызметкерлерімен бірлесіп жұмысты ұйымдастыруда. Себебі, бұл аудан тұрғындарының денсаулығы үшін маңызды науқан. Сондықтан, аудандық аурухананың жауапты мамандары демалыссыз жұмыс істеуде. Екпе егу жұмыстары барлық ауылдарда тиісті деңгейде ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда соңғы мәлімет бойынша 9 мыңға жуық аудан тұрғындары екпе қабылдады. Жұмыс әрі қарай да жалғасады.
Екпе қабылдап, жақындарымызға жанашыр болайық!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close