Qoǵam

ЕРЕН ТҰЛҒАҒА– ЛАЙЫҚТЫ СЫЙ-ҚҰРМЕТ!

2019 жылдың 19 наурызы, кешкі сағат 19.00. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналардан ел тарихында тағдырлы шешім қабылдағаны туралы мәлімдеме жасады. Елбасы өзінің президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын және бұл лауазымды атқару Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтетінін хабарлады.
Келесі күні, яғни 2019 жылдың 20 наурызында түскі сағат 12.00-де Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының бірлескен отырысы шақырылып, онда Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға оң қолын қойып тұрып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге Ант қабылдады. Ұлықтау рәсімінен кейін Президентке өзіне тиісілі барлық атрибуттар табыс етілді.
Шара барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз мемлекет құруда және елімізді әлемдік аренада танытуда сіңірген ерен еңбегін атап көрсете келе, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін бірқатар маңызды шараларды іске асыру қажеттігін еске салды. Біріншіден, Елордамыз Астана қаласын Елбасының құрметіне Нұр-Сұлтан қаласы деп атауды, екіншіден, әр облыс орталықтарындағы негізгі көшелерді Назарбаевтың есімімен қайта атауды және монументтер орнатуды ұсынды. Ұсыныс депутаттар тарапынан қызу қолдау тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты «Ұлт атасы» деп атады. Өзінің жаңа лауазымындағы алғашқы Жарлығымен Нұрсұлтан Әбішұлын Қазақстан Республикасының ең жоғарғы атағы – «Халық қаһарманы» атағымен марапаттағанын жария етіп, Елбасының өңіріне «Алтын жұлдызды» сол мезетте өз қолымен тақты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевты «Қазақстан Республикасының Құрметті сенаторы» деп атады.
Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған ел тағдырындағы Ерен тұлғаға қандай сый-құрмет көрсетілсе де жарасады. Онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы титулы сақталады, сонымен қатар іс басындағы «Nur Otan» партиясының және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі болып қала береді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

***

Ұлт тағдыры сынға түскен күрделі қиын кезеңдерде елдің тізгінін ұстаған Елбасы Қазақ елін қаншама қиындықтардан аман алып өтіп, Әлем мойындаған абыройлы мемлекеттердің қатарына қосты. Елін сүйіп, Елі сүйген Елбасы әлем таныған қайраткер тұлғаға айналды. Қазақ елін дамудың биік белесіне жеткізген Елбасымыз мемлекет дамуының жаңа моделін жасады. Алдағы мақсат айқындалып, міндет нақтыланған шақта Елбасы Астананы Сарыарқаның төріне қондырды. Досымыз сүйініп, дұшпанымыз күйінген болашақтың қаласына айналған Астанамен бірге елдің еңсесі көтеріліп, қазақтың даңқы артты.
2019 жылдың 19 наурызында сағат 19.00-де өз шешімін халыққа жария еткен Елбасының Үндеуі жүректі шарпып өтіп, көңілді алай-дүлей етті. Құлазыған көңілден ыстық жастың көзге келгенін де жасыра алмайды екенсің. Дәуір дарабозының қазақ еліне жасаған мыңдаған игі істері көз алдыңнан өткендей. Көңілге үлкен жұбанышы – партиямыздың Төрағалығын жалғастыруы, Қауіпсіздік кеңесін басқаруы, Конституциялық кеңеске мүшелігі.
Ата-баба дәстүрі мен ұлт мәдениетінің ұлы қасиеттерін бойына сіңіріп өскен Елбасына барша жуалылықтар атынан деніне саулық, жанына амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Әр қазақтың жүрегіне қазақ болып туғаны үшін, Алаштың азаматы болғаны үшін мақтаныш сезімін ұялатқан Елбасы өмірінің әр кезеңін үлгі-өнеге тұтатын жуалылықтар атынан аса зор қимастық сезіммен, Нұр-ағама ыстық ықыласпен, ақ көңілден, тоқ пейілден алғысымыз шексіз!
Анар Ахметова,
«Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары

 

* * *
Елбасымыз 19 наурыз күні сағат 19.00-де өз өкілеттігін тоқтату туралы шешімін халыққа жария етті. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл шешімі бір жағынан үлкен ерлік, көрегендік деп білемін. Халық бұл тарихи шешімге түсіністікпен қарайды деп есептеймін.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміз үшін үлкен қызмет атқарды. Бар күш-қуатымен еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Ең қиын кезеңде сара жол салып, сарабдал саясатын жүргізіп, елімізді бүкіл әлемге танытты.
Тәуелсіздік жылдары еліміздің басынан талай қиын да сындарлы оқиғалар өтті. Алайда, Елбасымыз соның барлығынан халықты аман-есен алып шықты. Біткен іске сын айту оңай. Бірақ Елбасы соның барлығын жүрегінен өткізіп, қаншама тебіренді, толғанды, өлшеусіз еңбек етті.
Еліміздің өркендеуі, халқымыздың алаңсыз өмір сүруі үшін еткен еңбегі зор. Жеткен жетістіктеріміз қаншама?! Оның барлығы халықтың көз алдында.
Әр қазақты «Менің Отаным – Қазақстан!» деп мақтанышпен айта алатындай жағдайға жеткізді.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлына шын жүректен мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.
Біз ардагерлер қауымы Астанаға Нұр-Сұлтан атауы берілуін толықтай қолдаймыз. Бұл қадам Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ерен еңбегін бағалау үшін жасалып отыр.
Естемес Аманбеков,
аудандық соғыс және
еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close