Basty bet
Жауапкершілікпен қарауымыз қажет!
Алдағы күз айларында тұтас бір мемлекеттің ішкі болмыс-бітімі, халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәт күтіп тұр. Олай дейтініміз, он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері осымен үшінші мәрте ұйымдастырылғалы отыр. Үш он жылдықта жеткен жетістігіміз болса, жіліктеп жіпке тізетін, кеткен есеміз болса, кері бұрылып кем-кетігін айқындап алатын сәт бұл.
Елімізде ұлттық халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Осыған байланысты санақты дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді ескере отырып, оны 2020 жылы өткізу туралы шешім қабылданды. Дегенмен еліміздегі коронавирустық инфекцияның таралуына және енгізілген шектеулі карантиндік шараларға байланысты кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Сонымен, биыл 2021 жылы қазан айында ұлттық санақ өткізілетін болады.
Жалпы, халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде халықтың демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпы ұлттық статистикалық сараптау саналғанымен, оның ауқымы әлдеқайда кең.
Себебі, санақтың қорытындысы есеп-қисап үшін ғана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындау, басқарушылық шешімдер шығару үшін қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында Ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерін анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын.
Аудандық статистика басқармасының басшысы Ерлан Тыныбековтың айтуынша, халық санағы ұлттық және өңірлік деңгейлерде, сондай-ақ әрбір елді мекен деңгейінде белгілі бір уақыт сәтіндегі жағдай бойынша респонденттер мен үй шаруашылығын сипаттайтын әлеуметтік-демографиялық, экономикалық, этно-мәдени және тұрғын үй белгілері бойынша көрсеткіштерді жинау, өңдеу, талдау және тарату процестерін қамтиды.
Санақтың мақсаты- демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша өңірлік, ұлттық және халықаралық деңгейлерде статистикалық деректерге пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған жиынтық алу болып табылады. Бұдан басқа санақ базасы кейінгі тақырыптың статистикалық зерттеулер үшін іріктеме базаларын жаңартудың дерек көзі болып табылады.
Елімізде халық санағын өткізу кезінде халық және тұрғын үй қоры санақтарын өткізу бойынша Еуропалық статистиктер конференциясы әзірлеген заманауи халық санағының принциптері сақталатын болады.
Халық санағы барысында санақ сәтіндегі тіркелу немесе орналасқан орнына қарамастан Қазақстанда тұратын барлық респондеттер есепке алынады.
Ауданымызда да ұлтымыз үшін маңызды болып табылатын кезеңге қызу дайындық жасалуда. Аудандық статистика басқармасы санақ өткізудің әр кезеңдері бойынша жұмыстар атқаруда. Ұлт санағы өткізілетін уақытта күн санап жақындап келеді. Оған әрбір қазақстандық азамат біркісідей атсалысуы керек. Өйткені, ол баршамыздың азаматтық борышымыз. Мамандардың есептен жаңылыспай, санақты дұрыс өткізуі үшін бұл науқанға жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»