El іshі

Оқуда озат, спортта саңлақ

Әрбір бала – ерекше құбылыс, құм арасында жатқан асыл тас іспетті. Тек сол асыл тасты жарыққа шығарып, саф алтынға айналдыру қажет. Барлық бала мақтауға да, мақтануға да лайық. Саналы жас өз жетістігін туған халқына, үміт артқан ата-анасына арнағысы келеді. Бойындағы күш пен жігерін, қабілетін арманға, мүделлі мақсатқа қарай бағыттайды. Міне, алға қарай талпынған, арманға жетер жастың осындай өмірлік позициясы айқын болуы шарт.

Осы ретте, еліміздегі дарынды, білім нәрімен сусындап, спортпен айналысып, өнерімен өрге жүзіп жүрген жас талаптарға арналған «Ұлы дала қырандары» атты кітап жарық көрді. Кітап Қызылорда қаласындағы «Education» баспа үйінен 408 бет болып шықты.
Бұл кітаптың мақсаты – оқуда үздік, дарынды, талантты, өнерлі жастарды қазақ еліне паш ету.
Кітапта республикамыздың түкпір-түкпіріндегі үздік оқушылар туралы мақала жазылған. Соның ішінде біздің жуалылық Ғани Таққожа да бар. Жас талап Ғани Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы. Бұл жаңалықты бізге Қарасаз ауылдық округі әкімі аппараты қуанышпен жеткізді.
Ғани Ғабитұлы 2011 жылы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Жас дарын 2014-2016 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке балабақшада тәрбиеленген. Ал, 2016 жылы А.Пушкин атындағы орта мектептің даярлық тобына барып, табалдырығын аттаған. Таланатты жас бұдан әрі 2017 жылдың қыркүйегінде аталған мектептің 1 сыныбына қабылданған. Бүгінде ол мектептің мерейін өсіріп, үздік оқушылардың қатарында келе жатқан белсенді жастардың қатарында.
Жас жеткіншектің арманы – Марк Андре Тер Штеген секілді атақты қақпашы болу. Ол туралы кітапта былай делінген: «Футбол ойынын жаны сүйетін жастың арманы оны осы кезден бастап аяқдопқа арманының аяқалысын жақындатқандай. Биіктерге көз тігіп, арман-мақсаты мен асыл мұратын осы жолға бұрған».
Ал, Ғани қазақ елінің футболы туралы өз пікірін былайша білдірген: «Бүгінде қазақ футболын осалдардың қатарынан көретіндер көп. Біздің толқын футболды сүйеді. Сол арқылы біз еліміздің спорт саласын легионерлерден тазартып, қарадомалақтар қарсыластарын шаң қаптыратынын дәлелдейміз. Менің кеудемде осындай арман бүр жарғалы қашан. Бұйыртса, футбол спортына кәсібиленіп, жеңіс тұғырынан көрінетімізге сенемін» дейді. Мұндай пікір білдірген ол өзінің ой ұшқырлығы мен өзіндің ой-пікірі бар екендігін көрсетеді. Лайым алға талпынып, асқақ арманы орындалатынан біз де сенім білдіреміз.
Ол ұлағат атанған алтын ұя отбасында тәрбиеленеді. Жеті жандық шаңырақта өмірлік ұстаздары атанған ата-анасы бала тәрбиесін басты орынға қоятын жандар. Ұлттың болашағына ұрпақ байланыстырған байыпты ата-ананың арманы да – ел келешегіне қызмет етер білікті маман, адал азамат қалыптастыру. Әкесі Ғабит және анасы Гүлдана Қожабаевтар балаларына үлгі болудың қамын жасауда. Ғанидың ізінен ерген екі інісі де өз қатарының алды. Қылықтарымен күлдіріп жүрген тәтті балақайлар.
Ғанидың оқуда озат болуымен қатар, жеткен жетістіктері де бар. Ол бастауыш сыныптың өзінде көптеген байқаулар мен дүбірлі додалардан дара шапты. Олимпиадаларда оқ бойы оза шауып, өзінің білімдарлығын танытып жүрген жайы бар. Ол 2018 жылы менталды ариметикадан республика көлемінде олимпиадаға қатысып, бас жүлдені иеленген. «Дарабоз» ІІІ республикалық байқауына қатысып «Көркем сөз» жанры бойынша өнер көрсеткен жас талант үздік үштікті түйіндеп, ІІІ орынға табан тіреді. Араға бір жыл салып, «BILGEN BAIGE» олимпиадасында бақ сынаған жастың еншісіне ІІ орын бұйырған. Бұдан өзге көптеген қашықтан ұйымдастырылатын олимпиадалардың жеңімпазы. Республикалық КИО олимпиадасының ІІ орын иегері.
Сонымен қатар, ол республикалық Sabaq.kz ұстаздарға арнаған танымдық-әдістемелік сайтының бастауыш сынып оқушылары арасында өткізген «Үздік бастауыш сынып оқушысы» қашықтық олимпиадасында да үздік көрінген. Ұлттық «BILGEN» зияткерлік олимпиадасы аясында ұйымдастырылған ІІ республикалық «Bilgen Oisana» олимпиадасында «Білге» номинациясының бас жүлде иегері атанған. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Кенгуру – математика барлығы үшін» халықаралық зияткерлік конкурсында І орынның биігін бағындырған. Әрине, бұл Ғанидың шыққан шыңдарының бір бөлігі ғана. Алда оны әлі талай алар асулар мен белестер күтіп тұр. Ол үшін оған еңбектеніп, ізденіп, білім мен ұмтылыс қажет.
Білім мен спортты қатар алып жүрген ол бос уақытында есеп шығарғанды ұнатады. Қолы қалт етсе, футбол көріп, әлем футболшыларының тәжірибелерін тамашалайды екен. Ерекше айла-тәсілдерді қызықтайды. Онысы «болашақта өзіме керек» болады дегені шығар. Сонымен бірге, бос уақытын атасына арнайды. Қолына балға ұстап, шеге қағуды білетін еңбекқор жас атасының қасында қолғабыс етер көмекшіге айналуда.

Айгүл Қалымханқызы, «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close