El іshі

Пилоттық жобаның пайдасы мол

Жамбыл облысында бастау алған аталған пилоттық жоба – мемлекеттік деңгейде қолдау тапқаны белгілі. Бұл жоба ауылдағы әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Осыдан екі жыл бұрын өңірді өркендетудің тиімді тетіктері қарастырылып, баянды бастама қолға алынған болатын. Жаңа жобаның басты шарты – қолдау білдіре отырып, жеке қосалқы шаруашылықтарды тиімді табыс көзіне айналдыру, дамыту болып отыр. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімін еселеп көтеру, қайта өңдеуді дамыту, импортты алмастыру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықпен тиімді күресу, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайту, жалпы ауылдың әл-ауқатын көтеруге жол ашылмақ. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасына біздің ауданнан Ақтөбе ауылдық округі таңдалып алынып, бүгінде бұл жобаға округтегі төрт елді мекеннің тұрғындары белсенді қатысуда.
Ауылдық округтің әкімі аппараты мамандарының мәліметінше, аталған жоба бойынша қарастырылған бес бағытқа жалпы құны 723 миллион теңгеден астам несие қаражаты беріліп, толық игерілді. Одан бөлек, «Тараз» МҚҰ» ЖШС арқылы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің айналым қаражаты мен ауыл шаруашылығы техникаларына 93 млн. 863 мың теңге несие қаражаты 5%-пен қаржыландырылған.
Пилоттық жобаның бес бағыттан тұратынын ескерсек, бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша биыл 444 ауланың үй іргесіндегі 68 гектар жерге жеміс-көкөніс және бақша дақылдарын егу жоспарланып, ерте көктемнен бері бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүруде. Ал жеке қосалқы шаруашылықтардың үй іргесіндегі жерлерін жоғары рентабельдік дақылдармен игеру бойынша айтатын болсақ, төрт гектарға қияр, картоп 30 га, жүгері екі га, қырыққабат бір га, ал 10 гектар алқапқа көпжылдық шөп егілген.
Соңғы есепке сүйенсек, мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алуға, барлығы 2347 мал басын алуға 559 миллион теңге қарастырылып, осыншама қаржыға 2347 бас мал сатып алынды. Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерлерін тиімді пайдалану үшін ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстары барысында 350 гектарға, оның ішінде, бидай -150 га, арпа – 150 га, жүгері – 50 га және бес гектар жерге таңқурай егілген.
Бүгінгі күнге ауданда конкурсқа Ақтөбе ауылдық округінде құрылған «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тарапынан ауыл шаруашылығы жерлеріне сұраныс берілмеген екен.
Ал пилоттық жобаның бесінші бағытында көзделген жеке кәсібін ашу жұмыстары бойынша бір ауыл тұрғыны 4 млн. 760 мың теңге қаражат алып, нәтижесінде кондитерлік цех іске қосылды. Бұл бағыт бойынша үш бірдей ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Қазіргі таңда кондитер цехы 4,7 тонна өнім өндірген. Пилоттық жоба бойынша 0,3 соттық жерге жылыжай құрылысына 11,8 млн. теңге несие қаражаты беріліп, жылыжай салу жұмыстары жүргізілуде.
Әлбетте, Ақтөбе ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясындағы жұмыстарды, кооператив мүшелерінің тыныс-тіршілігі, ондағы табыстар мен проблемалар жөнінде бұған дейін газетімізде ұдайы жазып тұрдық. Әрине, бұдан кейін де бұл тақырып біздің тілшілердің назарынан тыс қалмайды.
Сәтін салса, биыл аталған жоба аясындағы жұмыстар Ақсай ауылдық округінде жүзеге асырылмақшы. Бұл жөнінде апта басында Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылында болған жиында мәлім болды. Онда «Жамбыл облысындағы пилоттық округ тұрғындарының табысын жақсарту жобасы» бойынша қаржыландыру тақырыбындағы басқосуға пилоттық жобаға қатысуға ниет білдірген округ тұрғындары көптеп жиналды.
Алдын ала мәлім болғандай, бұған дейін Ақсай ауылдық округінде пилоттық жоба аясында атқарылатын жұмыстар пысықталып, тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізілген. Соның нәтижесінде, бұл бағытта ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, ұжымға әзірге 130 тұрғын мүше болып қабылданған. Ұжым мүшелері АШӨК-нің атқарушы директорлығына ауыл тұрғыны, іскер азамат Дидар Кенжебековтың кандидатурасын ұсынып отыр.
Ауыл шаруашылығын өркендету арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаның мән-маңызын түсіндіруге арналған жиынды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов ашып, тұрғындарға жалпылама түсінік берді.
Келесі кезекте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов сөйлеп, ол өз сөзінде, пилоттық жоба аясында жыл соңына дейін Ақсай ауылдық округіне 300 миллионнан астам қаражат бағытталғалы отырғанын айтып, сонымен қоса, жобаның басым бағыттарына да кеңінен тоқталды.
-Пилоттық жоба аясындағы жұмыстар бес бағытта жүзеге асады деп күтілуде. Оның ішінде, мал өсіру бағыты маңызға ие болады. Атап айтқанда, сауынды сиырға басымдық беріледі. Соның есебінен сүтті молайтып, аудандағы шағын сүт өңдеу цехтарының жүктелімін көтеруге, сондай-ақ, кооператив жанынан да шағын сүт өңдеу цехын ашуға мүмкіндік беріліп отыр. Ең бастысы, ауыл тұрғындары алдымен мынаны түсінгендері дұрыс. Бұл Ақтөбе ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның заңды жалғасы. Ақсай ауылдық округіне бағытталатын қаражат та сондағы несиелердің қайтарылымынан жиналған қаржылар. Сондықтан жобаға барынша мән беріп қараңыздар,- деді ол.
Сонымен қатар, жиын барысында пилоттық жобаны басты қаржыландырушы мекеме «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Ақтанәлі Исмайл жобаның басты мақсат-міндеттері жөнінде әңгіме қозғап, мұндағы басты мақсат тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталып отырғанын баса айтты.
Сондай-ақ, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Ғабит Әзімхан, жобаны қаржыландырудың бағыттары мен қаржыландырудың негізгі талаптары жөнінде слайд арқылы түсіндірме баяндамасын жасады. Ал корпорацияның жобалар мониторингі департаментінің директоры Жұлдыз Бужукова несиенің мақсатты пайдалануын растайтын құжаттар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кету керек, жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындар ең алдымен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше болып қабылданып, мемлекеттік кірістер басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелулері қажет. Мал сатып алуға бес жыл мерзімге бес миллион теңгеге дейін несие берілмек. Корпорация өкілдері мәлімдегендей, орта есеппен ірі қара сатып алуға 370 мың теңге, қойға 50 мың, 12 айдан асқан бұқашықтарды сатып алуға 250 мың, сондай-ақ, жылқы малын алуға 400 мың теңге есептелген. Алынған несиенің 20 проценті жем-шөп сатып алуға жұмсалуы қажет.
Жиында жобаға қатысушы тұрғындар тақырып төңірегінде өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған тиісті мамандар тыңғылықты жауаптар берді. Қазіргі таңда жобаға қатысушы Ақсай ауылдық округінің тұрғындары құжат жинау, оның ішінде, несие алу үшін кепілдікке қойылатын мүліктерін заңдастыру жұмыстарымен айналысуда. Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов, жобаға қатысты сұрақтарға жауап беретін, сонымен қатар, құжаттар жинауға жауапты маманның тағайындалғанын жеткізді. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары округтің әкімшілігімен тығыз байланыста болып, құжаттарын рәсімдеуге құқықтық көмек алатын болады.
Пилоттық жобаның бағыттары аясында мал шаруашылығынан бөлек, ауылдық округте 10 шағын құс фермасы, жылыжайлар, екі сүт өндеу цехы, жем шығаратын цех, балық шаруашылығына байланысты екі нысан, жылжымалы техникалар жөндеу цехы, тағы басқа шағын кәсіпкерлік нысандары ашылады деп күтілуде. Ендеше, іске сәт!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close