Qoǵam
Қоғамдық қабылдау тобы – Қарасаз ауылында
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деп атап көрсетілгені белгілі. Осы орайда былтыр Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен облыс көлемінде қолға алынып, ауыл тұрғындарының, сонымен қатар, жергілікті жердегі түйінді мәселелерді шешуге атсалысуды көздеген көшпелі қоғамдық қабылдау тобы аптаның бейсенбісі күні Қарасаз ауылдық округіне барды. Айта кету керек, қоғамдық қабылдау тобының құрамы аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандарынан жасақталған.
Қоғамдық көшпелі қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, сонымен қатар, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылары мен жауапты мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Қарасаз ауылдық округінің орталығы Қарасаз ауылындағы мәдениет үйінің ауласында болған қабылдауға келген тұрғындардың қарасы мол болды. Байқағанымыздай, округ тұрғындарын ең бірінші кезекте мал жайылымы, тиісінше, ауыл маңындағы бес шақырым радиустағы ортақ пайдаланыста болуға тиіс жерлерді қайтару, сонымен қатар, көше жолдарын орта жөндеуден өткізу және көшелерді жарықтандыру сияқты маңызды мәселелер толғандырады екен.
Айта кету керек, қазіргі таңда округтің орталығы саналатын Қарасаз ауылында Бірлік көшесі мен үш тұйыққа ғана жарықтандыру жүргізілген. Оны өзі де мардымсыз. Жарық бірде жанса, бірде жанбайды. Одан бөлек, ауылдың Бейбітшілік, Ы.Алтынсарин, Жамбыл, Абай, Нұрлыжол, Гагарин көшелерінің біреуінде де жарықтандыру жүргізілмеген. 2021 жылы Ы.Алтынсарин, Нұрлыжол, Абай көшелері орта жөндеуден өтеді деп жоспарланғанымен, тиісінше, бұл бағыттағы жұмыстар атқарылмай отыр. Оның себебін, ауыл тұрғындары жол жөндеуге бөлінген қаражаттың басқа ауылдық округке ауызсу құбырларын тарту жұмыстарына бағытталғанын айтады. Иә, бұл жөнінде ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов және ауыл тұрғыны, зейнеткер Айгүл Омарова бізге егжей-тегжейлі айтып берді. Жол жөндеу және жарықтандыру туралы қойылған сұрақтарға аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров жауап берді.
Көшпелі қоғамдық қабылдау барысында Ақбастау ауылындағы «Нұрел» шаруа қожалығының басшысы Асанбек Борашев минералды тыңайтқыш алудың жолдарын сұрап, ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі С.Нұрлыбаевқа қайырылса, округтің басқа да тұрғындары халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарына жұмыспен қамту, қайтарымсыз грант алудың жолдары, қоғамдық жұмысқа орналасу туралы сұрақтарына жауаптар алып тарқасты.Одан бөлек, тұрғындар тарапынан үй құжаттарын заңдастыруға көмек сұралып, интернет мәселелері көтерілді.
Нұржан Дербісалиев,
«Жаңа өмір»