Basty bet

Шілде келді, судан береке кетті …

аудан орталығының үстіңгі бөлігіндегі көшелер ауыз судан қағылып отыр

Бауыржан Момышұлы ауылының жапсарлас жатқан Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылымен шектесетін шеткері бөлігіндегі отызға тарта ауласы бар Қайрат Рысқұлбеков көшесі 2011 жылы көшелерге ауыз су құбыры жүргізілгенде, «жобада көрсетілмеген» деген сылтаумен орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылмай, сырт қалып қойған.
Көше тұрғындары содан бері ауданның тиісті атқарушы органдары мен ауыл билігіне арызданып жүріп, тек өткен жылдың күзінде ғана ауыз суға қол жеткізген. Осы сәтті талай жылдан бері асыға күткен аула иелері жапатармағай ұмтылып, өз қаржысына тиісті құжаттарды рәсімдеп, үйлеріне кіргізіп алуға кіріскен. Содан қыс, көктем бойына ауыз су тұрақты беріліп келді.
Алайда, жаз басталғалы бері бұл төңіректегі көшелерге ауыз су үздік-созық беріліп келді де, енді міне, шілде айы басталғалы Көлбастау ауылындағы Бейімбет Майлин, Бауыржан Момышұлы, Ақсай, Қайрат Рысқұлбеков, Бауыржан Момышұлы ауылының үстіңгі бөлігінде орналасқан Қайрат Рысқұлбеков, Желтоқсан, Тәуелсіздік, Амангелді Иманов және т.б. көшелерге су беру тоқтады.
Көлбастау ауылындағы Бейімбет Майлин көшесінің орта тұсындағы тұрғындардың айтуына қарағанда, бұл маңдағы үйлер осы тұста орнатылған арканың арқасында ауыз суға қол жеткізіп отыр, ал төменгі үйлерге су жетпейді екен. Осы көшемен қанаттас Бауыржан Момышұлы, Ақсай көшелерінде де жағдай осындай, мұнда да су көптен бері жоқ. Жылда дәл осы мезгілде қайталанып отыратын бұл құбылысқа тұрғындардың еті әбден үйреніп кеткен, қайда шағымдансаң да, оңды нәтиже болмайтынын жақсы түсінеді. Жүйкесін жұқартқысы, уақытын шығындағысы келмей, ақырын күтеді.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы Қайрат Рысқұлбеков көшесінің тұрғындары Мұхтар Андасбаев пен Арыстан Нартбаев көшеге құбыр тартылғанға дейін ауыз суды сырттан тасып ішіпті. Көшеге су келгенде қуана жүріп, алғашқылардың бірі болып аулаларына су кіргізген. Тұрғындардың көбісі «тіршілік нәріне енді қолымыз жетті» деп жүргенде, су берудің кенеттен тоқтағанына алаңдаулы. Ал Желтоқсан көшесінің тұрғыны Владимир Ершов «көшедегі ауыз су құбырына ешуақытта сенбеймін, сондықтан шаруашылық мұқтажына қажетті су алу үшін құдыққа сорғы орнатып алғанмын, ал ішетін суды көлікпен артезианнан тасып отырмын» дейді. Әрі көше тұрғындарының көбісінің осы тәсілге жүгінетінін айтып отыр.
Сонда қалай болғаны? Мемлекет басшысы таяудағы екі-үш жылда Қазақстанның барлық өңірлеріне таза ауыз су жеткізуді міндет етіп тапсырып отырғанда, қолданыстағы су құбырынан су ақпауын немен түсіндіреміз? Жұрт жылдап сарыла күтіп, қол жеткізген ауыз су неге іркіліспен беріледі?
Мұндайда ауданда «тұрғындарға ауыз су жеткізіп беруге жауапты «Жуалы су» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қайда қарап отыр?» деген заңды сауал туындайды. Біз тұрғындардың шағымын арқалап, аталған мекеменің басшысы Қуанышбек Болысбаевтан мәселенің мән-жайын сұрадық.
– Аталған көшелерде ауыз су беруде іркілістің болып жатқаны жасырын емес. Жалпы алғанда, су саласының мамандары шіліңгір шілде мен шыңылтыр аязды қаңтар айларында судың өз деңгейінен біршама төмендейтінін дәлелдеген. Аудан орталығының оңтүстік бөлігі мен жапсарлас елді мекендердің көшелеріне ауыз су Қайрат ауылының үстіңгі жағында орнатылған «Оңтүстік» су мұнарасынан жеткізіледі. Мұндағы екі ұңғыма суды ең терең дегенде 60 метрден тартып шығаруға шақталған.
Дәл қазіргі жағдайда тоғандағы болжамды су деңгейінің едәуір төмендеп кетуі салдарынан су сорғыларға ілінбей жатыр. Тағы бір айтатын жайт, судың жетпеуінде адам факторы да орын алып отырғаны. Ағын су жүйелері болмағандықтан, тұрғындар ауыз суды күндіз-түні бақшасын суғаруға пайдалануда. Біздің мамандар ондай жағдаймен күнбе-күн ұшырасып отыр. Дегенмен, қол қусырып, қарап отырмай, аталған көшелерге су беру үшін қосымша көздерді қарастырудамыз. Мекеменің күшімен төңіректе орналасқан барлық артезиандар мен ұңғымаларды іске қосып, магистралды су арналарына бұрып жатырмыз. Нәтижесі таяу күндері болып қалар, – дейді мекеме басшысы.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close