Basty bet
Ардагерлерді “Құрметті азаматтар” аллеясының жайы алаңдатады
Редакцияға ауданымыздың Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы және облыстың Құрметті ардагері Жарас Мұратай ақсақал хабарласып, аудан орталығындағы, яғни Бауыржан Момышұлы ауылының кіреберісіндегі Жуалы ауданының “Құрметті азаматтары” аллеясына күтім қажеттігі туралы өтінішін жеткізді. Ардагер бұл мәселені жақында өткен аудандық ардагерлер кеңесінің пленумында да көтерген болатын. Ардагер көтерген мәселесі ескерусіз қала ма деп алаңдаулы.
Естеріңізде болса, бұл мәселе туралы аудандық газеттің үстіміздегі жылдың 25 мамыр күнгі №36 санында журналист Нұржан Манасұлы “Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды…” деген тақырыпта мақала жазған болатын. Алайда бұл мәселеге ешкім жауап берген жоқ. Ондағы жағдайда да жақсы жағына өзгермеді.
Газет бетіне шыққан тұрғындардың өтініш-тілектеріне,маңызды мәселелерге жауапты мекемелердің жауап бермеуі мекеме басшысының өзінің қызметіне деген немқұрайдылығы деп есептейміз.
Ауданымыздағы құрметті ардагерлердің бірі Ерошенко Александра Степановна да ардагерлер арасындағы бір әңгімесінде былай деген екен:
-Үйге алыстан қонақтар келді. Кешкісін серуендеп қайтуға қонақтарды аудандағы “Құрметті азаматтар” аллеясына ертіп бардым. Қонақтарға бұл аллея ұнады. Алайда осындай дүниенің қараусыз қалғандай күй кешіп тұрғаны мені қатты ұялтса, қонақтарды қынжылтты.
Аллеяда небір сәндік ағаштар егілген. Бір шеті жайқалып өсіп тұр. Ал бір жағы қурап кеткен. Баспалдақтармен жүру мүмкін емес, бәрі сынып жатыр. “Құрметті азаматтар” тақтасының айналасындағы плиталар да сынып, ойылып, көзге оғаш көрініп тұр. “Неге дайын дүниені қарап, күтіп, қадірін білмейміз?” деген өкінішті оймен қайттық.
Ардагердің өтінішінен кейін аллеядағы бүгінгі жағдайды тағы бір көзбен көріп қайтуға арнайы бардық.
Өзін Едігемін деп таныстырған ер кісі гүлдерді суғарып отыр екен. Ол кісіні әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, екі айдай осы жерде суғару жұмыстарымен айналысыпты. Қазір қоғамдық жұмыстың мерзімі аяқталыпты. Алайда, бұл жерде жұмыс істеп жүрген қарындасы бір мәселелерімен жұмысқа келе алмағандықтан, соның орына жұмысқа келген екен.
-Дәл қазір бұл жерде екі құдық қана жұмыс істеп тұр. Мен оның біреуінің суы жеткен жерге дейін суғарамын. Яғни, ауданның Құрметті азаматтарының есімі жазылған тақтаның жанындағы гүлзарларды және суы жеткен жерлердің ағаштарын суғарамын. Арғы жақта тағы бір құдық бар. Онда да су бар. Дәл қазір ағып тұр. Алайда онымен жүйелі суғаратын адам жоқ. Жұмысшы жетіспейді дейді.
Мұнда орнатылған құдықтардың барлығы жұмыс істеп тұрғанда ағаштар толық суғарылатын. Қазір көбі істен шығып қалған. Яғни, моторлары күйіп кеткен. Оны басшыларға қанша рет айттық. Алайда, өкінішке орай әлі жөнделмей тұр. Салдарынан су ішпеген ағаштар шетінен қурап жатыр,- дейді.
Тақталардан сәл төменіректе тағы бір әйел кісі брусчаткалардың арасындағы шөптерді жұлып отыр.
Жалпы бұл арадағы көрініс көңіл құлазытады. Гүлдердің арасындағы арамшөптер гүлдерден ұзын болып өсіп тұр. Брусчатка төселген жерлердің кей жерлерінің шөбі тым қатты өсіп кеткен.
Плитасы құлап жатқан жерлер өте көп.
Жоғарғы жағындағы Қозы көрпеш-Баян сұлу ескерткішінің айналасында да екі-үш қоғамдық жұмысшы жүр. Олар ескерткіштің аумағындағы гүлзарлар мен шыршаларды күнделікті шетінен суғарамыз дейді. Бір-екі жігіт ескерткіштің айналасындағы бұзылған жерлерін жөндеп жүр екен.
Жарас Мұратайұлының көтерген мәселесі туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбековтен сұрадық. Естемес Аманбекұлы аудан әкіміне пленумда көтерілген барлық мәселелерді хатқа тізіп жазып жолдағанын, енді әрі қарай бұл мәселемен аудан әкімінің тапсырмасына қарай жауапты мекемелер айналысуы керектігін жеткізді.
Мәселенің мән-жайын білу үшін “Жасыл Жуалы” мекемесіне хабарластық. Мекемедегі мамандар “Құрметті азаматтар” аллеясы бұған дейін аудандағы “Жасыл Жуалы” мекемесінің балансында болғанын, ендігі жерде ауылдық әкімдікке беріліп жатқанын айтты.
Ал, бұл мәселеге Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Марат Қасымбеков былай деп жауап берді:
-Аллея ауылдық әкімдіктің балансына беріліп жатыр. Қазіргі таңда аллеяны жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Оның ішінде ондағы плиталарды ауыстыру, жарықтарын жөндеу, су жүйесін, яғни құдықтарын жөндеу, тамшылатып суғару технологиясын орнату мәселелері қамтылады.
Жобалық-сметалық құжат дайын болған соң, келесі жылдың бюджетіне сұраныс жасалып, қаржы қарастырылса, толық жөнделетін болады,- дейді ауыл әкімі.
Көтерілген мәселе – барша тұрғындардың тілегі. Аллея жөнделіп, күтімі қолға алынса, аудандағы ең көрікті жерлердің бірі болмақ. Қазірдің өзінде шырша, аққайың, түрлі сәндік ағаштар бой көтеріп, құлпырып тұр.
Қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталғанға дейін мұндағы арамшөптер жұлынып, бар мүмкіндікті пайдаланып суғару керек. Ол жерге қосымша жұмыс күші де қажет сияқты. Ауыл әкімі осы мәселелерді ескерсе.
Тұрғындардың тілегі – бұл іс аяқсыз қалмай, қолға алынып, сапалы жөнделсе.
Жалпы, аллеядағы мәселе зиялы қауымның бақылауында болады.
Іске тек сәттілік тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»