Basty bet

Екпе қабылдап, сақтық шараларын қатаң сақтаңыздар!

Денсаулық – табиғаттың ең қымбат сыйы.Күнделікті деніміз сау болғанда, денсаулықтың қадірін біле бермейміз. Сол себепті денсаулықты сақтаған жөн. Өйткені «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» әлдеқайда оңай әрі тиімді.
Осы ретте, елімізді әбігерге салған аты жаман індетпен күресте оны жеңудің тиімді жолы екпе алу болып отырғаны баршамызға белгілі. Біз отбасымызбен өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарап, сәуір айында ресейлік Спутник-V вакцинасының І кезеңін өткен болатынбыз. Содан кейін мамыр айында ІІ кезеңін қабылдап, толық екпе қабылдаған адамдардың қатарынан табылдық.
Дәрігерлер денсаулығымызды тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп барып, екпе салды. Екпе алған соң дәрігерлердің бақылауында болдық. Бізде екпенің ешқандай кері әсері байқалмады.
Жолдасым Мұхтар 67 жаста болса, мен 66 жастамын. Біз жасымыз 65-тен асса да екпе қабылдауға бел будық. Өйткені, денсаулығымызға әрі жақындарымызға алаңдадық. Содан жақында ғана жолдасым екеуміз ауырып, алғашында бес күн үйде суық тиген шығар деп ем қабылдадық. Дегенмен жағдайымыз жақсармай, дәрігерді үйге шақырдық. Медицина қызметкерлері бізді компьютерлік томографиялық тексерістен өтуге Тараз қаласына жіберді. Нәтижесінде менің өкпем 44 пайыз, отағасының өкпесі 16 пайызға зақымданған екен.
Содан екеумізді бір күнде ауруханаға жатқызып, дәрігерлер бірден ем-домдық шараларына кірісті. Алғашында қызыл аймақта жатып, жағдайымыз жақсарған соң жасыл аймаққа ауыстырды. Біздің жағдайымыз сегіз күнде жақсарып, ауруханадан үйге шығарды. 14 күн карантинде болдық. Шүкір, қазіргі таңда жағдайымыз жақсы. Дәрігерлер мен мейірбикелерге үлкен рақметімізді айтамыз. Жылы сөз айтып, уақтылы емдік шараларын жасап тұрды. Ең бастысы, рухымызды көтеріп жігерлендіруді ұмытпады.
Мамандардың айтуынша, екеуміздің тез жазылуымызға екпе алуымыздың да әсері болыпты. Ауруханада дәрігерлер «Екпе қабылдағандарыңыз жақсы болыпты. Соның салдарынан сіздер аурудың жеңіл түрімен ауырып, ертерек жазылып шықтыңыздар. Өкпенің одан әрі зақымданбауына екпенің де пайдасы болды» деген еді. Міне, бұл уақытқа дейін «екпе қабылдаған адамдар да ауруы мүмкін. Ол кезде ауру жеңілінен өтеді» деген дәрігерлердің сөзінің жаны бар екендігіне көзіміз жетті.
Құрметті көпшілік, екпе туралы алып-қашпа әңгімелерге, қауесеттерге сенбей, екпе қабылдауға кеңес беремін. Екпе қабылдаған соң да сақтанып, карантин талаптарын орындаған жөн. Індетті толық жеңеміз десек, екпе қабылдап, сақтық шараларын қатаң сақтайық! Өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін ұмытпайық, ағайын!
Күлімхан Дербісалиева,
зейнеткер.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close