Sport

«Жуалы-Арлан» аралас жекпе-жек клубының жетістіктері

Аралас жекпе-жектен Азия чемпионы Азат Шыңғазы былтыр аудан орталығынан «Жуалы Арлан» аралас жекпе-жек клубын ашқан болатын. Ондағы мақсаты – аудандағы жасөспірімдерді осы спорт түріне баулу. Азат бұған дейін Алматыда, Тараз қаласында жаттығып, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Былтыр ауылға келе салысымен жолдасы Анжела екеуі ақылдаса келіп, осы істі қолға алды.
-Клуб алғаш ашылғанда он-ақ бала жиналды. Бірақ, біз оған алаңдаған жоқпыз. Он баланы жаттықтырып, жарыстарға қатыстырдық. Олар жақсы нәтиже көрсете бастаған соң, бір-бірінен естіген балалар келе бастады. Қазір 50-60 шәкіртіміз бар. Клуб жекеменшік болғандықтан ақылы. Ақысы қатысушылардың жасына қарай 3000-нан 4500 теңгенің аралығында. Алдағы уақытта үкіметке өтетін болса, әрине тегін болады.
Келушілердің жасы бес жастан басталады. Ең үлкені – 56 жаста. Яғни, қатысушылардың жасына шектеу жоқ. Әрине, дені жастар. Қатысушылар тек қана ұлдар емес, қыздар да бар.
Жаттығу залында сегіз бұрышты ринг бар. Оны өзіміз құрастырдық. Бағлан Данияров деген азамат қол ұшын берді. Сонымен бірге татами бар. Ал, кикбокс рингін облыстық кикбокс федерациясы халықаралық жарыста жақсы нәтиже көрсеткеніміз үшін берген болатын. Бізге әлі көп құралдар керек. Алты ай бұрын залымыздың бір бұрышынан үкімет есебінен кикбокс үйірмесі ашылған.
Клуб шәкірттерінің осы аз ғана уақытта жеткен жетістіктері өте көп. Соңғысын айтқанның өзінде, Таразда өткен жекпе-жектен Қазақстан чемпионатында Нұржан Жаңабаев ІІ орынды иеленді. Панкратионнан Қазақстан чемпионатына іріктеуге 28 спортшы қатысып, барлығы жүлделі орындарды иеленді. Араше каратэден республикалық турнирден Нұрғиса Анарбек пен Нұрғазы Шыңғазы І орынды жеңіп алды.
Грэпплингтен Қазақстан чемпионатына іріктеуден Шервани Абдуллаев, Рауан Аярбек, Кадр Сулеев, Ұлан Шәріпбекұлы І орынды иеленсе, Абай Әлжаппар, Нұркелді Темірбеков ІІ орынды жеңіп алды. Бұл жарыста тағы да басқа жеңімпаз спортшыларымыз болды. Айта берсем, талантты, еңбекқор спортшыларымыз өте көп,- дейді Азат.
Азаттың жұбайы Анжела Исмаилова облыстық Грэпплинг федерациясының президенті. Жақында спортсүйер ерлі-зайыптылар Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде ересектер, әйелдер, ардагерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатын ұйымдастырды. Әлемдік чемпионатқа іріктеу ретінде жасалған жарысқа еліміздің 17 аймағынан 500-ден аса спортшы қатысты. Жарыста Астанадан Грэпплинг Ассоциациясының Президенті Қанат Төлеубекұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жолдасбек, тағы да басқа спорт жанашырлары болды.
-Облыстық спорт басқарамасы, «Тараз-Арена» спорт кешенінің директоры Нұрлан Саурықов үлкен қолдау көрсетті. Сонымен бірге Тараз қаласынан «Амор» сұлулық салонының иесі Құндыз Асқарқызы, жеке кәсіпкерлер Құралай Шупенова, Мөлдір Жаншураева, Жуалыдан «Алтынбөбек» ЖШС директоры Қайрат Жұмашев қаржылай көмек көрсетті. Аталған азаматтарға өзіміздің және спортшылардың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз.
Жарыс өз деңгейінде өтті. Барлығы ризашылығын білдірді. Жарыста І орынды иеленген спортшылар әлемдік чемпионатқа жолдама алса, ІІ орын иеленген спортшылар Азия чемпионатына жолдама алды. Жуалыдан ардагерлер арасында Нұркелді Темірбеков І орын, әйелдер арасында Айжан Әбдіқадір, ересектер арасында Кадр Сулеев І орынды жеңіп алды. Ал, Шервани Абдуллаев ІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар алда қыркүйек айында Астанада өтетін әлем чемпионатында, сәуір айында Қытайда өтетін Азия чемпионатында Жамбыл облысының атынан қатысатын болады.
Аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлы осы жарыстан кейін бізді қабылдап, ризашылығын білдірді. Енді Алла қаласа аудан әкімі аппаратының қолдауымен әлемдік чемпионатқа дайындықты ауданда өткізсек деп жоспарлаудамыз,- дейді Анжела Исмаилова.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close