El іshі
Қазақ баспасөзіне деген көзқарас – қазақ руханиятына деген көзқарас
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында «AULIEATA-MEDIA» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері жуалылықтармен кездесу өткізді.
Жиынға ауылдық округ әкімдері мен бірқатар бөлім басшылары және ардагерлер қатысты.
Кездесуді аудан әкімі Олжас Қаржауов жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз кезегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің Бас директоры Нұрбек Бекенге берілді. Нұрбек Бекен ЖШС-нің құрамындағы облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «Arai» жастар газеті жайлы айта келіп, алдағы жылы 100 жылдығын атап өткелі отырған облыстың бас басылымы «Aq jol» газетінде қызмет еткен атақты ақын-жазушы, белгілі журналистер, жалпы басылымның орны мен рөлі жайлы әңгімеледі.
Ал, газеттің Бас редакторы журналист Оралхан Дәуіт қасиетті Жуалы жері топырағынан түлеп ұшқан Батырларымен, генералдарымен ғана емес, журналистерімен де ерекшеленетіні туралы айта келіп, жуалылықтарды облыстық басылымға жазылуға шақырды. Сонымен бірге газетке жазылған мұғалімдер мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне жеңілдіктер барын айта кетті. Яғни, газетке жазылғандығы туралы түбіртекпен келген оқырманның жұмысы жайлы мақаласы бір рет тегін берілетіндігін айтты.
Келесі сөз кезегін алған аудандық «Jana omir-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Директоры Әбдікерім Уркумбаев көпшілікті облыстық, аудандық басылымға жазылуда белсенділік танытуға шақырды.
Ал, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев газетке жазылған оқырмандар газетті уақтылы алып оқи алмай отырғанын, ауыл-ауылды айтпағанның өзінде аудан орталығындағы кейбір көшелерге газет уақтылы жеткізілмейтінін, бұл мәселе тұрғындардың газетке жазылуына үлкен кедергі болып тұрғанын айтып, газет басшысы осы мәселеге мән беру қажеттігін ескертті.
Шындығында жылдан-жылға газет-журналдарға жазылу төмендеп барады. Бұл дегеніміз – халықтың жағдайының төмендеп бара жатқандығының белгісі емес, бұл – рухани аш бола тұра рухани дүниеге көңіл бөлмейтінінің белгісі.
Газет-журналды оқып, пайдасын көрмеген кез келген адам газет-журналды керек емес дүние деп есептейді. Бұл дұрыс көзқарас емес.
Көп адам ішкі рухани сұранысын интернет арқылы қамтамасыз етемін деп ойлайды. Бірақ интернеттің пайдасынан зияны көп. Оның салдарын қазірдің өзінде көріп жүрміз.
Жылына 10-15 мың теңгеге газет-журналдарға жазылуға қиналатын адамды байқасаңыз, түрлі ойын-сауыққа, сұлулық салонына, кафеге одан көп ақшасын шашуға қиналмайды.
Адамға тамақ, киім, басқа дүние қандай қажет болса, газет-журнал, кітап та соншалық керек.
Қазақ баспасөзіне деген көзқарас сайып келгенде, қазақ руханиятына деген көзқарас. Сондықтан ұл-қызының келешегін, ұлттың келешегін ойлайтын ата-ана, басшы, азамат бұл мәселеге жете мән беруі керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – барша жуалылықтарды жазылым науқанын пайдаланып, өзіне қажетті, сүйікті басылымдарына жазылуға шақырамыз!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»