Basty bet
Жайылымдар мен суғармалы алқаптарды ұлғайту қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жер қатынастары саласында алда атқарылатын міндеттерге де жете көңіл бөлінген. «Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған.
Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет» делінген жылдың бас құжатында.
Осы ретте біз өңірдегі жер қатынастары саласында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімініңбасшысы Қадырхан Жарасұлынан сұрап білген едік.
– Қадырхан Жарасұлы, алдымен мекеменің атқаратын функционалдық міндеттеріне тоқталсаңыз.
– Өңірде жер қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жүктелген. Жуалы ауданы жерінің жалпы көлемі 413 698 га., оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер 216 334 га. Мұның егістігі 95 447 га., суармалысы 8 460 га. және жайылымы 114 559 га., шабындығы 2046 га. құрайды.
Бұлардан басқа, жер санаттары бойынша елді-мекендерде 32551 га., өнеркәсіп, көлік, байланыс және ауылшаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер 4 383,8 га., орман қоры 103 861 га., ерекше қорғалатын аймақтардың жерлері 10 633 га., су қоры 8 614,7 га., қосалқы жерлер 37 321 га. құрайды.
Бүгінгі күнге ауылшаруашылығы өндірісін жүргізіп жатқан 2 372 шаруа қожалығының жер көлемі 183 990,0 га., оның ішінде егістігі 88 090,0 га., 4 өндірістік кооперативтері жер көлемі 10 087,0 га., 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 2 ауылдық тұтыну кооперативтері және 2 әртүрлі тұлғалар жер көлемі 12 761,0 га., оның ішінде егістігі 4 622,0 га.
Жуалы ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының 10 түрі бойынша қызмет көрсетеді. Соның ішінде:«Жер телімін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бойынша – 581, «Жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бойынша – 26; «Іздестіру жұмыстарына рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бойынша –16; «Ауылшаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бойынша- 3 өтініш келіп түскен.
Бұл қызметтерді көрсету бойынша жалпы 626 өтініш түсіп, қанағаттандырылды.
Бөлімде бүгінгі күні үш мемлекеттік қызметкер, екі инспектор қызмет қызмет атқаруда. Мұнда қызметкерлердің басым бөлігін саланың ерекшеліктерін білетін, ыстық-суығына төселген, тәжірибе жинақтаған, білікті мамандар құрайды.
– Аудан әкімдігі жанындағы жер комиссиясының жұмысы тұрғындардың жиі сынына ұшырап жатады. Жалпы бұл комиссия немен айналысады, шешім қабылдау кезінде нені басшылыққа алады және шешімдері қаншалықты әділ әрі өміршең?
– Ауданда жер қатынастары саласында қордаланған мәселелерді қарау және тиісті шешім қабылдау мақсатында аудан әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясы тұрақты жұмыс істейді.
Жер комиссиясы ҚР 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 43-бабына сәйкес құрылған. Яғни, жер комиссиясының төрағасы болып әкімнің жер мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары тағайындалады. Сонымен қатар, жергілікті өкілді органның депутаттары, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері, қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.
Ағымдағы кезеңде аудандық жер комиссиясының құрамы қайта бекітіліп, отырысы аптаның бейсенбі күндері өткізіліп, онда жерге қатысты әртүрлі мәселелер қаралып, тиісті қорытындылар қабылданады.
Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жер мәселесі бойынша жеке және заңды тұлғалардан 317 арыз-өтініштері келіп түскен, арыз-өтініштер жер комиссиясы отырысының қарауына ұсынылып, тиісті қорытындылар қабылданып, өтініш иелеріне жауап берілді.
Ауылдық округтерден барлығы 234 арыз-өтініш түсіп, аудандық жер комиссиясы отырысында қаралып жауаптары берілді.
Түрлі мекемелерден әртүрлі бағытта 285 хаттар келіп түсіп, орындалған. Жер саласы бойынша барлығы 198 қаулы жобасы әзірленіп, аудан әкімдігінің қаулылары қабылданды.
Жер пайдаланушылармен 440 жер учаскелерін жалға алу келісім шарты жасалды.
Жер телімдерін сату және жалдау құқықтарын сату бойынша жалпы саны 53 келісімшарт жасалған. 6 жылдық жалдау құқығын сатып алу бойынша 303202 есеп шотына 791 602 теңге төленген. Жер теліміне қосымша жер қосып сатып алу, құрылыс асты және өзге де жер телімдерін сатып алудан 303101 есеп шотына 10 757 515 теңге төленген.
2021 жылдың 8 айында жалпы көлемі 11 549 117 теңге қаржы мемлекет бюджетіне түскен.
– Нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бағытында нендей жұмыстар атқарылуда?
– 2021 жылы нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 1530,1535га. болатын 9 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде егістігі 57,4587 га., жайылымы 1472,6948 га.
Жалпы округтер бойынша бүгінгі күнге 55 жер телімі, жалпы жер көлемі 3710 гектар болатын жайылым жерлер игерілмегені анықталып отыр. Бұл бойынша бүгінгі күнге ауылдық округтермен жұмыстар жүргізілуде. Яғни, малын тіркемегендер малдарын ИСЖ базасына тіркеп, малдары жоқтар бойынша мәліметтер облыстық жер инспекциясына және аудан әкімінің аппаратына жолданды.
Көкбастау ауылдық округінің шаруа қожалығын жүргізу үшін беріліп кеткен жалпы көлемі 12,0 га. жайылым жер телімінің 3,0 га. болатын жері қора-жайына қалдырылып қалған 9,0 га. бөлігі ауылдық округке қайтарылды. Сондай-ақ, Қарасаз ауылдық округінде де беріліп кеткен елді-мекеннің 18,0 га. болатын жайылым жер телімін қайтару бойынша инспекцияға жолданып жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күнге ауылдан жайылым жер телімі 5 шақырым қашықтықта орналасқан Билікөл ауылдық окургінен жалпы көлемі 688 гектар болатын 1 шаруа қожалықпен, Мыңбұлақ ауылдық округінен 190 гектар болатын 1 шаруа қожалығымен жайылым жер телімдерін шалғайдағы жермен ауыстыру туралы келісімге қол жеткізіліп, құжаттары заңдастырылуда.
Сондай-ақ бес ауылдық округте 45 шаруа қожалығымен малдарды шалғай жайылымдарға жаю туралы меморандум жасалған. Сондай-ақ кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдеріне аукцион өткізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 1,0268 гектар болатын 3 жер телімі 1 744 031 мың теңгеге сатылды.
Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 218,26 га. болатын 16 егістік жер телімі шаруа қожалықтарына пайдалануға берілді.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. Жолдауда алдағы он жылда әлемдегі су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екені айтылған. Осы ретте өңірде су ресурстарын сақтау, су көлемін арттыру бағытында нендей шаралар атқарылуда?
– Ауданда суғармалы жерлерді қалпына келтіру, қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, су көздерін тиімді пайдалану мақсатында «Жуалы-су» мекемесі арқылы 11 каналды тазалау және 5 шағын су тоғандарын салу жұмыстары атқарылуда. Каналдардың жалпы ұзындығы 48,8 шақырым, бұл жұмыстарға 33,9 млн. теңге қаржы бөлінген.
Одан бөлек, агроқұрылымдар су үнемдеу технологияларын енгізуді қолға алуда. 15 шаруашылық 22 дана барабанды жаңбырлатып суғару қондырғыларын алу үшін «Тараз» ӘКК-на құжаттарын өткізіп, комиссияда қаралды. Алдын ала төленетін 10 пайыз қаржысы 15 қондырғыға шаруалар тарапынан төленді, 11шаруашылық алды, 4 шаруашылық қондырғылардың келуін күтіп отыр. Одан бөлек, Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС 250 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғыларын алу үшін қаражат қарастыруда. Қажетті сомма 300 млн. теңге.
Сонымен қатар шағын су тоғанын өз күшімен жасап, дақылдарды суғарып жатқан «Ғабит» ШҚ бір дана барабанды суғару қондырғыларын алып, 20 га жоңышқа дақылын суғаруда. Шаруашылық аудандағы экскаватормен 3 жерден шағын тоғандар жасады.
Қарасаз а/округінде «Тұран» ш/қожалығы және 10 шаруашылық бірігіп, аудандағы экскаватормен Шақпақ өзенінен канал тартып, алдағы уақытта 100 гектардай жерді суғаруға дайындық жасауда. Дақылдар жоңышқа, эспарцет, картоп, бидай.
Ақтөбе ауылдық округін аралау барысында 12 бастау сулары анықталды. «Шалабай» су тоғаны жасалса, 60-70 га көлемінде, «Қожағұл» су тоғаны бойында 40-50 га, № 3 карас тоғаны бойында 30-40 га, «Ферма» тоғаны бойында 50-60 га, Мырзабай, Ақбастау каналдары бойында да шағын су тоғандары жасалса 20-30 га көлемінде дақылдады суғаруға болады.
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»