Sport
Халықаралық жарыстан жүлдемен оралды
Қасиетті Жуалы ауданының жұлдызын даңқты спортшылар да биікте жарқыратып келеді. Оның ішінде күрес түрлері мен бокстан жуалылық спортшылардың жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері кеуде керіп, мақтанышпен айтуға тұрарлық. Атап айтқанда, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, басқа да көптеген беделі биік жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Сәлкен Жартыбаев, қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы Ғани Сейділдаев, бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев, сонымен бірге әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл сынды даңқты спортшылар жуалылықтардың заңды мақтанышы.
Осынау спортшылардың жолын кейінгі жас буынның лайықты жалғастырып келе жатқаны көңіл қуантады. Атап айтсақ, №1 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы, аудандық бокс мектебінің түлегі Анжелика Цой жақында ғана Өзбекстан Республикасының Бұхара қаласында өткен халықаралық турнирде І орынға қол жеткізді. Боксшы қыз алдағы уақытта өтетін Азия біріншілігіне дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Анжелика Цой өзінің мықтылығын дәлелдеп, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелігіне қабылданып отырғанын да қуанышпен айтуға тиіспіз. Одан бөлек, №29 орта мектептің 11 сынып оқушысы, боксшы Мария Кудинкина да ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Жаттықтырушысы – Асхат Артықов.
Тағы бір айта кетерлігі, Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың атындағы І республикалық турнирге де біздің ауданнан барлығы 13 боксшы қатысты. 2005-2010 жылдары аралығында туған аудан мектептерінің оқушылары Ерасыл Мұхитұлы, Ислам Болатбек, Дастан Дәулетбек, Алдияр Тасжан әртүрлі салмақ дәрежесінде екі күміс, екі қола жүлдеге ие болды. Бәсі биік бұл жарысқа еліміздің әр облысынан іріктелген спортшылардың қатысқанын ескерсек, біздің боксшылардың жетістігін атап өтпей болмайды. Бұл да ауданда бокс спортының дамып келе жатқанының бірден-бір дәлелі.
Аталған турнирге ауданның құрама командасын аудандық бокс мектебінің директоры Мұхтар Бердімбетов бастап барса, топтың құрамында ауданға белгілі жаттықтырушылар Мейманғали Қалданов, Нұралы Бүйенбаев, Нұрхат Белгібаев болды. Нұрхат Белгібаев республикалық турнирде төрешілік етіп, мерейімізді тағы бір асырып отыр.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»