Sport

Киберспорттан турнир өтті

Киберспорт – бұл плейстейшен ойындары арқылы өткізілетін топтық жарыс. Бұл алдыңғы қатарлы елдерде дамып келе жатқан спорт түрі. Қазақстанның өзін ғана алып қарасақ, киберспорт жайлы студенттер мен мектеп оқушылары болмаса, көпшілігі білмейді. Бәрінің айтатыны не? Компьютер ойындары жаман. Менің ойымша, миымыздағы осы секілді ойларды түп тамырымен жойғанымыз абзал. Компьютер ойындарының жаман жағы да бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, пайдалы жақтары да бар екендігін де ұмытпағанымыз абзал. Компьютер ойындары адамның ойлау қабілетін 2D-кеңістігінде ғана емес, 3D-кеңістігінде ойлауын дамытады. Сіздердің көпшілігіңіз келіспеулеріңіз мүмкін, менің ойымша болашағымыз осы компьютермен байланысты болатындығын айтқым келіп отыр.

Дәл осы спорт түрінен атап айтсақ «ФИФА-2019» футболдан аймағымызда алғаш рет 11 шілде күні «Жастар кубогы» үшін жастар арасында аймақтық ашық турнир өтті. Жарыстың мақсаты – жастардың демалыс уақытын тиімді пайдалануға, көңілдерін сергітуге, ұтымды әрекет етуге, сенімді қадам жасауға баулу. Жалпы турнирге тоғыз қатысушы тіркелді. Үш сағаттан астам уақытқа созылған турнир өте тартысты өтті. Тоғыз қатысушы екі топқа бөлініп екі топтан төрт қатысушы жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалдардың нәтижесі төмендегідей: Имантай Шаяхмет (Ювентус командасы, Т.Дүйсебайұлы ауылы) 2:5 Азат Меңлібай (ПСЖ командасы, Ынтымақ ауылы); Ерсұлтан Әсілбаев (Ливерпуль командасы, Т.Дүйсебайұлы ауылы) 2:4 Санатұлы Елхан (Манчестер Юнайтед командасы, Шақпақата ауылы); ІІІ-орын бойынша Имантай Шаяхмет (Ювентус) 1:2 Ерсұлтан Әсілбаев (Ливерпуль) болып аяқталды. Ақтық мәреге шыққан Азат Меңлібай (ПСЖ) мен Санатұлы Елхан (Манчестер Юнайтед) арасында ойын толықтай бір жақты болып өтті, есеп 4:0 Азаттың (ПСЖ) толықтай жеңісімен аяқталды. Жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан диплом, ақшалай сыйлықтар және жеңімпаз команда кубокпен марапатталды.
Аталған турнир округтегі жастар ісі, сонымен бірге спорт ісі нұсқаушыларының қолдауымен өтті. Жарысқа қатысушылар турнирден жақсы әсер алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Алдағы уақыттарда да осындай турнирлер ұйымдастырылатын болады.

Ақжан АХМЕТОВ,
жастар ісі нұсқаушысы.
Шақпақата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close