El іshі
Жұмысынан ләззат алатын қолөнерші
«Өмірде екі байлық бар: білім, өнер». Өнер туралы сөз ететін болсақ, алдымен халқымыздың дәстүрлі қолөнері ойға оралады. Қазақ елі тәуелсіздігін алғалы, ұмыт бола бастаған қолөнерді қайта жаңғырта бастадық.
Дана халқымыз «Жігітке жеті өнер де аз» деп, өнерді құдіретті күш, адамның жан серігі, ертеңгі рухани байлығы деп жоғары бағалаған.
Осы ретте бүгін біз қолөнерші әрі суретші жас Пердеғали Тәжімұратов туралы әңгімелейтін боламыз.
Пердеғали несібесі жас болса да еңбекқорлығының арқасында талай жетістікке жетіп, талай жанның таңдайын қақтыратын туындылар жасаған. Республикалық, облыстық қолөнер байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Оның айтуынша, есімін «Пердеғали» деп, әжесі қойған. №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті бітірген. Оқуды аяқтай салысымен Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық колледжіне бейнелеу өнері және сызу мамандығына оқуға түседі. Бұдан соң, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын дәл осы мамандық бойынша аяқтайды.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысы Жуалы ауданы білім бөлімінің «Аула клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сурет өнерінен қосымша сабақ береді. Мұнда жұмыс жасап жатқанына алты жылдай уақыт болған. Сурет өнерінен бөлек Пердеғали мүсін өнерін де қатар алып жүр. Жұмыстан бос уақытында спортпен шұғылданады.
Пердеғалидың жұмысымен танысу барысында бізді шеге және жіп арқылы жасалған белгілі публицист-жазушы Шерхан Мұртазаның, қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының және қар барысының «String art» стилінде жасалған суреттері ерекше қызықтырды. Сонымен қатар «Ақбөкеннің лағы» аталатын суреті және гипстен жасалған қыран құс пен Қазақстанның картасының мүсіні де менмұндалап тұрды. Пердеғали мұндай өнерді қайдан үйренгенін және қалай жасағанын айтып берді.
-Жалпы бейнелеу, мүсіндеу өнері ата-бабамыздан дарыған, қанға сіңген қасиет. Әкем Қойшыбай Төремұратов аудандық мәдениет үйінде суретші әрі мүсінші болып жұмыс жасайды. Кішкентайымнан әкемнің жанында жүріп суретшілікті үйрендім. Сондықтан мектепті бітіре салысымен осы бейнелеу өнері мамандығын таңдап, оқуға түстім. Қолөнермен айналысқан сайын шабыттанып, демаламын. Әсіресе, табиғат аясында серуендегенде ойыма түрлі жаңа идеялар келеді.
«String art» – бұл сәндік кескіндеме жасау үшін жіп пен шегелерді қолданатын өнер. «Стринг өнері» термині «сызық өнері» деп аударылады. Осындай суретті жасау үшін, тақтайша, жіп, балға және нобай қажет болады. Жұмыста бір түсті жіптерді монохромды бейнелерді алу үшін пайдаланылуы мүмкін, ал жарқын композицияларды алу үшін түрлі-түсті жіптерді қолдануға болады. Шегемен жасалған ұлы тұлғалардың бейнесінің жасалуына келер болсам, алдымен ағаш тақтайшаның бетіне әдемілеп адамның сұлбасын бейнелейміз. Содан кейін суреттің үстінен бойлай шеге қағып шығып, жіпті іліп отырып суретті одан әрі айшықтай түсеміз. Бұл өнер Англияда ойлап табылған. Мен бұл өнерді әлеуметтік желіден көріп қалып, бірден қызығушылығым оянды. Сөйтіп қалай жасалатынын қарап отырып лезде үйреніп алдым, – дейді Пердеғали Қойшыбайұлы. Сонымен қатар жалынды жас жұмыстан тыс кезде тапсырыспен адамның портретін салып, қосымша табыс табады.
Өмірде қарапайым, иманды, адал жандардан үлгі алатын ол, алдағы уақытта қолөнерді дамытып, жиһаз жасаудан кәсіп ашуды алдына мақсат етіп қойып отыр. Сондай-ақ, ағаштан түрлі бұйымдар жасауды да жоспарлауда.
Одан бөлек, сабақ беру барысында оқушыларға қазақ халқының мол қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйретеді және оқушыларды әсемдікті тани білуге баули отырып, эстетикалық ой-өрісін дамытып, адамгершілікке тәрбиелеуді де міндеті санайды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»