El іshі

Төл басылымыңыз төріңізден табылсын!

Өткен жұмада аудандық «Қазпочта» байланыс торабында «Жазылушылар күні» өтті. Оған «Қазпочта» байланыс торабының ауылдық округтердегі бөлімшелерінің меңгерушілері, пошта тұтынушылары мен мерзімді басылымдарға жазылушылар қатысты.

Мерекелік шараға аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің өкілдері қатысып, осы күні аудандық басылымға бірінші болып жазылушылар мен басылымның штаттан тыс тілшісіне сыйлық, сонымен бірге Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары, көпбалалы және аз қамтылған бес отбасына 2022 жылдың алты айына газетті тегін жазып, түбіртектерін тапсырды.
«Жазылушылар күнін» аудандық «Қазпочта» байланыс торабының басшысы Бақытжан Устаев ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.
-Дәстүрлі түрде өткізілетін «Жазылушылар күні» бүгін облыс көлемінде ұйымдастырылуда. Шараның мақсаты – халықты мерзімді басылымдармен таныстыру және мерзімді басылымдарға жазылуға тарту,- дей келіп Бақытжан Досанқұлұлы аудандық басылым туралы да өз ойын айтты. 87 жылдық тарихы бар «Жаңа өмір» газетінің ауданның қоғамдық өміріндегі рөлі мен орны және бүгінгі беталысы туралы пікірімен бөлісті.
Бұдан соң «Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті» ЖШС-нің Директоры Әбдікерім Уркумбаев, ЖШС-нің 49 пайыз меншік иесі Әбуғали Ералиев және басылымның Бас редакторы сөйлеп, аудан тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, мерзімді басылымдарға, оның ішінде «Жаңа өмір» газетіне жазылуға шақырды.
Кезек сый-сияпаттарды тапсыруға берілді.
Алғашқы сыйлық басылыммен 15 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан жан әрі газеттің тұрақты оқырманы, №1 мектеп-гимназияның орыс тілі пәнінің мұғалімі Клара Бабахановаға берілді. Ал, екінші сыйлық дәл сол күні поштаға арнайы келіп «Жаңа өмірге» жазылған жазылушы жеке кәсіпкер, басылымның шараларына демеушілік жасап жүретін жан Нүрила Мәлібековаға тапсырылды.
Үшінші сыйлық «Жазылушылар күні» алғаш болып жазылған жандардың бірі Қарасаз ауылының тұрғынына тапсырылды.
Клара Бабаханова мен Нүрила Мәлібекова газет туралы пікірлерімен бөлісіп, тұрғындарды аудандық басылымға жазылуға шақырды. Және де Нүрила Эдіханқызы «Nurai Plaza» бизнес орталығында жұмыс істейтін 50 кісіні басылымға жазылуға ұйымдастырып, жазылуына себепші болатынын жеткізді.
Мерекеге келген Шақпақата ауылының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Мейрамбек Ерімбетов те аудандық басылымның тұрақты оқырманы екенін, соңғы жылдары заман талабына сай басылымның мазмұны байып келе жатқанын, газет бетінде жақсы жаңалықтармен қатар сыни, проблемалық мақалалар да жарияланатынын, жалпы төл басылымына көңілі толатынын жеткізіп, газет ұжымына алғысын жеткізді.
Шара барысында сонымен бірге бес отбасына 2022 жылдың алты айына жазылған түбіртектер тапсырылды.
Осы орайда іс-шараға демеушілік жасаған облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев пен жеке кәсіпкер Мұрат Нысановқа газет ұжымының атынан алғысымызды білдіреміз.
Құрметті оқырман!
Қазақ баспасөзінің тағдыры қабырғалы қалың елге қарап тұр. Халықтың сөзін сөйлеп, намысын жыртып жүрген ана тіліндегі басылымдардың тағдырына жаны ашымаған, патриоттық сезімі селт етпейтін халықтың болашағының қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Яғни, елдің өмірін ана тіліндегі басылымдардан бөліп қарауға болмайды. Сондықтан барлығымыз жазылым науқанын пайдаланып, өзімізге қажетті басылымдарға жазылайық.
Басылымдардың таралымының азайып кетуі ол халықтың жағдайының төмендегенінің белгісі емес. Қазіргі қоғамда жұрттың аңсары дүниеге ауды, материалдық игілікке тәуелді болып қалды. Тоғышарлық пиғылға парасат бас иді. Ақылдың орнына ақша жүретін түсініксіз заман келді. Адам баласының рухани маңызы жұтап, тоғышарлықтың алдында бас иіп, тізерлеп отыр.
Қай заман болсын халық оқу-білім, кемел мәдениеттің арқасында ғана сапалық мазмұнға ие болады.
Халқымызды Тәуелсіздікке жеткізген ұлттық тұтастығымыз болса, тұтастыққа жеткізетін құнды дүние – білім мен мәдениет, рухани кемелдік. Яғни, мәдениетімізді сақтау арқылы ұлтымыздың тұтастығын қамтамасыз етіп, рухани тағдырымызды қорғаймыз.
Сондықтан қымбатты оқырман! Мерзімді басылымдарымызға жанашыр болып, алдағы жылға жазылайық!
Осы орайда уақытты тиімді пайдаланып аудандық басылымға жазылған оқырмандарымызға газет ұжымының атынан алғысымызды білдіреміз! Басылымның әрбір нөмірі отбасыларыңызға рухани нұр болып құйылсын!
Аудандық басылымға жазылуға асығыңыздар, құрметті оқырман!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close