Mádenıet
Өмірін өлеңмен өрнектеген ұстаз
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан». Қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлы осылай жырлайды. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» деген қағидалы сөзді де айтқан Абай атамыз болатын. Жастайынан қиыншылықты көп көрген Рәтбек Қасымбектегі де халықтық өнер саналатын сөз өнеріне, дәлірек айтқанда, жырға әуес болып өсті. Тағдырдың қатал сыны мен сынағы оны рухы биік мықты азамат болып өсуіне, өлең әлеміне қанат қақтырғаны рас. Бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, ұлттың болашағы саналатын жас ұрпақтың рухты болып өсуіне арнаған Рәтбек ағаның сыршыл өлеңдерінен өмірдің нәзік иірімдерін байқауға болады. Жастайынан көрген қиыншылық пен ұлы мұраттар өлең болып өріліп келеді. «Отан отбасынан басталады» демекші, отбасылық құндылықтар да ақынның жырларынан көрініс тауып отыр.
Ақынды жақын тануың үшін оның өмірі мен еңбек жолына терең үңілген жөн сияқты. Рәтбек Қасымбектегі 1956 жылы Бақалы ауылында туған. 1972 жылы Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепті бітірген. Бала Рәтбек мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ аудандық «Жаңа өмір», республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінде «Кім кінәлі?», «Өлген шымшық», «Қыз жылаған күн», «Ұлжан» тағы да басқа тақырыптардағы шағын мақалалары мен өлеңдері жарық көрген. Ол үнемі аудандық, облыстық газет-журналдармен шығармашылық байланысын үзбей келеді.
Қаламды жанына серік еткен ақынның әр жылдары «Перзентімін анамның», «Туған жерім – жұмағым», «Шарпыды мені бір сезім…», «Нұрлы жұрттан келдім мен» жыр жинақтары жарық көрген. Рәтбек ағаның шығармашылығы туралы ақын-жазушылар – Мырзахан Ахмет, Марат Құлибаев, Нұржан Манасұлы пікір жазған болатын.
Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген жалынды жастың ұстаздық жолы сонау 1976 жылы басталады. Аудандағы бірқатар мектепте, одан соң Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұзақ жылдар мұғалім болып, биылғы жылы зейнет демалысына абыроймен шығып отыр. Шәкірт тәрбиелей жүріп көптеген қоғамдық жұмыстарға араласты. Оқушыларының жақсы азамат болып қалыптасып, өмірден өз орындарын табуына ықпал етті.
Ауданның білім беру саласына сіңірген көп жылғы еңбегі ескеріліп, Жуалы ауданының Құрмет грамотасымен, бірқатар Алғыс хаттармен марапатталды. Одан бөлек, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін иеленді. Қорыта айтқанда, ардагер ұстаздың өлеңдерінің жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол екені даусыз.
Редакциядан.
Біз ауылда өскенбіз
Ауылда өстік көп баланың болып бірі,
Балдәурен келмес қайтып кетті әрі.
Әр жанға балалық шақ бағалы ғой,
Санада сақталып тек қалар бәрі.
Қой кезекті баққанбыз алып таяқ,
Тікен, тасқа қарамай жалаң аяқ.
Шөлдегенде қайнардың суын ішіп,
Қайтушы едік кешкісін қойды айдап.
Терең сай бар ауылдың іргесінде,
Құдық деген жоқ еді ешбір үйде.
Иыққа салып алып иін ағаш,
Су тасушы ед әр бала өз үйіне.
Айналайын алтын анам кешкісін,
Жиыстырып күнделікті әр ісін.
Ыстық суды дайындап ап қазанға,
Қайнақ суды құятұғын табанға.
Ал сонан соң ешкі майы болмаса,
Құрғақ кеуіп тұрып қалған қаймағын,
Шырылдатып, боздатып,
Тазаланған күс табанға жағатын.
Бір жұмадай қалғанда қыркүйекке,
Басталатын зор дайындық мектепке.
Таза киім, галстукке асықтық,
Кітап, дәптер алу үшін дүкенге.
Сол кездегі кісілер мейірімді еді
Шапағатын көзіміз көрген еді.
Қарияларға қос қолдап сәлем берсек,
«Молда бол» деп батасын берер еді.
Бір кісідей жиылып, ауыл болып,
Әр көктемде тасаттық беретін-ді.
Ал соңынан қол жайып, бата беріп,
Тазалыққа көңілді бөлетін-ді.
Бастау көзін тазалап, арық қазып,
Айырмен шөмеле сап, шөпті тасып.
Қариялар төбеде отыратын,
Шалғы қайрап, шақша атып қауқылдасып.
Өткен күндер өткендей-ақ бәрі тез,
Бірлік пенен ынтымақты көрді көз.
Шыбық қадап, дал-дарақты еккенбіз,
Дәл осылай біз ауылда өскенбіз…
Өскен ел – менің өзегім
Өскен ел бағалысың ұлың үшін,
Перзентіңмін қадіріңді елеген шын.
Ой-санама әрдайым шабыт берген,
Мұңайсам қуат беріп демегенсің.
Көктемде шағын ауыл жайнайсың бір,
Тіршілік баурайыңда қайнаған кіл.
Сай-сала көрікті боп бұлағымен,
Етегі Алатаудың жайнаған гүл.
Шыңында қыран құстар қалықтаған,
Әр тасың тарихтарға куә болған.
Сырыңды біле алмай ойға батам,
Өскен ел жерұйықсың анық маған,
Алатау өр шыңдарың көкке өрлеген,
Ұлыңның арманына от берген ең.
Қайсар мінез, кісілік сенен дарып,
Жауын мен дауылыңды өткердім мен.
Кең далам теріс аққан бір өзенім,
Өзіңдей жан-дүниемді сезінер кім?
Бау-бақша, тұщы судан нәрді алып,
Күзге дейін шөл басып кезермедім.
Қарасам көз жіберіп қыраттарым,
Шөлімді басты талай бұлақтарың.
Өскен ел мен өзіңнен тәрбие алдым,
Келмейді тек өзіңнен жырақтағым…
Аталардың әруағы қолдасын
Ұшқанда ұясынан ұл мен қызым,
Қалдырып ой-санаға бар қызығын.
Осы күні немерем – Айбынымның,
Қылығына мәз болып отырғаным.
Ғажап қой немеремен өмір мәнді,
Мұрагер ұрпағымды Тәңір берді.
Асыл-ақық, жақұтқа қызықпай тек,
Құшақтап иіскейін немеремді.
Ана тілін қадірлеп ұлтын сүйсін,
Ұлы дала елінің ұланы боп.
Қастерлеп өз Отанын ер боп өссін,
Жақсы жандар жанында жолдас болып.
Мына өмірге келдің балам, немерем,
Жақсы болсын көргенің мен тәрбиең.
Ел мақтаған, қыз жақтаған жігіт бол
Келісті бооп етек-жеңің кеңінен
Мәрттігіңді көрсете біл ісіңмен.
Орындалсын алдан күткен арманың,
Жақсылыққа бастасын әр қадамың.
Ұзақ ғұмыр біз тілейміз Алладан
Ақ ниетті, мейірім бол қарағым
Биік шыңға жетелесін талабың.
Қандай бақыт тәй-тәй басып жүргенің,
Қуанғанда шат-шадыман күлгенің.
Жанымызға шуақ шашқан бал жүзің
Көңілің пәк үстем болсын мерейің
Бақытты бол, айналайын «күн көзім»!
Өс, құлыным, ата-анаңды қуантып,
Ел ұланы боларыңа сенімдімін ол анық.
Бауыржан мен Шерхан атаң өскен жер
Әлі де Жуалыда жарқырайды талай ер
Сенің-дағы бойыңда тектіліктің қаны бар
Өзіңді ұлым аталардың әруағы қолдасын!!!
Рәтбек ҚАСЫМБЕКТЕГІ,
зейнеткер-ұстаз.
Нұрлыкент ауылы