Basty bet
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих
Жастар қауымы өткенге көз жүгіртіп, ата-бабамыз жүріп өткен қилы замандардың тарихын білуі тиіс. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген бала – бақытты ұрпақ. Егемендік алған, яғни 1991 жылы туған жастар бүгінде орда бұзар отыз жаста. Бұл жастардың өзі Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауданымызда қандай жағдай болды, қандай қиын күндерді бастап өткергендігін біле бермейді. Әрине, республика көлемінде Мемлекеттік рәміздер қабылданып, төл теңгеміз айнылымға енгізілгенін, жаңа астанамыз соғылғанын тағы басқа жайттарды, атаулы даталарды тарих беттерінен оқып, танысқан едік. Алайда, туған мекеніміздің осы күнге қалай қол жеткізгендігі туралы біле бермейміз. Осы ретте, «көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» демекші, мемлекеттік қызметте ұзақ жыл қызмет еткен, ардақты ардагер, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Естемес Аманбековпен сұхбаттасып, тарихтан сыр шерткен едік.
Е.Аманбеков 1989 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. Осы тұстары Естемес Аманбекұлы бірінші кезекте ауызсу мәселесіне көңіл бөліп, ауданның шығыс бөлігінде орналасқан елді мекендерге, жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын құбыр тартып, тұрғындар ауызсумен қамтамасыз етілді. Екіншіден, аудан көлемінде автобус тасымалын ұйымдастырып, екі автобус автостанция және аурухана бағытында жүргізіледі. Екі ортада тұрғындар тасымалы ұйымдастырылған соң, аудандағы мекемелердің көмегімен аялдамалар соғылады.
Сонымен қатар, Теріс ауылындағы С.Сейфуллин, Ақбастау ауылындағы Б.Майлин атындағы орта мектептердің құрылысы жүріп, жіті қағалаудың нәтижесінде уақтылы аяқталады. 1989 жылы жобасы жасалып, құрылыс жұмыстары басталды. Аудан тұрғындары бұл жаңашылдықты қуана қабылдап, әр көшеден бірауыздан 19 кооператив құрылды. Көпшіліктен қаржы жиналып, 1990-91 жылдары тұрғындардың есебінен аудан орталығына газ кіргізілді. Жуалы жеріне табиғи газдың тартылуына Аманжол Дүрәліұлының еңбегі сіңді.
Кеңестік уақытта ауданнан пойыз жиі өтетіндіктен, теміржол өткелінде автокөліктер көп уақытқа дейін тұрып қалады екен. Осы мәселені шешу үшін Диқан ауылындағы өтпе жолдың жобасы жасалып, “Қазақстан темір жолы” мекемесінің қаражатымен жасалады. Сонымен қатар, ол әскери совхоздан лагердің ашылуына септігін тигізіп, Б.Момышұлы музейінің, Жуалы мешітінің жобалары жасалып, қабырғасы тұрғызылады.
Естемес Аманбекұлы 1990 жылы Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған уақытта партияның 27 съезі өтіп, партияның рөлі төмендейді. Осы жылдары ауданда халықтар кеңесі құрылып, оның төрағасы аудандық партияның бірінші хатшысы сайланады.
Тоқсаныншы жылдары аудан облыс көлемінде сүтті көп өткізетін, астықтан мол өнім алатын өңір болады. Аудан еліміз бойынша ең жоғары картоптың өнімділігін алатын болған екен. Аудан халқы 50 мың адамды құраған. Өңірде екі әскери совхозды қоспағанда, сол жылдары 185 мың ұсақ мал болса, 22 мың ірі қара, бес мың жылқы, 10 мыңға жуық шошқа болыпты. 48 мың гектарға астық, 24 мың гектарға көпжылдық жоңышқа себілген. Ал, картоп 1600-1700 гектарға егілген. Аудан 16 тонна сүт, 75 мың тонна астық өткізіп тұрған. Шаруалар мал азығымен 100 пайыз қамтылып, пішендеме бастырылған. Осындай жақсы көрсеткіштермен аудан облыс көлемінде І, ІІ, ІІІ орындардан түспеген.
-1991 жылы қыркүйек айында коммунистік партияны таратып, атқарушы орган болып халықтық кеңес қалды. Аты дүркіреген партия жоқ. Бес-алты ай көлемінде халықтық кеңестің төрағасы ретінде ауданды басқардым. Содан атқарушы билікте өзгеріс келіп, әкімшілік басқару жүйесі енгізілді. 1993 жылы ауданның алғашқы әкімі болып Еркінбек Солтыбаев тағайындалды. Осы жылы халықтық кеңес таратылып, мен аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалдым.
Қазіргі уақытпен салыстырғанда ол өте қиын кездер еді. Ақша құнсызданып, айналымға өзіміздің төл теңгеміз енді. Бұрынғы ақша ештеңеге жарамады. Әлеуметтік, саламен қоса, құқықтық, қаржы саласын қоса атқарған соң бұл қиын кездер есімде қалыпты. Халық айлық алмаған. Көбісі колхоз, совхоздар тарап, жұмыссыз қалды. Жәрдемақы мен зейнетақы төленбеді. Күнде аудан әкімшілігіне аналар мен зейнеткерлер келеді. Оларға елімізде болып жатқан жағдайды түсіндіріп, сабыр сақтауға шақырамыз. Бұл жағдайлар 1995 жылдан бастап 1998 жылдың аяғына дейін созылды.
Тоқырау жылдары бартер, яғни айырбастау пайда болды. Жұмысшыларға айлық азық-түлікпен, малмен төленді. Көмір алу үшін де ақша жоқ. Төрт жыл бойы аудандық партия комитетінің қызметкерлері суық кабинетте отырып, жұмыс істеді. Сөйтіп, елімізде 1996 жылдары жекешелендіру басталып, тұрғындар жерді бөліп алды. Бірақ, техниканың жоқтығына байланысты жерді тиімді пайдалана алмады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алыстағы отандастарымызды елге оралуға шақырды. Ауданға көршілес елдерден қандастарымыз оралды. Кеңестік дәуірде қиын кезеңдерде алқапқа шығып, масақ жинау үрдісі болатын. Осы масақ жинауды қандастар қайта бастап, тоқырау жылдары еңбектің үлгісін көрсете білді.
Еңбек жолымның 22 жылы социалистік, 22 жылы капиталистік кезеңде өтіпті. Екі кезеңнен өткен біз қолда бар алтынның қадірін жақсы білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, тәуелсiздiктiң әрбiр жылының бiз үшiн мәнi бөлек, маңызы айрықша. Бұл күнге біз халқымыздың төзімділігі мен сабырлығының арқасында жеттік. Қанша қиын күндер болса да, ертеңгі күніміздің жарқын боларына сенім арттық. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, бейбіт заманға қол жеткізіп, халқымыздың әл-ауқаты артты. Аудан кейпі өзгеріп, инфрақұрылымдар тартылды. Өңірде даму мен өсіп-өркендеу бар.
Тəуелсіздік күні – Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Біз бабалар аңсаған бейбіт және тәуелсіз елде өмір сүріп отырмыз. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Бір шаңырақтың астында тұрып жатқан барша халқымыздың достығы берік, бірлік мәңгі жасай берсін. Әрбір отбасыға бақыт, Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолында табыс тілеймін, – дейді Естемес Аманбекұлы.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”