Тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, алтын арқаулы азаттық рухымен өсіп келе жатқан жас ақындардың шоғыры шоқ жұлдыздай жарқырап көрініп келеді. Сондай ақындардың қатарындағы жаңа есімнің бірі – жуалылық Арайлы Жақсылық.
Арайлы Жақсылық – 1995 жылы Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылында туған. Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның түлегі. Облыстық, аудандық мүшәйралардың жеңімпазы. Өлеңдері республикалық «Жыр маржаны» атты 10 томдық ақындар антологиясына, «Дала дарыны» сериясымен жарық көрген «Әулиеата әуендері» жинағына, «Өрімтал» атты Жамбыл облысының жас ақындарының жыр жинағына шыққан.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облыс орталығы Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жарық көрген жуалылық жас ақын Арайлы Жақсылықтың «J.A.S» атты кітабының тұсауы кесілген болатын.
– Кітабымның аты «J.A.S» деп аталуының да өзіндік себебі бар. Оның мағынасы Жақсылық Арайлы Серікқызы дегенді білдірсе, тағы бір мағынасы – кәдімгі көз жасы дегенді немесе адамның жасы дегенді де білдіреді. Осы тақырыптың өзінде менің балалығымның тәтті елестері, 25 жасқа дейін басымнан кешкен күйлерімнің беймезгіл сәттерінің барлығы сыйып тұр деп ойлаймын,– дейді автор.
Кітаптың алғысөзін жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы жазған. «Өлең жазып, онысын кітап етіп шығарып, тіпті Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып жүргендердің бәрі бірдей ақын емес. Ақындықтың табиғаты жаратылыстың жаңбырындай селдеп көріне ме, көркем әлеммен көмкеріліп көріне ме, соны дәл айтқан адам жоқ. Десек те, таным, талғам бар. Солар арқылы мәртебелі поэзияның мәнін, мәнерін танисың. Арайлы дегенде, мен осы пайымға ден қоямын», – дейді Несіпбек Дәутайұлы. Иә, Несағаң облыстағы талай жас ақындардың қанатын қатайтып, томағасын сыпырған әдебиеттің нағыз жанашыры еді. Марқұм қаламгердің бұл сөзі Арайлы секілді жас ақындарға жігер беретіні анық.
Арайлы ақынның тырнақалды кітабының тұсаукесеріне облыстағы қалам ұстаған үлкен-кіші ақын-жазушылар, журналистер қатысып, қалам иесіне игі тілектерін жеткізді. Атап айтқанда, Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы сияқты ақын әпкелері, т.б. тілектес кісілер жиынның ортасынан табылды.
Жауқазын жырлары енді ғана жайқалып келе жатқан Арайлының кешіне облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек те келіп қатысып, жастардың шығармашылығын қолдауға қашанда дайын екендігін жеткізіп, авторға ақжол тіледі.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған, халқымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлы айтқандай, Арайлы Жақсылықтың балауса жырлары оның мектеп оқушысы кезінен бастап аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде жариялана бастады. Өмірде де, өнерде де өз орнын тауып, әдебиетімізге тамшыдай болса да үлес қосуды алдына мақсат етіп қойған ақын қыз Арайлы Серікқызына біз де шығармашылық табыстар тілейміз.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
АРПАЛЫС
Арайы өлген күнді көрдім түсімде,
Сен деуге оны қимадым.
Жалғыз қалу үкім бе әлде шешім бе?
Қандай ауыр ұйғарым…
Күнді көрдім, өңі сынық, нұры өшкен,
Жанарымдай шуақсыз.
Ауырлайды енді алар тыныс дем,
Тым жақынбыз,
Жырақпыз!
Жарық пенен таразысын түнектің,
Тең ұстамай құлаттым.
Жүрегіңде ең аяулы тілекпін,
Санаңдағы сұрақпын.
Сезіміңдей сергелдеңнен жерінді ой,
Айтшы, қай бір алданам?!
Жүрегіңе жетіп барар едім ғой,
Аспаның да тар маған!
Сағынышты кешпедің не, кештің не,
Үмітімді тірілтпес,
Жалғыздығың керек емес ешкімге,
Ғұмырыңды күліп кеш.
Тайдырмасын тағдыр бұлты әріңді,
Қайтем, сені түнегіммен арбаппын.
Көкке ұмтылған менің ерке жанымды,
Күн болып құш, Ардақтым!
ҚАРА ТАЛҒА СЫР
Құба беткейдегі құбыла құшқан қара тал,
Балалық күннің базары еді көлеңкең.
Төзімді сендік әлемге озбыр таратар,
Күйіңді кешіп қалатындаймын мен ертең.
Пана ғып тұрсың көзіме мұнар жар басын,
Жаныңа дәйім бір жан баласы жуымай.
Сенің де бүгін жалғыздық қана жолдасың,
Өмірдің мынау өктемін және қуын-ай…
Мазасыз шақтар мезі қып біткен расында,
Ақ маңдайымда таңба боп жатыр теңбіл із.
Көбелек қуып,ойнаған жардың басында,
Жетімсің бүгін,жапырақтарыңа келді күз.
Ғұмырға кейде ренішпен қарап өкпелеп,
Бойдағы шердің шертуші ем бәрін тек саған.
Саяңда сенің жыр жазуға да көп себеп,
Қалада қаңғып,қайтуға енді жоқ шамам.
Еңсеріп нөсер,жаңбырдың көктен құйғанын,
Найзағай оты тап берсе дағы төбеңнен.
Өзіңмен көріп аспанның тосын сыйларын,
Бір бұтағың боп жаралмағанмын неге мен?!
P.S:Сын уақыттың өтелмейді құны шын,
Өмір тепкі көрсетеді не түрлі.
Сенің осы маңғаз текті тұрысың,
Менің өршіл Жыр Тағдырым секілді!!!
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
ақын