El іshі

Ауыл жаңалықтары

Ақтөбе
Жақында ауылдық округке қарасты Жаңаталап ауылдық клубында жастар ісі нұсқаушысы Дінмұхамет Сатымқұл мен ауылдық клуб қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Дәстүр – сән, дәстүр – дәм, дәстүр – ән» атты шара өтті. Шараға ауылдық округ әкімі Арабхан Заппаров, ауыл әкімдігі аппаратының мамандары, №26 Жаңаталап орта мектебінің оқушылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Шараны ауылдық округ әкімі Арабхан Заппаров ашып, қазақ халқының салт-дәстүріне тоқталды.
Кезек шараға қатысушыларға беріліп, №26 Жаңаталап орта мектебінің 4-7 сынып оқушылары Ақсезім Мадибраимова, Нұрай Дүйсен және Аңсар Дәулетқызы қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты көріністерін ортаға салды. Олар бесік жырының, баланы бесікке салудың қазақ халқының өмірінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, көшпелі халықтың көп қолданатын заттарының бірі – сандықты таныстырып, мәлімет берді. Іс-шарада оқушылар қол диірменін тартып, ауыл өміріне шолу жасады.

Күреңбел
Ауылдық округтегі 190 шаруа қожалығының иелігіндегі 6392 гектар егістік алқапқа егін егілді. Соның 790 гектарына күздік бидай, 1790 гектарына жаздық арпа, 1417 гектарға мақсары және 2395 гектарына көпжылдық жоңышқа егілген.
Округтің диқандары алқаптардан өнім жинауға кірісті. Алғаш болып «Таңшығыс» шаруа қожалығы астыққа орақ салды. Аталған шаруа қожалықтың жетекшісі Нұрлыбек Қалабаев ауа райының егіннің өсуіне жайлы болуына байланысты алқапта бітік шыққан егінді ысырапсыз жинап алғанын жеткізді. Егін алқаптарынан жиналған дән қамбаны еселеп толтырады деп үміттенуде.
«Жас келсе, іске!» демекші, егін орағына жастардың қатысып, олардың техника тілін меңгергені ауыл тұрғындарын қуантады. Округтегі шаруа қожалықтарының егіндерін уақтылы орып-жинауға бірнеше жас комбайншылар атсалысып жатыр. Мәселен, Еркебай Нағашыбековтың «Іңкәр» шаруа қожалығында Дулат Жазылов еңбек етсе, «Ердос» шаруа қожалығының мүшесі Бекбол Зауырбеков комбайнмен егін оруда. Сонымен қатар белсенді жастардың қатарынан «Олег» шаруа қожалығының мүшесі, комбайншы Олег Клищевтың да көрініп отырған жайы бар.
Бүгінгі күні округте арпаның 450 гектары орылып, орташа өнім гектарына 25 центнерден айналып отыр.

Нұрлыкент
Ауылдық округтің жастар ісі нұсқаушысының ұйымдастыруымен «Ел ертеңін ойлаған Елбасы» атты жастар арасында кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – жастарға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмір жолы мен қызметі туралы кеңінен мағлұмат беру. Мемлекет басшысының өмір жолынан үлгі ала отырып, Отанын, халқын сүюге, ержүректілікке, азаматтыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу, жастардың жүрегінде еліне деген сүйіспеншілік сезімін ояту. Шара барысында жастар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы өз ойларымен де бөлісті. Кездесуді ауылдық округтің жастар ісі нұсқаушысы Аягүл Әбдіраимова «Халқы тату-тәтті, саясаты салиқалы елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады» деп, еліміздің ертеңі мен болашағы жастардың қолында екенін айтып, кездесуді қорытындылады.

Шақпақ
Ауылдық округке қарасты елді мекендерде әлеуметтік сала бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы басталды. Алдағы уақытта медициналық пунктте заманауи жабдықтар орнатылып, қызметкерлер емделушілерді қабылдайтын болады. Сондай-ақ, «Өңірлерді дамытудың-2020» бағдарламасы аясында ауыл ішін қақ жарып өтетін суармалы каналдың бойында жатқан екі көшені жалғайтын көпір жөндеуден өтуде.
Қаңтар айында округ әкімінің тұрғындар алдында өткен есептік кездесуінде Амансай ауылының тұрғындарының тарапынан үлкен жол бойына жоғары қарай шығу қиын екендігі айтылып, сол жерге баспалдақ салып беру туралы ұсыныстары жеткізілген еді. Тұрғындардың сұранысы ескеріліп, қазіргі танда Амансай ауылында қырға шығатын баспалдақтың құрылысы басталды. Сонымен қатар, Шақпақата ауылындағы Ж.Оразбаев және С.Есімұлы көшелерін жалғайтын қосымша көшелерге шағал тастар төселу үстінде. Округтегі атқарылып жатқан жұмыстардың барысын ауыл әкімі Мұстафа Бектұрғанов жіті бақылауына алып отыр.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close