Basty bet

Дін және жастар

Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұсылмандар, христиандар және басқа діни сенім өкілдері біздің көпконфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатыр.

Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Жалпы, дін қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және сөзсіз жағымды факторына айналды. Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, исламдағы кейбір діни қағидаларды ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды.
Әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан есею шағында жастар көбіне біз үшін жат ықпалды күштердің алдында әлсіздік танытады. Әсіресе, жастар діни экстремизм мен терроризм субъектілері тарапынан жасалған идеологиялық шабуылдардың алдында қорғансыз болып келеді. Жастар әділдік пен жақсылық үшін күресте барлық іс-әрекетке, соның ішінде шектен шығушылыққа да бой ұрады.
Жастарымызды түрлі жат ағымдардың жетегіне кетудің алдын алу – жалпы қоғамның алдындағы үлкен міндет. Барлық тарихи кезеңдерде жастар қоғамның ең ұтқыр, оқуға, жаңалық енгізуге және реформаларға бейім бөлігі ретінде сипатталғанын бәріміз білеміз. Сондықтан жастарымызды алғырлыққа, барлық заманауи технологиялық құралдарды меңгеруге, кез келген басқа елдің жастарымен зияткерлік деңгейі жағынан терезелері тең болуына барлық жағынан қолдауымыз қажет. Сонымен қатар, жастардың санасына діни қайраткерлерден басқа адамдар да рухани бай бола алатынын сіңіру керек.
Елімізде үлгі-өнеге алуға лайықты қаншама иманжүзді ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар, өнер қайраткерлері, әскери қызметкерлер, саясаткерлер бар. Оларды құрметтей және оларға еліктей отырып, жастарымыз көптеген өмірлік сауалдарына жауап тапқан болар еді.
«Иманды ұрпақ көбейсе, елдің болар тірегі» дегендей, саналы, иманды ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосайық.

Әшірхан ЖАҚСЫБЕК,
Билікөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close