Basty bet
2022 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек қалай берілуде?
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі № 246 Заңымен реттеледі, оны жүзеге асыруда бірқатар заңға тәуелді актілер қабылданған:
– «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығы»;
– «Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығы;
– «Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені, сонымен қатар өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарын бекіту туралы» және аймақтық деңгейдегі басқа да нормативтік құқықтық актілер.
2021 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы №487 бұйрығына сәйкес бірқатар өзгерістер енгізілді.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы 2001 жылғы 17 шілдедегі №246 Заңының 7-бабына сәйкес Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептелінеді.
Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады.
АӘК екі формада: шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіле бастағанын атап өткен жөн. Шартсыз ақшалай көмек алушылар үшін АӘК, бұрынғыдай, ешқандай шарттарсыз тағайындалады.Сонымен қатар, АӘК алушы отбасылардағы 1-6 жастағы балаларға азық-түлік жиынтықтары және тұрмыстық химия тауарларының жиынтығының кепілдендірілген әлеуметтік топтамалары, орта білім беру ұйымдарында оқитын 6-18 жастағы балалар үшін тиісті жылдың 31 тамыз жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларына жылына бір рет берілетін мектеп формасы немесе спорттық киім жиынтығы және жылына бір рет берілетін мектепке қажетті құралдар жиынтығы кепілдендірілген әлеуметтік топтамаларын беру жалғастырылуда.
АӘК тағайындауда отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартса АӘК тағайындалмайды. Еңбекке қабілетті азамат жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылады. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең басты шарт – отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі жұмыс істеуі тиіс және өз отбасы үшін жауапкершілігі бар. Аз қамтылған отбасылардың жұмыссыз азаматтарға бағытталған жұмыспен қамту бағдарламасы аясында АӘК алушыларға бос жұмыс орындары, жеңілдетілген шағын несие, қайтарымсыз грант және жаңа кәсіпті үйрену ұсынылады.
2022 жылға «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттік трансферттер есебінен 323554,0 мың теңге, жергілікті бюджет есебінен 64711,0 мың теңге, барлығы 388265,0 мың теңге бөлінді.
Қолданыстағы Заңға сәйкес, ағымдағы жылдың 7 айында өтініш берген 727 отбасының ішінен 661 отбасының 3578 адамына 172100,7 мың теңге тағайындалды, 66 отбасына Ережеге сәйкес АӘК тағайындаудан бас тартылды. Оның ішінен, отбасының жиынтық табысы бекітілген кедейлік шегінен асып кеткендіктен 45 отбасы, учаскелік комиссия қорытындысы негізінде 21 отбасы.
Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш қабылдау былтырғы жылдан бастап «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) арқылы жүзеге асырылуда.
Шартсыз ақшалай көмек еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларға беріледі. 1-тоқсанда шартсыз ақшалай көмекпен 81 отбасы қамтылып, 28603,4 мың теңге көлемінде көмек тағайындалып, төленді.
Шартты ақшалай көмек аз қамтылған отбасындағы еңбек жасындағы азаматтар міндетті түрде мемлекеттің жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда беріледі. 7 айда 3302 адамы бар 593 отбасына 143497,4 мың теңге тағайындалып, төленді.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылданған кезде бір мезгілде бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама беру туралы шешім қабылданады. Биылғы жылға, «Кепілдендірілген әлеуметтік топтама» бойынша республикалық бюджеттен трансферттері 87972,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 17595,0 мың теңге, барлығы 105567,0 мың теңге бөлінді.
2022 жылдың 7 айында атаулы әлеуметтік көмек алушы 661 отбасындағы 1- 6 жастағы 943 балаға 4582 дана азық-түлік топтамалары және тоқсанына бір рет берілетін 853 дана химиялық тұрмыстық топтамалар таратылып берілді.
Жиынтық табысты есептеу барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесіне» сәйкес, жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан алған бір айдағы табысы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен кем емес мөлшерде есепке алынады.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушыларға яғни қайтарымсыз грант алған отбасылардың төлеген бірыңғай жиынтық төлемі, отбасының жиынтық табысына есептелмейді. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы кәсіпкерлік қызметті дамытуға мемлекеттік қолдау алғаннан кейінгі алты айдан кейін түскен табыс есепке алынады.
«Тұрғын үй көмегін тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша, 2022 жылдың 7 айында тұрғын үй көмегіне 720 адамы бар 144 отбасынан өтініш қабылданып, оның ішінен 110 отбасының 549 адамына 4324,2 мың теңге тағайындалды. Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік Корпорациясы» коммерциялық емес АҚ” -нда «электрондық үкіметтің ” www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін беру нысаны: электрондық түрде.
Тұрғын үй көмегі Жуалы аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 қарашасындағы №73-3 шешімімен бекітілген «Жуалы ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй көмегін көрсету қағидалдарына сәйкес тағайындалады. Шекті жол берілетін шығыстар үлестерін есептеу, аудан бойынша белгіленген нормалар шегіндегі шығыстар үлесі отбасының (азаматтың) жиынтық табысының 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Тұрғын үй көмегі осы елді мекенде тұрақты тұратын және осы тұрғын үйде тіркелген тұрғын үйдің меншікті иелеріне аудандық жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұсынылады. Тұрғын үй көмегі оны алуға құқығы пайда болған күннен бастап, тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға тағайындалады және қызмет алушылардың есеп шоттарына аударылады.
Жанна Махмудова,
әлеуметтік көмек көрсету
сектор меңгерушісі