Basty bet

«Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті»

жас сарбаздар қасиетті Отанға адал болуға Ант қабылдады

Әскери ант қабылдау – Қарулы Күштердің қатарына қосылған әрбір жас сарбаздың басынан өткеретін рәсімі. Бұл Отан күзетіндегі сарбаздар үшін ұмытылмайтын салтанатты оқиға. Көпшілік алдында ел қорғауға әзір екендерін салтанатты түрде мәлімдеудің жауапкершілігі жоғары екенін түсінген әскерилер қасиетті Отанды да қорғауға аса бір құлшыныспен кірісетіні анық.

Иә, асылында қазақ халқы – батыр халық. Дәуірдің небір сынақтары мен тәуекелдерін көп көрген халқымыз небір ержүрек батырларды тудырған. Ел қорғаған ерлерді басқалардан ерекше сыйлап, оларға құрмет көрсеткен.
«Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Ерлік – тәрбиенің жемісі», «Намысты нанға сатпа» деген нақыл сөздерді де жас ұрпаққа үлгі етіп қалдырған ұлы тұлғаның өнегелі өмірі мен әскери қызметтегі мол тәжірибесінің патриоттық тәрбиеге қосар үлесі орасан зор. Бүгінде Батыр Баукеңнің есімін білмейтін, оның батырлығы мен ұлтжандылығынан үлгі алмайтын азаматтар кемде-кем. Ал Батырдың кіндік қаны тамып, туып-өскен Жуалыдай қасиетті өлкеде Отан алдындағы әскери азаматтық борышты өтеу әрбір ер азамат үшін абыроймен қатар, үлкен жауапкершілікті де жүктейді. Бұл ең біріншіден әскери және отаншыл патриоттық тәрбиенің қайнар көзі екені даусыз.
Биыл Жуалы ауданының аумағындағы 91678 әскери бөлімінде Отан алдында азаматтық борышын өтеп жатқан жас сарбаздардың барлығы Алматы қаласынан келген. Өткен аптаның сенбі күні Қазақстан Республикасындағы барлық әскери бөлімдерде жас сарбаздар Отан алдында адал болуға Ант берді. Мұндай қуанышты рәсім ауданның аумағындағы 91678 әскери бөлімінде де ұйымдастырылды. Онда барлығы 50 сарбаз көпшілік алдында салтанатты түрде әскери Ант қабылдады.
Әскер қатарына шақырылған жас сарбаздардың Ант қабылдау рәсімінің аса маңызды салтанатты шара екенін жоғарыда айтқанымыздай, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің жас сарбаздарының әскери Ант қабылдау рәсімі салтанатты жағдайда ұйымдастырылды. Бөлімнің басшылық құрамы және әскери қызметшілерінің бұл рәсімге аса тыңғылықты дайындалғаны анық байқалады. Келісім-шарт негізінде қызмет етіп жүрген әскерилер алаңда сап түзеп тұр. Саптың бір жағында әскери оркестр шараны сүйемелдеуде. Ал алаңның дәл ортасында жас сарбаздар сап түзеген. Ант қабылдау рәсімі басталмас бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, бөлімнің жауынгерлік туы ортаға әкелінді.
Ант қабылдау рәсіміне барлығы 50 жас сарбаз қатысып, олар тиісінше, төрт топқа бөлініп, салтанатты жағдайда Ант қабылдады. Олар Отанға адал қызмет етуге, мемлекет құпиясын қатаң сақтауға және Антына адал болуға көпшіліктің алдында серт берді.
Жас сарбаздардың әскери Ант қабылдау рәсіміне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының кадр бөлімінің бастығы, подполковник Ерлан Қазыбаев, 91678 әскери бөлімінің командирі, подполковник Арман Сабыров, ауданнан Қарулы Күштердің ардагерлері, запастағы майор Бақытгүл Жексекеева, Айдар Болбырақов және сарбаздардың ата-аналары мен бауырлары және туған-туыстары қатысты.
Салтанатты Ант қабылдау рәсіміне орай жас сарбаздарды 91678 әскери бөлімінің командирі, подполковник Арман Сабыров құттықтады.
Келесі кезекте сарбаздарға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының кадр бөлімінің бастығы, подполковник Ерлан Қазыбаев игі тілегін арнады.
-Офицерлер, сержанттар және сарбаздар!
Құрметті ата-аналар және қадірлі қонақтар!
Әскери ант қабылдау – нағыз азаматтықтың, әр азаматтың халқына, Президентіне, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасына шынайы және адал қызмет етуге қай кезде де дайын болуының кепілі.
Елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін әскерге алынған әрбір азаматтың өміріндегі маңызды қадамдардың бірі – әскери Ант қабылдау рәсімі. Бұл – ежелден келе жатқан және әлемнің көптеген елдерінде сақталған салтанатты шара. Қазақстан Республикасының әскери Анты 1992 жылы Қарулы Күштер құрылғаннан кейін жазылған және Президенттің 1992 жылғы 25 тамыздағы Жарлығымен бекітілді.
Жас сарбаздарды айбынды мереке әскери Ант қабылдау рәсімімен шын жүректен құттықтаймын. Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болуларыңа тілектеспін. Қайратты, мақсатты болыңыздар. Қызметте табыс тілеймін,- деді подполковник Ерлан Еркінұлы.
Ант қабылдау салтанатты рәсімінде Қарулы Күштердің ардагері, запастағы майор Бақытгүл Жексекеева құттықтау сөз сөйлеп, сарбаздарға игі тілегін жеткізді. Ал әскери Ант қабылдау рәсіміне осында арнайы келген сарбаздардың ата-аналарының атынан Эльмира Тұрсынбаева сөйлесе, Ант берген жас сарбаздардың атынан Әлғанибек Рысбек сөз сөйлеу құрметіне ие болды. Сарбаздар атынан сөз алған жас жауынгер елге, Отанға адал қызмет ететінін айтып, өздерін әскери өмірдің сан түрлі машықтарына баулып жатқан бөлім басшылығына алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар, 91678 әскер бөліміндегі Ант қабылдау рәсіміне байланысты әскери қызметшілер саптық жүріс көрсетсе, жас сарбаздар әскери қарулық тәсіл орындау және қоян-қолтық ұрыстан көріністерді сәтті орындады. Бұл жас сарбаздардың алғашқы әскери машықтары саналады. Олар алдағы уақытта офицерлердің үйретуімен басқа да күрделі әскери қимылдарға машықтанатын болады.
Ал Отан қорғайтын арлы да намысты, жігерлі перзенттерді дүниеге әкеліп, азамат қатарына қосқан ата-аналардың жан толғанысын сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес те шығар. Сондай ата-ананың бірі, сексен жасты алқымдаған қария Махмұт Ибадуллаев Астана қаласынан осында арнайы келген екен.
-Бұл әскери бөлімде менің тұңғыш немерем Абдолла Ибадуллаев Отан алдындағы әскери азаматтық борышын өтеуде. Бүгін немерем өзінің әскердегі қарулас достарымен бірге салтанатты түрде әскери Ант қабылдады. Баламның ел қорғайтын үлкен азамат, жігерлі сарбаз болғанын көріп қатты қуанып әрі толқып тұрмын. Бұл – біздің әулет үшін аса маңызды қуанышты оқиғаның бірі. Ант қабылдау рәсіміне Абдолланың өз ата-анасы және туыстары Алматы қаласынан келді.
Немереме әскери қызметте мол табыс, елімізге амандық тілей отырып, Батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған қасиетті өлкеге келгеніме де қуанышты екенімді жеткізгім келеді. Заманымыз бейбіт, жастардың келешегі жарқын болсын,- дейді қария қуанышын жасыра алмай.
Қазақтың қаһарман перзенті, халықтың жүрегінен өшпестей орын алған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген өсиетті жас ұрпаққа өнеге етіп қалдырды. Батыр Баукең тағы бір сөзінде: «Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі»,- дейді.
Жалпы Отанға қызмет ету, әскер қатарында болу – әрбір ер азамат үшін қасиетті борыш әрі абыройлы мәртебе болып саналады. Бұл туралы Бауыржан Момышұлының: «Намыс – азаматтың алтын туы!» деген нақыл сөзі әрбіріміздің жүрегімізде жаңғырып отырса игі. Салтанатты Ант қабылдау рәсімінде біз Отан алдында серт берген әрбір жас сарбаздың жүзінен осыны анық аңғарғандаймыз.
Айта кету керек, шараға ата-аналармен қатар, ауданға қарасты алты мектептен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен оқушылар қатысып, келген қонақтар сарбаздардың бір күндік өмірімен және арнайы дайындалған қару-жарақ, киім үлгілері және әскери техникалар көрмесімен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, әскери Ант қабылдау рәсіміне орай сарбаздар кешкі сағат 18:00-ге дейін ата-аналары және туған-туыстарымен бірге сейілдемеге босатылады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close