Basty bet
Жамбыл облысында 11 су қоймасы салынады
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте вегетациялық кезеңнің өту барысы, су қоймалары мен каналдардың бүгінгі жағдайы туралы талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков күн тәртібіндегі мәселе туралы баяндама жасады. Ол су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің өңірлік жол картасы аясында облыс бойынша 257 су шаруашылығы нысанына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланғандығын жеткізді.
Басқарма басшысы коммуналдық меншіктегі 250 нысанның 56-сының жобалық – сметалық құжаттамасы әзірленгендігін, 74-нің сметалық құжаттарына аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, дайындалуда екендігін атап өтіп, қалған 120 нысанның құжаттарын дайындауға аудан әкімдіктері қаражат қарастырмағандығын ашып айтты.
Өз кезегінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекеменің теңгерімінде 113 су қойма мен бөгеттер тіркелгендігін жеткізді.
Жалпы, өңірдегі апатты жағдайда тұрған 23 су қоймасының 13-і 2021-2022 жылдары жөндеуден өтсе, қалған апатты су қоймаларында биыл жөндеу жұмыстары жүруде.
Облыста алдағы жылдары су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 11 су қоймасының құрылысы жоспарланған.
«Жамбыл су қоймалары» КММ теңгеріміндегі жаңадан соғылатын сегіз су қоймасына «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жүргізуге оң қорытынды алынған.
Басқосуда «Қазсушар» РМК облыстық филиалының су пайдалану бөлімінің басшысы Қайсар Бестерековтің де есебі тыңдалды.
Облыс әкімі барлық жұмыстар сапалы әрі жоспарлы мерзімінде орындалу керектігін ескертіп, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуде немқұрайдылық танытып отырған аудан әкімдері мен басқарма басшыларын сынға алды. Құжаттарды уақыт созбай әзірлеуді, каналдарды жаңғыртуға облыстық бюджеттен бөлінген қаржыларды жыл соңына дейін сапалы игеруді тапсырды.
Аймақ басшысы бұл жұмыстардың суармалы су мәселесін шешудегі әсерін айрықша атап өтті.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов суармалы су тапшылығы ауа райына, көрші елден келетін су көлеміне байланысты екендігін де тілге тиек етіп, су каналдарын жөндеу, жаңа су қоймаларын салу, ұңғымаларды қазу жұмыстарының маңыздылығына да тоқталды.
Қолда бар су көлемін арнайы кесте арқылы кезекпен беру, заңсыз су сорғыларын орнатуға жол бермеу мәселелеріне назар аудартты.
– Біз көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруалар мен «Қазсушар» мекемесінің су жеткізу бойынша арнайы келісімге отыру керектігін ескерткенбіз. Соған сәйкес, шаруалар да түсіністік танытып, егіс алқаптарына суды әр шамада қажет ететін дақылдардың түрін есеппен отырғызуы керек еді. Қазір судың жетіспеушілігін айтып шағымданған шаруалар жоқ емес. Демек, бұл ретте «Қазсушар» мекемесі мен аудан әкімдіктерінің үйлестіру жұмыстары өз деңгейінде орындалмаған,-дей келе Нұржан Нұржігітов жауаптылардың сылбыр жұмысына тиісті баға берілетінін баса айтты.
Сондай-ақ, кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша орындаушылық тәртіп қаралды.
Облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Жарқын Әбдіжапар мен облыс әкімінің кеңесшісі баяндама жасап, аймақ басшысының аудандардағы жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының орындалу деңгейі қаралды.
– Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтырдан бері аудан, ауылдардағы тұрғындармен кездесудеміз. Аудандағы іссапарлар мен кездесулердегі, жеке қабылдаудағы азаматтардың өтініштері мен көтерген мәселелерін заң аясында нәтижелі шешуге тиіспіз. Дегенмен, ол мәселелер қаншалықты шешілуде, сапасы ойдағыдай ма? Біз енді осы сұрақтарға жауап ретінде, тұрақты түрде талдап, тапсырмалардың орындалуын бақылап отырамыз. Әр басшы ай сайын кемінде бір азаматтың мәселесін шешуі керек деген міндет те назардан тыс қалмауы керек,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі