Basty bet

Елдік пен ынтымақтың, бірлік пен бауырластықтың мерекесі!

Құрметті жұлдызы биік жуалылықтар!
Қымбатты жерлестер!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – бабаларымыздан мұра боп қалған береке-бірліктің, ізгіліктің жолы болсын деген ақ тілеулі, жақсылық пен келісімнің, жаңа күннің символы. Наурыз – көктемнің басы саналады. Ата-бабалардан қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Наурыз мерекесінде xалқымыз жиналып, бұлақтардың көзін ашып, айналаға жасыл-желек отырғызатын болған. Осынау шақта ел-жұрттың көңілінде жаңа үміт пайда болып, ертеңгі күнге деген сенім нығаяды. Сол себептен xалқымыз Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды.
Кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі жаңа заманға сай жаңаша сипатқа ие болып отыр. Бұл туралы Президент биыл Наурыз мерекесі басталар тұстағы Амал мерекесінде: «Әз-Наурыздың бастауы – Амал күні құтты болсын! Бұл – халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпын жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған бірегей дәстүріміз. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі. Ел ырысы көбейе берсін! Жыл жақсылығымен келсін!» деп барша халықты жарқын мерекемен құттықтады.
Наурыз мерекесі – ұлты мен дініне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Бұл – өте қуанышты жағдай. Наурыз мерекесінің ұлттар мен ұлыстардың арасындағы достықты бекіте түсуге, бауырластықты нығайтуға, ынтымақ пен бірлікті арттыруға және әр ұлттың салт-дәстүрін қайта жаңғыртуына үлкен әсері бар екенін айтқым келеді.
Наурыз – қазақ халқының Жаңа жылы. Бұл – мыңжылдықтардан бері өзгермей келе жатқан ұлы заңдылық. Бұл мереке ұлт пен дінді талғамайды. Осынау жарқын мереке біздің мызғымас бірлігіміз бен ырысты ынтымағымыздың көрінісі іспетті.
Басқа өңірлер сияқты Наурыз мерекесін қасиетті Жуалы жерін құтты қоныс етіп отырған барша ағайын, ондағы ұлттар мен ұлыстардың өкілдері де ерекше атап өтіп келеді. Бұл – біздің баба салтымыз бен ата дәстүріміз, айнымас ауызбіршілігіміз. Ал ынтымақ пен береке болған жерде ғана береке мен ырыстың артатынын жақсы білеміз.
Қымбатты жерлестер!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі халықтық мерекеде баршаның үміті ақталып, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін. Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын.
Баршаңызға ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тілеймін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Игі тілекпен құттықтаушы,
Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close