Basty bet
Жасөспірімдер арасында туберкулездің алдын алу
Жасөспірімдік кез келген адам өмірін қамтамасыз ететін процестерді реттейтін негізгі физиологиялық жүйелер қызметінің тұрақсыздығымен және алуан түрлілігімен ерекшелене дамитын күрделі кезең. Жыныстық қызмет қалыптасу процесінде болатын бірқатар органдардағы және жүйелердегі морфологиялық қызметтік өзгерістер бұл жас кезеңін басқа жас кезеңдерінен ерекшелендіреді, оның қорғаныс және бейімделу мүмкіндіктерін өзгертеді. Жас мөлшеріне байланысты ағзадағы физиологиялық өзгерістерді, гемодинамиканың, тыныс алудың, иммунологиялық реактивтіктің ерекшеліктерін белгілейді. Бұл жас мөлшеріндегі әртүрлі ерекше зор дамуы және қайта құрылуы сөзсіз, ағзаның реактивтігіне, оның қорғаныс және бейімделу мүмкіндіктеріне әсер етеді.
Жасөспірімдердің өсуіне, ағзаларының дамуына, денсаулық жағдайына және тәндік қабілеттілігіне дене шынықтырумен белсенді айналыспау өз ықпалын тигізеді. Қимылдың аздығы ішкі органдардың және зат алмасуының бірқатар созылмалы ауруларының дамуына әкеліп соғады.
Жасөспірімдерде жиі байқалатын патология туындататын физиологиялық немесе қызметтік ауытқулардың себебі болатын факторлардың алдын алу басты міндеттердің бірі болып табылады.
Жасөспірімдер ішіндегі туберкулезбен күрес мәселелері өте маңызды. Оларды жеңбей бүкіл халық арасында кең тараған ауру ретінде туберкулезді жою мүмкін емес.
Туберкулез – жұқпалы ауру. Оның қоздырғышын туберкулез бактериясын 1882 жылы белгілі неміс ғалымы Роберт Кох ашты. Туберкулез бактериялары оларға қатысты зиянды ықпалдарға, оның ішінде дәрі-дәрмектерге зор тұрақтылықпен ерекшеленеді. Қақырықтың жұқа қабатындағы бактериялар күн көзінің әсерінен тек 2-3 сағаттан кейін өледі. Көше шаңында олар екі аптаға дейін сақталады. Әйтсе де олар жоғары температураға өте сезімтал. Қақырықты қайнатқанда ондағы туберкулез бактериялары бірнеше минуттан кейін өледі. Негізгі жұқтыру көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас. Ауру адамның қақырығымен туберкулез таяқшасы бөлінеді. Науқас адам қақырығын еденге немесе жерге түкіргенде ол шаңмен араласады. Осындай шаңды жұтқан сау адам ауруды жұқтыруы мүмкін. Туберкулез бактериялары сау адам ағзасына дауыстап сөйлегенде, қатты түшкіргенде, жөтелгенде, сілекей шырыш шашырандылары және ұсақ тамшылармен түседі. Көптеген адамдар өмір бойына туберкулез бактерияларымен өмір сүруі мүмкін, әйтсе де олардың тек аз ғана бөлігінде ауру дамиды. Бұл жағдай туберкулез инфекциясын қабылдағыштығына қарамастан, адам ағзасы бұл инфекцияға едәуір тұрақтылықпен ерекшеленетінін білдіреді.
Туберкулезді жұқтырған кезде аурудың әрі қарай дамуына және ауыр түрде өтуіне бірқатар факторлар ықпал етеді.
Әлеуметтік-тұрмыстық орта және құнарлы тамақтанбау.
Психологиялық күйзелістер.
Қосарланған аурулар (қант диабеті, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы спецификалық емес аурулары).
Зиянды әдеттер (алкоголь, темекі шегушілік есірткілер).
Туберкулездің алғашқы белгілерін кеш анықтау.
Туберкулез сияқты көп түрде мәлім болатын басқа дертті атау қиын. Шынында да, туберкулезден әртүрлі жастағы және жыныстағы адамдар зардап шегеді. Бұл ауру кезінде тек өкпе ғана емес, сонымен қатар сүйек, көз, тері, бүйрек, жүйке және лимфа жүйелері де зақымдалуы мүмкін. Кейде өкпе қабынуы сияқты, ауру жедел түрде басталады. Кей кезде ол құпия және елеусіз өтеді және кездейсоқ жағдайларда, мысалы рентген арқылы зерттегенде ғана анықталады. Ал көбіне туберкулез астыртын, білдірмей дамиды. Әртүрлі жалпы бұзылыстармен және жергілікті көріністермен қабаттасады.
Аурудың негізгі белгілері болып табылады.
Екі аптадан астам жөтелу.
Тәбеттің жоғалуы.
Арықтау.
Түнде терлеу.
Дене қызуының 37,0-37,5 С-қа дейін жоғарылауы.
Жалпы әлсіздік, қажып шаршау, сабақты меңгерудің төмендеуі.
Кеуденің шаншуы.
Бұл белгілердің біреуі немесе бірнешеуі анықталған жағдайда, дәрігерге көрініп, туберкулезге тексерілу және оның бар-жоқтығын анықтау керек. Туберкулезді анықтауды ең сенімді әрі тиімді тәсілдері: 1) туберкулез таяқшаларын қақырықты микроскопиялық және ПЦР тәсілімен тексеру арқылы анықтау. 2) Рентген-флюрографиялық тәсілмен анықтау. 3) Туберкулин егу яғни Манту, Диаскин сынамасы арқылы анықтау.
Жасөспірімдерде туберкулезді анықтау, дертті тез арада ешқандай асқынусыз емдеуге, сондай-ақ контакт адамдардың жұқтыру қаупін төмендетеді. Туберкулезге шалдығушылықты төмендету, мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі туберкулезге шалдыққан адамдарды тегін тексеруді және емдеуді қарастыратын туберкулезбен күресу ұлттық бағдарламасын қабылдады. Туберкулез ошақтарының қай жерде орналасқанына қарамастан, науқастарды емдеудің негізгі әдісі бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған стратегиясы бойынша химиотерапия енгізілген.
Қалижан Әміреев,
аудандық орталық аурухананың
фтизиопедиатр дәрігері