Basty bet

Ыстықкөлдегі кездесу немесе Шыңғыс Айтматовтың соңғы сұхбаты

– Бөс, бөс, қарақшы қырғыз! Бұл сенің соңғы рет қарғаша қарқылдауың,– деп тістене кектенген Медетбек аулаға шықты. Екі жүйрік атты ерттеп қойып, қалған бес-алты жылқыны босатып, үйдің жанындағы терең сайға айдап жіберді. Қырғыз жасақтары ауызғы бөлмеге тастаған алмас қылышты қолына алып, боза ішіп, бөртіп отырған қырғыздардың үстіне баса көктеп кіріп келді.
Ей, қарақшылар! Мен мақау емеспін, қазақтың Медетбек деген батыры боламын. Ал, енді имандарыңды айта беріңдер, қор болған бауырларым үшін сендерден кек аламын, – деп қырғыз батыры мен манаптың басын қылышпен шауып, үйден шықты да, аттың біреуін мініп, екіншісін жетекке алып, шаба жөнеледі…
Мен Ыстық көлге келе жатып, тарихта болған осы оқиғаларды көз алдыма елестеттім. Құлағыма Медетбек батыр мінген тұлпардың тұяқ дүбірі естілгендей болды.
…«Ыстық көл» форумының жалғасы көрікті көлдің жағалауындағы «Қырғызстан» санаторийінде өтті. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен арнайы ат шаптырып келген, атағынан ат үркетін ақын-жазушылар, саяси қайраткерлер бас қосқан Халықаралық жиын демалысқа ұласты. Қырғыз ағайындар да қазақ сияқты той десе барын шашып тастайтын қонақжай халық. Бұл той да Манастың 1000 жылдығына арналған ұлан ғасыр мерекеден бір кем болған жоқ. Қырғыздардың ежелгі салт-дәстүрі бүгінгі заманның жоғарғы талғамымен жалғасып, дүркіреп өтті. Франция, Италия, Германия, Испания, Белгия, Португалия, Ресей және басқа да елдерден келген меймандар Алатаудың күнгей жағындагы әдемі көлдің көркіне тамсана көз тастап, суына шомылып, яхтаға мініп, мәз-мейрам болысты.
Мұхтар Шаханов ағам ескертіп қойған болуы керек, «Ыстық көл» форумын өз дәрежесінде өткізуге бар күш-жігерін жұмсап жүрген, бүкіл әлем мойындаған аса дарынды қаламгер Шыңғыс Айтматов қанша шаршап- шалдығып жүрсе де, қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов туралы сұхбат беруге келісімін берді.
– Мына шалқып жатқан Ыстық көлдей терең, анау Алатаудай биік әрі шоң қос Мұхтарды білемін. Оның алғашқысы заманымыздың заңғар жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты, менің рухани ағам Мұхтар Әуезов, ал, екіншісі бір қазаққа ғана емес, әлем әдебиетінде, оның ішінде поэзияда өзінің үлкен орны бар менің бауырым, рухани інім Мұхтар Шаханов. Мұхтардың асқақ рухқа толы ғаламат поэзиясына бір ауыз сөзбен баға беруге болмайды. Ол бүкіл Түркі әлемі мойындаған ұлы ақын. Басына ноқта симайтын батыр, өршіл ақын. Өлеңді кие тұтқан, жаны жаңа жауған қардай кіршіксіз таза ақын. Қазақ халқы мен оның болашағы мен келешегі үшін қарлығашша шырылдайтын, елінің үлкен бақыты үшін ештеңеден тайынбайтын қайраткер, батыр ақын. Елші ретінде қазақ пен қырғызды жақындатып, екі туысқан халықтың достығын паш етіп, рухани дүниесін биікке көтеріп жүрген бауырмал жан. Мен Мұхтарды көргенде қазақ бауырларымның кең байтақ даласын, сол даладай кең пейілін көргендей боламын! – деп ұлы қаламгер Мұхтар інісі туралы ағынан жарылды.
Бұл менің Шыңғыс Айтматовтан алған алғашқы және соңғы сұхбатым еді. Ұлы адамдармен сөйлескенде, сені бірден олардың мысы басып тұрады. Бір аңғарғаным, есімі бүкіл дүние жүзіне белгілі жазушының тұла бойынан осы арақашықтықты алыстатып тұратын қасиет мүлдем байқалмады. Жүзінен үлкен парасаттылықтың нұрлы шуағы төгіліп, адамды өзіне бірден баурап алады екен, менімен туған ағамдай еркін, жылы сөйлесті. Толқып жатқан Ыстық көлдің жағасында дидарласып отырып, Шыңғыс Айтматовтың даналығы мен қарапайымдылығына таң қалдым.
– Атың қызық екен, – деді Шыңғыс аға мен ұсынған өзінің кітабына қолтаңба жазып жатып – Жамбылдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында оқып жүргенімде менің Доқтырбек деген досым болды, есімін ырым етіп, осылайша қойыпты.
– Менің анам ауылдағы әйелдердің арасында тұңғыш рет Жуалы ауданындағы жалғыз перзентханада босаныпты. Сіз айтпақшы, ырым етіп, атымды Доқтырхан қойған екен, – дедім мен күле жауап беріп.
– Менің туған ауылым Шекер мен Жуалы ауданы шектесіп жатыр. Бұл құтты жерді жақсы білемін, ертеректе «Правда» газетінде тілші болып жүргенімде «Жуалының ақ бидайы» деген үлкен очерк жазған болатынмын. Солай доқтыр болмай, журналист болып кеткем, бауырым, – деді Шыңғыс Айтматов менің арқамнан қағып. – Айтпақшы, жақында Алматыға келгенде Мұхтар інім екеуміз сенің қазақ теледидарынан жүргізіп жүрген «Бойтұмар» деген хабарыңды көрдім. Мұқаң сені жақсы көреді екен, әбден мақтады. Түбі бір, тегі бір түркі халықтардың салт-дәстүрін, тарихын, ұлы тұлғаларын насихаттағаның өте дұрыс. Қилы-қилы заман болып, бәрімізге ортақ рухани қазығымыздың алтын діңгегін босатып алдық қой. Соны мықтап бекіту керек. Онсыз біз алға жылжи алмаймыз. Рухани байлық жоқ жерде, ырыс та, береке де, татулық та, бейбітшілік те болмайды. Осыны ұмытпа, Доқтырхан інім. Ісіңе сәттілік тілеймін!
– Рақмет, Шыңғыс аға! Кішкентай еңбегімді кәдімгідей бағалап жатырсыз. Мен үшін одан асқан қуаныш жоқ! – дедім алғыс сезімімді білдіріп.
Осындай сәтті пайдаланып қалатын бір топ журналист ағайындар Шықаңды жан-жақтан қоршап, сұхбат ала бастады.
Франциядан келген жас журналист қыз өжет екен, суырылып алға шығып: «Сіздің туындыларыңыздың көптеген кейіпкерлері қазақтар болып келеді. Оның себебі неде?» – деген ойлы сұрақ қойды.
– Қазақ пен қырғыз түркіден тарайтын туысқан халықтар. 15-16 ғасырдан бері Алатаудың екі шетінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақ пен қырғыз ежелден қыз беріп, қыз алысқан, мың жылдық құда болған, салты, дәстүрі, діні, тілі өте жақын ел. Біздің куанышымыз, қайғымыз, тағдырымыз бір халықпыз. Алатаудағы жайлауларда осы күнге дейін қазақтарсыз той өтпейді. Сондықтан да, менің романдарымда қазақ кейіпкерлерім көп кездеседі. Ол кейіпкерлерсіз кез-келген туындым шымыр, шынайы шықпаған болар еді, – деді Шыңғыс парасатқа толы сөздермен салиқалы жауап беріп.
– Менің Орта Азияда тұңғыш рет болуым. Қырғызстанның табиғаты маған ұнады. Көрші жатқан Қазақстан қаңырап жатқан шөлді ел дейді. Осы рас па? Жалпы қазақ деген қандай халық? – деді Италияның журналисті тақ-тақ етіп.
– Мен сенің соңғы сұрағыңнан бастап жауап берейін, – деді заңғар жазушы күле сөйлеп. – Қазақ елінің бір шеті мен екінші шетін 6 мың шақырым жер алып жатыр. Бұл кең байтақ жерге 9 Франция, 20-ға жуық Италия сыйып кетеді. Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі де сондай дархан. Өскен ғылымы, әдебиеті, мәдениеті өркендеген мемлекет, былайша айтқанда Орта Азияның көшбасшысы – Қазақстан. Қазақ пен қырғызда «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген сөз бар. Мүмкіндік болса, өз көзіңмен көріп, Қазақстанға барып қайтқаның жөн.
Енді бірінші сұрағыңа жауап беруге тырысайын. Қазақстанда шөл де, өзен мен көл, теңіз де бар, асқар-асқар тау мен сыңсыған орман да бар. Жерінің беті де, асты да тұнып тұрған байлық. Көкшетаудың, Өскеменнің сұлу табиғаты Швейцариядан бір кем емес. Бір сөзбен айтқанда, ғажайып өлке, ырысты, берекелі ел. Осының бәрін Жаратқан ием қазақ ағайындардың ақ пейіліне қарап берген болуы керек.
Бір топ шетелдік журналистерге қысқа, бірақ өте тұжырымды жауап берген Шыңғыс Айтматов өзін күтіп тұрған мәскеулік ақын Евгений Евтушенко мен Мұхтар Шахановқа қарай бет алды.
Дүние жүзінің барлық ізгі ниетті адамдары хан көтеретін аса талантты жазушының жүрегінен шыққан шынайы лебізді тыңдай отырып, іштей қатты толқып тұрдым. Дуалы ауызды Айтматов өте орынды айтады. Иә, қазақ халқы байтақ жерді алып жатқан кең халық, жомарт халық, данышпан халық, батыр халық! Ал, қырғыз бен казақтың арасындағы ізгілікті жолды, бауырмалдыққа толы туыстық жолды алғаш салған біздің Есқожа, Таңатар, Құдайберді, Медетбек батыр сияқты дана бабаларымыз бен аталарымыз. Шыңғыс ағаның ұлағатты сөздерін тыңдап, мен осыны тереңірек ұғына түскендей едім.
Ерен батырлығы мен үлкен адамгершілігін досы да, дұшпаны да мойындаған Медетбек батыр қас жауының адамға тән жақсы қасиетін көрсе кешіре білген, иілген мойынды алмас қылышпен шаппаған, бірақ, ешқашан да басынан сөз асырмаған, намысын аяққа таптатпаған. Сондықтан да, қазақ-қырғыз бабамызды хан етіп көтерді, кұрметтеп, сыйлады.
Медетбек батырдың ерлігі әлі де ел аузында аңыз болып айтыла береді.
Ел үмітін ер ақтар,
Ер атағын ел сақтар, – деген осы!

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы-режиссер,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.
Алматы қаласы

Таңдаулы материалдар

Close