Basty bet

Қыс қыр астында…

қар тазалайтын техникалардың қыс мезгіліне дайындығы пысықталды

Кешегі жайдары жаздың жайма шуақ жылы күндері күздің суық мезгіліне ауысып, ауа райы күн сайын құбылып-ақ тұр. Қыркүйек басталғалы (алғашқы күндері) күннің суытқаны анық байқалып, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аудандарында алғашқы қар жауды деген мәлімет әлеуметтік желілер арқылы хабарланды.

Қыркүйектің соңғы аптасы мен қазанның алғашқы күндері оңтүстік облыстарда да күн күрт суытып, Жуалыға алғашқы қар да түсіп үлгерді.
Күннің райына байланысты қысқы кезеңге дайындықты тағы бір пысықтап алудың еш артығы жоқ. Қыстың қамына кіріскенде, тұрғындарға ең алдымен азық-түлік қорын жасақтаумен қатар, отын-суды да молынан дайындаған жөн. Бұл ретте, қысқы жылыту маусымына дайындық барысын тағы бір пысықтап алған да артық етпейді. Қысқы жылыту маусымына байланысты қазір ауданда дайындық жұмыстарының соңғы кезеңі жүргізілуде. Әлеуметтік мекемелерге қыс мезгіліне қажетті көмір қоры түсірілген. Табиғи газбен жылытылатын мекемелердегі жағдай да тұрақты бақылауда.
«Қамданған қапы қалмайды» десек, қыр астындағы тұрған қыстың кезінде аудан аумағындағы автожолдардың тазалығы мен оны күтіп ұстау жұмыстарына қазірден бастап кіріскен жөн. Қысы қатал, қарлы-боранды келетін біздің өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Осы аптада қыс мезгілінде қар тазалайтын арнайы техникалардың жай-күйі тағы бір пысықталды. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаңға қаз қатар қойылған техникалардың дайындығын тексеріп, жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.
Қысқы мезгілде жолдарды күтіп ұстауға жауапты «Жуалы-Су» мекемесінде арнайы техниканың бірнеше түрі бар. Оның барлығы негізінен қар тазалап, аввтомобиль жолдарындағы көліктер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Атап айтқанда, жауапты мекеменің тарапынан қар жаратын үлкен қуатты техника, грейдер, екі бірлік жүктиегіш (погрузчик) техника, КамАЗ, УАЗ жүк көліктері, алты бірлік Беларусь МТЗ-892 доңғалақты тракторы, т.б. барлығы 10 бірліктен асатын арнайы техниканың түзік күйде жүруі тексеріліп, қыс мезгіліне дайындығы пысықталған.
Жалпы ауданда қыс мезгіліне дайындық жұмыстарының барысын, оның ішінде, автомобиль жолдарын қысқы кезеңде қардан тазартуға жауапты мекеменің дайындық барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев баяндап, техникалардың дайындығымен таныстырды. Одан бөлек, қыс мезгілінде автожолдарға себілетін тайғаққа қарсы инертті материалдар, оның ішінде, құм мен тұздың, жанар-жағармайдың жеткілікті қоры туралы да сөз болды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close