Basty bet

Ұлттық құрылтай – пікір мен шешім тоғысқан мінбер

Бүгінде әлемдегі саяси ахуал тұрақсыз. Мұның әсері бізге де тимей қоймайды. Сондықтан өткенге көз жүгіртіп, болашақты байыппен бағамдау аса маңызды. Осы тұрғыда Сыр елінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы маңызды тарихи оқиға болды.
Ұлттық құрылтайдың Қызылорда өңірінде өтуі – тарихқа тағзым. Бір кезде қазақ мемлекеттілігінің негізі қаланған, Алаштың аманаты қалған Сыр бойында ұлт болашағы талқыланды. Бұл – өткен мен бүгіннің, жауапкершілік пен үміттің тоғысқан сәті.
Құрылтайда ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту, мәдениет саласын қолдау және басқару жүйесіне жаңа серпін беретін бастамаларды жариялады. Ең бастысы – ел дамуы үшін батыл шешімдер қабылданды.
Президент ұлттық мұраны сақтау мәселесіне де ерекше тоқталды. Абай ілімінің ұлттық бірегейліктің өзегі екенін атап өтіп, ақынның «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу қажет екенін айтты. Бұл – Абай мұрасын әлемге кеңінен танытатын маңызды бастама.
Сондай-ақ, құрылтай барысында көпшілікті алаңдатқан парламенттік реформа мәселесі сөз болды. Бір палаталы Парламент құру идеясы халық тарапынан қолдау тапқаны айтылды. Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беруді ұсынып, мәселе санда емес, сапада екенін атап өтті. Депутат саны артпайды, комитеттер саны 8-ден аспайды, депутаттар 5 жылға сайланады.
Бұдан бөлек, Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайды Халық Кеңесіне біріктіруді және вице-президент институтын құруды ұсынды. Вице-президент Президенттің ұсынуымен, Парламенттің келісімі арқылы тағайындалады және оның өкілеттігін Мемлекет басшысы айқындайды.
Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай ел дамуына жаңа бағыт берген, тарихи маңызы зор жиын болғаны анық. Мұнда айтылған бастамалар Қазақстанның болашағына деген сенімді күшейтетіні сөзсіз.

Марат Нарымбеков,
«AMANAT» партиясы
Жуалы аудандық
филиалының төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close