Basty bet
“Прокурордың жас көмекшісі” ұйымы өз жұмысын бастады
Жуалы ауданы прокуратурасының бастамасымен №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында “Прокурордың жас көмекшісі” ұйымы және “Болашақ прокурор кеңістігі” бұрышы ашылып, өз жұмысын бастады.
Бұл жоба оқушылардың заңға деген құрметін арттырып, елге қызмет ететін саналы адал азамат тәрбиелеуге және азаматтық жауапкершілік, патриотизм, саналы құқықтық мінез-құлықты қалыптастыруға арналған. Сонымен қатар, алдағы уақытта ел болашағына бей-жай қарамайтын, әділдікті өмірлік ұстаным еткен жас буынды тәрбиелеуге арналған нақты қадам болмақ.
Шараға аудан прокурорының орынбасары Асылхан Тілешов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев және мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Шараға қатысушылар алдымен оқушылардың құқық қорғау саласының қызметімен танысып, заң үстемдігі, әділдік пен жауапкершілік қағидаларын терең меңгеруге септігін тигізетін “Болашақ прокурор кеңістігі” бұрышының салтанатты ашылуына қатысты. Одан кейін оқушыларға Отанды қорғаудың мәні, азаматтық жауапкершілік, тәртіп пен патриоттық тәрбие негіздері үйретілетін алғашқы әскери дайындық кабинетінің жұмысымен танысты.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шара әрі қарай мектептің акт залында жалғасын тапты. Шараның шымылдығы оқушылардың орындауындағы “Әке толғауы” күйімен түрілді.
Алғашқы сөз кезегі заң үстемдігін насихаттауға бағытталған бұл бастаманың мән-маңызын тарқатып айту үшін аудан прокурорының орынбасары Асылхан Еркінұлына берілді.
– “Прокурордың жас көмекшісі” ұйымын ашудағы мақсатымыз – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру, құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ, прокурор мамандығына қатысты қажетті мәліметтермен танысуға мүмкіндік беру. Алдағы уақытта ұйымның жұмысы аясында оқушылар үшін прокуратура органдарының қызметкерлерімен тұрақты кездесулер, тақырыптық дәрістер және құқықтық мәдениетті арттыру мен кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары ұйымдастырылатын болады.
Сондай-ақ, аталған жоба аясында сабақтан тыс мектеп, прокуратура және өзге де мүдделі өкілдердің қатысуымен бірқатар шаралар жүзеге асырылады. Аталған жобаны жүзеге асыру прокуратура органдары мен білім беру мекемелері арасындағы өзара әрекетті нығайтуға және прокуратура органдарының кадрлық әлеуетін дамытуға үлес қосады деп күтілеуде,- деп ұйымға қабылданған оқушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шерелханұлы және аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Е.Оралбекұлы бұл игі бастама жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған нақты қадам болғанын атап өтіп, оқушыларға сәттілік тіледі.
Шарада прокурордың жас көмекшілеріне сенім мен жауапкершіліктің нышаны ретінде арнайы куәлік табысталды. Ұйымға қабылданған оқушылар Ата Заңды құрметтеуге және Отанға адал қызмет етуге ант берді. Бір айта кетерлігі, ұйымға қабылданған оқушылар болашақта өз мамандықтарын прокурор мамандығымен байланыстырып, құқық қорғау саласын таңдап отыр.
Жиында мектеп оқушылары патриоттық ән шырқап, өнер көрсетті. Шара соңында “Прокурордың жас көмекшісі” ұйымы болашақта елге адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелейтініне сенім білдірілді.
