Basty bet

Ауыл мектептерін қолдау – сапалы білімге бастар жол

Еліміздің білім беру жүйесінде ауыл мектептерін қолдау – басым бағыттардың бірі. Осы орайда жүзеге асырылып жатқан «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы ауылдағы шағын жинақты мектеп (ШЖМ) оқушыларына сапалы білім алуға кең мүмкіндік беріп отыр. Жоба аясында аудан орталығындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейге кіріктірілген – №7 Т.Әкімов, №14 Б.Майлин, №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептері, №27 Диқан орта мектебі және №37 Ынтымақ негізгі мектептеріне математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндері бойынша онлайн сабақтар кестеге сәйкес тұрақты түрде өткізілуде. Қашықтан оқыту сабақтарына арналған арнайы кесте бекітілген. Сабақтар барысында тек дәстүрлі түсіндіру әдістері емес, сонымен қатар, Zoom, Microsoft Teams, Google Meet секілді цифрлық құралдардың мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Бұл оқушылардың танымдық белсенділігін 25-30%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Тірек мектеп-лицей мен магниттік мектептер (ШЖМ) арасындағы байланыс «Streaming lessons» форматында жүзеге асырылып, әр сабақ соңында оқушылардың меңгеру деңгейін анықтайтын жедел мониторинг жүргізіледі. Бұл қашықтық сабақтар ШЖМ оқушыларының білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім деңгейін көтеруге оң ықпалын тигізуде. Оқушылар виртуалды зертханаларды қолданып, күрделі химиялық және физикалық эксперименттерді тікелей байланыста бақылау мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде ауыл балаларының функционалдық сауаттылығын арттырып, оқу үдерісіне белсенді қатысуына жол ашуда.
Аталған шаралар ауыл мектептері мен тірек мектеп-лицейдің арасындағы өзара байланыс пен сабақтастықты нығайтып, педагогикалық тәжірибе алмасудың жаңа форматы – «Желілік мектеп» моделін қалыптастыруда. Сонымен қатар, білім сапасын арттыруға бағытталған мұндай жобалар ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын азайтуға септігін тигізуде.
Қорыта айтқанда, «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы – ауыл мектептерін қолдауға, оқушылардың әлеуетін дамытуға және сапалы білімге бастайтын маңызды бастама. Алдағы уақытта мұндай игі істердің ауқымы кеңейіп, ауыл балаларының болашағы үшін берік негіз қалана беретіні сөзсіз.

Жанат КЕНЖЕҚАРАЕВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы
№15 тірек мектеп-лицейі директорының
ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасары.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close