Basty bet

Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер түсіндірілді

Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған түсіндірме топ мүшелері Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің, “ҚазСуШар” РМК-ның Жамбыл филиалына қарасты “Ақсай” өндірістік бөлімшесінің және “Мансап” орталығының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау шаралары, сондай-ақ, әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған өзгерістер жан-жақты түсіндірілді.
Кездесуде аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы жаңа Конституцияның маңызы, оның ел болашағына тигізер әсері туралы өз пікірін білдіріп, қатысушыларға мазмұнды түсіндірме жұмысын жасады. Жаңа Ата заң жобасында көзделген негізгі өзгерістерге жан-жақты тоқталып, конституциялық реформаның басты мақсаты – әділетті, құқықтық және демократиялық мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті. Ұсынылып отырған өзгерістер билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
– Бүгін біз ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын аса маңызды қоғамдық-саяси науқан – Конституциялық реформаларды түсіндіру және насихаттау жұмыстары аясында бас қосып отырмыз. Бұл тақырыптың маңыздылығы – оның тек заңдық сипатында ғана емес. Конституция – мемлекеттің іргетасы, қоғамдық келісімнің өзегі, азамат пен мемлекет арасындағы сенімнің құқықтық кепілі.
Жаһанда жасанды интеллект және цифрландыру дәуірі басталып кетті. Осы көштен қалмай, дамудың негізгі жолына түсу үшінде заң мен тәртіп керек. Бұл реформаны дәл қазір жасап үлгеру керек. Бүгінгі реформа жаһандану кезеңінде елімізді жаңаша дамуына қарай жол бастау болып отыр. Техника мен технологияның қарыштап дамып жатқан кезеңінде бұл реформаның жүзеге асып жатқаны ертеңгі болашақтың кепілі.
Әр алуан ұлтты мемлекетте тұрақтылықты, бірлікті сақтау – ертеңгі тыныштығымыздың кепілі. Тұрақтылықсыз, тыныштықсыз ел дамымайды. Сондықтанда осы мәселелерді зерделей қарайтын болсақ, елімізге серпін беретін, жаңаша бетбұрыс әкелетін ол – жаңа Конституция. Сондықтан Негізгі заңды жаңарту – бүкіл қоғамның тағдырына әсер ететін тарихи қадам. Бүгін біз сөз етіп отырған мәселе жекелеген баптарды түзету немесе жекелеген нормаларды жаңарту туралы ғана емес. Бұл – Қазақстан Республикасының Ата Заңының мазмұны мен тұжырымдамалық негізін түбегейлі жаңартуға бағытталған терең конституциялық жаңғырту, – деді аудан әкімі Ж.Әлижанұлы.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Конституция – әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғайтын басты құжат екенін атап өтіп, оның мазмұнын халық арасында кеңінен түсіндірудің маңызын жеткізді.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close