Basty bet
Білім – болашақтың кепілі: Жаңа Конституция жобасы аясындағы маңызды кездесу
Облыс орталығында Конституцияның жаңа жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Басқосуға колледждер мен мектептердің директорлары қатысып, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мазмұны мен маңызы жан-жақты талқыланды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының білім беру саласына қатысты нормаларын түсіндіру және сала өкілдерінің ұсыныстарын жинақтау болды. Құжатта азаматтардың білім алу құқығын одан әрі нығайту, педагог мәртебесін арттыру, білім беру сапасын халықаралық талаптарға сай жетілдіру бағыттары қамтылған.
Жиында сөз алғандар білім саласы – қоғамның дамуын айқындайтын басты фактор екенін атап өтті. Сондықтан жаңа жобада адам капиталын дамытуға басымдық берілуі – уақыт талабынан туындаған шешім. Білім сапасын арттыру арқылы ғана елдің интеллектуалдық әлеуетін көтеруге және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге болады.
Сонымен қатар, мектептер мен колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, білім беру ұйымдарының басқару тиімділігін арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелері де қозғалды. Қатысушылар Конституцияда бекітілетін нормалар сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға және олардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кездесу ашық форматта өтіп, әрбір қатысушы өз ойын еркін білдіруге мүмкіндік алды. Ұсыныстар мен пікірлер алдағы талқылауларда ескерілетіні айтылды.
Білім саласының өкілдері жаңа Конституция жобасы ел дамуының жаңа кезеңін айқындап, әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыруға негіз болатынына сенім білдірді.