Basty bet

Өңір өнеркәсібіндегі қаржылық қолдау тетіктері: өндіріс жобалары мен кәсіпкерліктің дамуы

Аймақта кәсіпкерлердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және екінші деңгейлі банктер арқылы несие алу мүмкіндігін кеңейту бағытында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы шамамен он бес жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Қордың қолдауымен өңірде бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асырылып, кәсіпорындардың дамуына нақты серпін берілуде. Соның ішінде «Ерсад – 2021» және «Достық и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жобаларын ерекше атап өтуге болады.

Қазіргі таңда «Ерсад – 2021» ЖШС «Super Pharm» фармацевтикалық зауытына қажетті шикізат өндірумен айналысады. Мұнда «спанбонд» деп аталатын тоқыма емес материал шығарылады. Бұл – жұқа полипропилен жіптерінен дайындалатын, экологиялық таза, жеңіл әрі берік мата. Оның жылу өткізбейтін қасиеті бар, бағасы қолжетімді, ұзаққа шыдайды, кесуге оңай әрі құрылымы біркелкі. Осындай сипаттамаларына байланысты өндірісте қымбат материалдардың баламасы ретінде кеңінен қолданылады.

Компания құрылтайшысы Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, пандемия кезеңінде «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты шикізат тапшылығын қатты сезінген. Шекаралардың жабылуы мен халықаралық жеткізілімдердің уақытша тоқтауы кәсіпорын жұмысына қауіп төндірген. Сол жағдайдан кейін басшылық шикізат базасын қалыптастырудың маңызын түсініп, жеке өндіріс ашу туралы шешім қабылдаған. Бұл бастаманы жүзеге асыруда «Даму» қоры айтарлықтай қолдау көрсеткен.

Фармацевтикалық зауытта бір реттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы ауруларға қарсы қорғаныш бетперделері, шприцтер, жүйелік құралдар, спиртті сулықтар, бинттер, лейкопластырьлар және операцияға арналған құрал-жабдықтар шығарылады. Бұрын шикізат негізінен Ресей мен Беларусьтен жеткізілген болса, қазіргі таңда бұл мәселе біртіндеп жергілікті өндіріс арқылы шешіліп келеді.

Зауыттың қаржыландыру мәселесінде «Bereke Bank» акционерлік қоғамы қолдау білдіріп, жоба мақұлданған. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі 15 пайыз болса, оның 9 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланған, қалған 6 пайызын кәсіпорын өзі өтейді. Бір реттік медициналық бұйымдар өндіретін «Super Pharm» зауыты елімізде санаулы кәсіпорындардың бірі болып саналады және облыста он бес жылдан астам уақыт тұрақты жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезде өндіріс көлемі де айтарлықтай ұлғайған.

Алғашында кәсіпорын 15 түрлі медициналық өнім шығарса, бүгінде шамамен 400 атаулы фармацевтикалық бұйым өндіреді. Бұрын Ресей, Беларусь және Қытайдан жеткізілген шикізаттың бір бөлігін қазір кәсіпорын өз күшімен шығара бастады. Бас технолог Сергей Пактың мәліметінше, өндіріс тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді, айлық қуаты 920 тоннаны құрайды. Зауытта 40 адам төрт ауысыммен еңбек етеді. Қазіргі таңда фармацевтикалық зауытқа қажетті тоқыма емес матаның төрт түрі өндіріледі.

Ені екі метр болатын бұл материал мұнай өнімдерінің қалдықтарынан дайындалады. Ол ауыл шаруашылығында, жылыжайларда және жол құрылысы саласында қолданылады, сондай-ақ су өткізбейтін қасиетімен ерекшеленеді. Бұрын шетелден 30–40 пайызға қымбат бағаға сатып алынған бұл материал қазір жергілікті өндіріс есебінен қолжетімді бола түскен. Дегенмен шикізаттың кейбір құрамдас бөлігі – парафин ұнтағы әзірге Қытайдан жеткізіледі.

Өңірде «Даму» қорының қолдауына ие болған тағы бір кәсіпорын – «Достық и К» ЖШС. Компания нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді және 1, 2 және 3 литрлік шыны банкілер өндірісіне маманданған. 2020 жылы кәсіпорын «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы автоматтандыру жабдықтарын сатып алу үшін «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы қаржыландырылды. Несие көлемі 314 миллион теңгені құрады, ал кәсіпорын үшін мөлшерлеме 6 пайыз деңгейінде белгіленді. Қор тарапынан берілген кепілдік сомасы 132,7 миллион теңгеге жетті.

Цех басшысы Есберген Еламановтың айтуынша, шыны банкі шығаратын өндіріс алаңы жеті жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда зауытта тәулігіне 70–80 мың дана шыны банкі өндіріледі. Барлығы 12 түрлі банкі шығарылатын өндіріс орнында 56 адам еңбек етеді. Бірінші өндірістік желі 0,5–1 литрлік банкілерге арналған болса, үш-төрт жыл бұрын іске қосылған екінші желі 2 және 3 литрлік өнім шығаруға мүмкіндік берді.

Кәсіпорын өнімдері мемлекеттік стандарт талаптарына толық сәйкес келеді және Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік декларациясына ие. Бұл өнімдерді Кеден одағы елдеріне экспорттауға жол ашып отыр.

Зауытта бір айлық шикізат қоры тұрақты түрде дайындалады. Өндірісте Арал құмы, Қаратау содасы, кварц құмы және әр өңірден жиналған шыны қалдықтары пайдаланылады. Кейбір арнайы қоспалар Ресей мен Өзбекстаннан жеткізіледі. Тәулігіне шамамен 40 тонна шикізат шыны сынықтарымен бірге балқытылып, қайта өңделеді. Бұл тәсіл қоршаған ортаны қорғауға да үлес қосады: тұрмыстық шыны қалдықтары қайта өңделіп, жаңа өнімге айналады.

Шикізат алдымен тазартылып, ұнтақталып, содан кейін 1500 градус температурадағы балқыту пешінде өңделеді. 102 тонналық ваннада балқытылған шыны арнайы желілер арқылы 0,5 грамнан 3 литрге дейінгі банкі қалыптарына құйылып, дайын өнімге айналады.

Дайын өнімнің бір бөлігі Қырғызстан мен Өзбекстан нарығына экспортталады. Қазақстан ішінде негізгі тұтынушылардың қатарында Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы консервілеу кәсіпорындары бар. Осылайша «Даму» қоры өңірдегі өндірістік жобаларды қаржылай қолдап, өнеркәсіп кәсіпорындарының тұрақты дамуына ықпал етуді жалғастырып келеді.

Таңдаулы материалдар

Close