Basty bet

Басты міндет – төрт түлікті қыстан аман алып шығу

Биылғы қыс шаруалар үшін жайлы болуда, яғни, ақ боран түтеп, сықырлаған аяз да жылдағыдай емес. Биыл көпшілік арасында “қыс жылы” болады деп пікір де бар еді. Расында Жылқы жылы басталысымен жауын-шашын көп болғанымен, қыс қаһарына мінбей, ауа райы жылы температураны көрсетуде. Тек ақпан айының ортасында жауған қалың қар ғана жуалылықтарды біраз әбігерге салғаны белгілі. Алайда атакәсібіміз — мал шаруашылығының тізгінінен нық ұстаған түздегі шаруалар бұл қыс шаруаға аса қолбайлау болмайды деген сенімде.

Елдің шетінде, желдің өтінде мұз жастанып, мал шаруашылығын ілгерілету ісінде жүрген малшы қауымның ахуалын білу мақсатында Қарасаз ауылдық округіне жол тарттық. Қарсаздықтар мал қыстату науқанына тыңғылықты дайындық жасаған. Жалпы, ауылдық округте мамандардың мәліметінше 243 шаруа қожалық тіркелген. Округте 4 382 бас мүйізді ірі қара, 10 460 бас уақ малы және 1 191 жылқы мал қыстату науқанына түсіп отыр. Шаруалар мал азығы үшін 1 160 тонна бидай, 3 912 тонна арпа, 3 167 тонна мақсары және 3 662 көпжылдық шөп жинаған.
Малды қыс айында күтіп-баптау, оның күйін сақтап, қыстан аман алып шығу – жеңіл шаруа емес. Мал қыстатудың машақаты мен жауапкершілігі мол. Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен жақынырақ танысу мақсатында “Құлтай” шаруа қожалығының басшысы Әмірқұл Мақатаевпен тілдескен болатынбыз.
Қарасаз ауылының маңында орналасқан шаруа қожалықтың мал қыстауында қой төлдеп, қорада у-шу. Қожалықтағы күнделікті мал күту жұмыстарын атқаратын жұмысшылар да тынымсыз еңбек етуде. Шаруаның жауапты науқанға тыңғылықты дайындығын мал азығының молынан әзірленуінен аңғаруға болады.
«Құлтай» шаруа қожалығы 1996 жылы құрылып, алғашында егін шаруашылығымен айналысады. Иелігіндегі 28 гектар алқапқа егістік егіп, еңбек етеді. Кейіннен шаруа иелігіндегі жер көлемін 250 гектарға дейін ұлғайтады. Қазіргі таңда оның 100 гектарына көпжылдық шөп, 30 гектарына күздік бидай, 120 гектарына жаздық арпа егіледі. Сондай-ақ, шаруа төрт-түліктің басын көбейтуді жоспарлап, қожалықтың жұмысын әрі қарай жандандыру керектігін түсінеді.
Бұл істі отбасыммен бірге бастап, оны әрі қарай жандандыру мақсатында Үкімет көмегіне жүгініп, жеңілдетілген пайызбен несие алады. Сол несиеге ірі мүйізді қара мал сатып алып, әрі қарай мал басын көбейтеді.
Мал ұстайтын қораларды сол кездегі «Бірлік» өңдірістік кооперативі тараған соң сатып алған. Кезінде бұл жерде совхоздың қаншама малы ұсталып, бүкіл ауыл осында еңбек еткен еді. Бірақ совхоз тараған соң бұл жерлер бос қала бастайды. Ауылдарда шаруа қожалықтар құрылып, тұрғындар егін және мал шаруалығымен айналысуға ден қояды. Осы мақсатта Әмірқұл Қалдыбекұлы да шағын шаруа қожалығын құрған соң, оны үлкейтуді жоспарлайды. Алғашында бұрынғы совхоздың иелігінде болған бір мал ұстайтын қораны ғана алып, кейін жанындағы екі қораны да сатып алады.
Қожалықтың иелігінде қажетті жем-шөпті дайындайтын техникалары да жеткілікті. Атап айтқанда, К-700 қуатты техникасы, екі комбайн, екі МТЗ-92 тракторы, ГАЗ-53 жүк көлігі және жүк тиегіш техникасы бар. Қазіргі таңда шаруа қожалықта 80 бас ірі қара, 300 бас қазақы құйрықты қой және 70 бас жылқы бағылуда.
Шаруа үш тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Екі жұмысшы күнделікті қожалықтағы жұмысты атқарып, шаруаға көмектесуде. Оларға еңбегіне қарай ай сайын 200 мың теңге көлемінде және 25 бас сауынды сиырды сауатын сауыншыға 70 мың теңге көлемінде жалақы төленуде.
Сонымен қатар, шаруалар үшін жауапты кезеңнің бірі – мал төлдету. Шаруа да бұл кезеңге аса сақтықпен қарайды. Малдан шығын шығармай, мал басын көбейту мақсатында бұл науқанға да аса жауапкершілік танытады. Ол үшін төрт түлікті қыстан қысылдырмай алып шығу ғана емес, одан төл мен мол өнім алу да маңызды саналады. Қазіргі мал төлдету науқаны ойдағыдай өтіп, қойлар төлдеп, шаруа қожалықтың иелігіндегі мал басы артқан. Яғни, қорада 200 басқа жуық қойлы-қозы бағылуда. Қойлар мен қозылар бөлек қораға бөлініп, олардың күтімі уақтылы жасалуда.
– Қыстың қыспағынан малды шығынсыз алып шығу – қай кезде де оңай міндет емес. Сол себепті, біз мал қыстату мен төлдету кезеңіне тыңғылықты дайындаламыз. Мал азығын өз иелігіміздегі егістік жерден молынан жинап, қысқы кезеңге қамданамыз. Жұмыс таң атысымен басталады. Қыстақта екі жұмысшыға арналған жылы үй бар. Олар осында болып, менімен бірге мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізуге көмектеседі. Малдардың уақтылы жем-шөбін беріп, мал төлдету кезінде де қырағылық танытамыз. Бұрын сауынды сиырларды өзіміз қолмен сауатынбыз. Қазіргі таңда, 25 бас сауынды сиыр аппаратпен сауылып, күндігіне 100 литр сүт алынады. Сүтті жекелеген кәсіпкерлер қыстаққа келіп өздері алып кетеді.
Биыл бордақы малдарды аусыл ауруының көп таралуына байланысты ертерек өткіздік. Қорадағы ірі қара малдарына ауру жұқпас үшін алдын ала вакцина салдырған болатынбыз. Алайда ауырған малға вакцина салынған соң, ол бес күннен соң қайта ауырды. Мені вакцинаның ауруға қарсы күшінің жоқтығы алаңдатады. Ауру қайдан келгенін білмейміз. Себебі, біз сырттан мал әкеліп, қораға бөтен мал қоспаймыз. Мал қорадан шығарылмайды. Қыстаққа көшпес бұрын қора-жайлар міндетті түрде дезинфекцияланады. Жақында тағы да осы ауру тараған соң, қора-жайлардың барлығын дезинфекциялап, тазалаған болатынбыз. Қазір бізді алаңдататын мәселе аусыл ауруының таралуы болып отыр. Дегенмен, басты міндетіміз – төрт түлікті қыстан аман алып шығу, – дейді шаруа қожалық басшысы Әмірқұл Қалдыбекұлы.
Шаруаның алаңдауы заңдылық. Өйткені, мал басына қауіп төндіріп отырған бұл ауру шаруаға шығын әкелетіні белгілі. Қарасаздық шаруаға ең жауапты кезеңнен сәтті өтіп, малдың амандығы мен қыстан күйлі шығуына тілектеспіз.

Таңдаулы материалдар

Close