Basty bet
Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары кеш басталғанымен, жүйелі жүргізілуде
Ағымдағы жылы Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда кеш басталды. Соған қарамастан, жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінгі күні 19,9 мың гектар алқапта жер жырту жұмыстары жүргізіліп, бұл жоспардың 12,0%-ын құрайды. Сонымен қатар 21,3 мың гектар жер егіске дайындалып, 10,1 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақылдар себілді. Бұдан бөлек, 570 гектарға көпжылдық шөп, 460 гектарға көкөніс дақылдары егілді.
Көктемгі науқанға қажетті 59,6 мың тонна тұқым толық көлемде дайындалған. Оның ішінде 280 тонна элиталық тұқым, 4,2 мың тонна 1-репродукция, 27,2 мың тонна 2-репродукция, 26,5 мың тонна 3-репродукция және 940 тонна будан тұқымдар бар. Бұл егіс сапасын арттырып, өнімділікті жоғарылатуға мүмкіндік береді.
