Basty bet
Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі
Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында елдік пен ерлікті ұлықтаған, тағылымы терең, мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған тағылымды басқосуға ауыл тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысып, бірлік пен берекенің жарқын көрінісіне куә болды. Ынтымағы жарасқан Билікөл жұртшылығы қос мерекені ерекше ықыласпенатап өтіп, ел қорғаған ерлердің рухына тағзым етті.
Мерекелік шараға Жуалы жерінің мақтаныштары, елге сыйлы тұлғалар – ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова мен заңгер, прокуратура саласының ардагері, әділет генералы Ғабит Миразов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Қадірлі қонақтардың келуі көпшілікке ерекше рухани серпін сыйлап, жас ұрпаққа өнеге болды.
Іс-шара барысында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтар мен ел тыныштығы жолында аянбай қызмет еткен батырлар еске алынып ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысып, ел тыныштығы мен Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті туралы тағылымды ой өрбітті. Мерекелік кештің ажарын аудан өнерпаздарының патриоттық әндері мен барабаншылар шеруі аша түсті. Әсем әуен мен рухты әндер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің мазмұнын айшықтай түсті.
Мерекеге орай №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепте ерекше рухани кездесу ұйымдастырылды. Білім ордасының 1966 жылғы түлектерінің 60 жылдық кездесуі сағыныш пен сыйластыққа толы әсерлі кешке ұласты. Мектеп ауласында өткен тағылымды басқосуға ауыл ақсақалдары, ардагер ұстаздар, ардақты аналар, шәкірттер мен ауыл тұрғындары қатысты. Кештің шымылдығы қазақ күй өнерінің жауһары саналатын «Балбырауын» күйімен ашылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
60 жыл бұрын мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер алтын ұясына қайта оралып, балалық шақтың жарқын естеліктерін бірге жаңғыртты. Әсіресе, саналы ғұмырын білім саласына арнап, талай шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбиенің дәнін еккен ұлағатты ұстаз Сайлаухан Слямхановтың рухына көрсетілген құрмет көпшіліктің көңілін тебірентті.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін еске алуға арналған қазақ күресінен түйе балуан жарысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Жамбыл облысының аудандарынан және Батыс Қазақстан облысынан келген таңдаулы балуандар қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады. Жалпы саны 17 балуан қатысқан жарыс көрермендерге тартысты белдесулер мен нағыз қазақы рух сыйлады. Әр балуан жеңіске деген жігерін, қайсарлығы мен шеберлігін паш етіп, ұлттық спорттың мәртебесін көтерді.
Жарыс қорытындысы бойынша Жуалы ауданының балуаны Азат Рысбек І орынды жеңіп алса, ІІ орынды Мойынқұм ауданынан келген Орынбасар Бақытбекұлы иеленді. Ал, ІІІ орын Жамбыл ауданының намысын қорғаған Жантөре Жұмабайға бұйырды. Бұл турнир тек спорттық бәсеке ғана емес, ел үшін жанын қиған ардагерлерге көрсетілген зор құрмет пен кейінгі ұрпаққа үлгі болатын тағылымды шара ретінде көпшіліктің жадында қалғаны анық.
Сондай-ақ, «Ерлік пен елдіктің үлгісі» тақырыбындағы рухани кеш жоғары деңгейде өтті. Ауыл саябағында ұйымдастырылған кеш туған жерге тағзым ету мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген маңызды басқосуға айналды. Рухани шара барысында ауыл жұртшылығы ел дамуына елеулі үлес қосқан перзенттерін ерекше құрметпен қарсы алып, жергілікті қолөнершілер дайындаған, ерлік пен батырлықтың символына айналған «Бес қару» бейнеленген арнайы сыйлықты тарту етті.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – Аягүл Төреқызының жастарға арнаған жүрекжарды ақ тілегі болды. Ұлағатты ұстаз білімді ұрпақ қана ел болашағын жарқын ете алатынын айтып, жастарды биік мақсаттарға ұмтылуға шақырды. Сонымен қатар, кеш барысында бірқатар игі істер жүзеге асырылды. Даңқты боксшы Серік Қонақбаевтың атынан ауыл мектебіне заманауи музыкалық аппаратура табысталды және Ауған соғысының ардагеріне құрмет көрсетіліп, ұялы телефон сыйға берілді. Сондай-ақ, білім мен спортта үздік жетістікке жеткен ауыл оқушыларына велосипедтер тарту етілді.
Осындай тағылымы мол, мазмұны терең іс-шаралар – ел бірлігін нығайтып, ұлттық рухты асқақтататын маңызды бастамалар. Ерлікке тағзым етіп, елдік құндылықтарды дәріптеген Билікөл өңіріндегі бұл мерекелік басқосулар көпшілік көңілінен шығып, жас ұрпақтың бойына Отансүйгіштік рухын сіңірген тағылымды күн ретінде ел жадында ұзақ жылдар бойы сақталары сөзсіз…