Basty bet

Мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарына үндеу

балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ жауапкершілік

Бала – біздің болашағымыз. Ата-ананың көз қуанышы әрбір отбасында тәрбиеленіп отырған ұл мен қыз екенін жақсы білсек керек. Бала – өміріміздің жалғасы, көзіміздің ағы мен қарасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың ертеңгі болашағына терең мән беріп, жастарға зор үміт артып, жас буынның болашағынан мол үміт күтетінін айтып, осыған сәйкес, балалардың болашағына жарқын жол ашу үшін мемлекеттің есебінен барлық қажетті жағдайды жасау керектігін нақтылағаны белгілі. Президент атап өткендей, қазіргі таңда балаларды қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру және оларды әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алыну үстінде. Елдің жарқын болашағы үшін аталған іс-шаралардың маңызы өте зор!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе, жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деп Парасатты да Әділетті қоғам құру туралы айтқан пайымды пікірлерін жақсы білеміз. Бұл жайдан-жай айтылған сөз емес. Олай болатыны, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы қазіргідей жаңа дәуірге қадам басқан дәл осындай маңызды кезеңде елдің болашағы саналатын жас ұрпақтың ең алдымен тәрбиелі, саналы, білімді және ізгілікті болып қалыптасуы барлығынан маңызды.
Қазіргі таңда қоғамның басты міндеттерінің бірі – баланың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау болып отырғаны белгілі. Бұл – тек балаларға тәрбие мен білім беретін мектептің, ата-ананың немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, бұл – қоғам мүшелерінің бірлесіп атқаратын ортақ міндеті және ортақ жауапкершілігі. Аудан аумағында қауіпсіз орта қалыптастыру – тек техникалық құралдармен ғана шектелмейді. Бұл – тәрбие, тұрақты бақылау, құқықтық сауаттылық, ең бастысы – бала қауіпсіздігіне тікелей жауапты мекемелердің үйлесімді әрекеттерінің жүйесі.
Азаматтардың құқығы мен бостандығы бірінші орында тұратын біздің елде бала – қоғамның ең құнды бөлігі болып табылады. Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік тек ата-аналардың ғана емес, мектеп педагогтарының, полиция, медицина қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы билік пен қоғамның ортақ міндеті болып табылатынын да осы тұста баса айтқым келеді.
Қазір қоғамда балалардың, жалпы жас ұрпақтың тәрбие мәселесі бірінші орынға шығып отырғаны жасырын емес. Ал, бала тәрбиесімен қатар, олардың қоғамдағы қауіпсіздігі, жарқын болашағы, жақсы азамат болып қалыптасуы – барлығынан маңыздырақ. Жасөспірім шақта ақыл-ойы әлі толық толыса қоймаған балалар мен әрнәрсеге еліктегіш келетін жас буынның назарын осындай ұрымтал кезеңде дұрыс бағытқа бұрып, оларға адастырмайтын жол көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беру – қоғам мүшелерінің ортақ міндеті деп түсінген жөн!
2025–2026 оқу жылының аяқталуы да мәреге жақындап келеді. Жаңа оқу жылы әне-міне дегенше аяқталуға таяу. Бұл – қоғам үшін маңызды кезең. Бұл кезең – оқушылар үшін есте қаларлық қызықты уақыттың бірі. Оның қызығымен бірге қауіп-қатері бар екенін де ұмытпаған жөн сияқты. Түлектердің мектеп бітіруіне байланысты ұйымдастырылатын іс-шараларда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, мектеп бітіру шараларынан кейінгі уақытта қоғамдық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау, құқық бұзушылықтың алдын алу және білім беру ұйымдарында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтудің қажеттілігі туындап отыр.
Оқу жылының аяқталуына орай білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастырылатын салтанатты кештерге, банкеттерге, автокөлік шеруіне, түнгі серуендерге, таңды қарсы алу жиындарына, от жағу шараларына, сондай-ақ кафе-бар, мейрамханаларда, басқа да ойын-сауық орындарында, табиғат аясында және су айдындарының маңында өткізілетін жиындарға жол берілмейтінін ресми түрде хабарлаймыз! Бұл туралы отандық телеарналардан да жан-жақты ескертілу үстінде. Онымен бірге, ескертпе материалдардың әлеуметтік желі парақшаларында да жарияланғанын еске саламын.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шараларды өткізу мақсатында ата-аналардан, оқушылардан немесе заңды өкілдерден қаржы-қаражат жинауға, сыйлықтар алуға және басқа да материалдық шығындарға мәжбүрлеуге қатаң тыйым салынатынын да аудан тұрғындарының есіне салғанды жөн көріп отырмыз. Осы ретте, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарын ең бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, оған барынша көңіл бөлуге шақырамыз. Атап айтқанда: жол қозғалысының талаптарын қатаң сақтау, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрмеуі су айдыны жағалауларында және демалыс орындарында сақтық шараларын қатаң ұстану – жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Білім беру ұйымдарында оқу жылының қорытындысына арналған іс-шаралардың жас ұрпақтың дамуы үшін тәрбиелік мәні жоғары, мазмұнды әрі қауіпсіз форматта ұйымдастырылып, Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаттарын дәріптеуге бағытталуы тиіс. Бұл мәселелердің маңыздылығы ескеріле отырып аталған талаптардың орындалуы құзырлы органдардың тұрақты бақылауында болатынын айтқым келеді. Өйткені, балалардың амандығы мен жарқын болашағы – баршаның ортақ міндеті болып табылады. Осынау маңызды мәселені санаға сіңіріп, қоғамға ортақ құндылықтарды дәріптейтін кез әлдеқашан жетті.
Бала қауіпсіздігі – баршаға ортақ мәселе. Бұл маңызды мәселеде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында заңсыз ақша жинауға және бітіру іс-шараларын өткізуге жол бермеу жөніндегі шаралар туралы» Бұйрығы шығарылып, ел өңірлеріндегі білім беру мекемелеріне жолданған.
Аталған бұйрықтың 1-пунктінде: «Оқу жылының аяқталуына байланысты мектепке дейінгі ұйымдарда, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кештер, банкеттер, автокортеждер, таңды қарсы алу шаралары, алау жанында өткізілетін іс-шаралар, мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, асханаларда, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізілетін салтанатты іс-шаралар нысандарында бітіру іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын» делінген.
Ал 2-пунктте: «Осы бірлескен бұйрық пен қаулының 1-тармағында көзделген бітіру іс-шараларын өткізуге байланысты білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақшалай қаражатты, сондай-ақ, өзге де материалдық құндылықтарды, оның ішінде сыйлықтар мен жарналарды жинауға тыйым салынсын» деп анық жазылған.
Түлектердің мектеп бітіріп, үлкен өмірге алаңсыз қадам басуы – ұрпағының болашағынан үлкен үміт күтетін кез келген ата-ана үшін үлкен қуанышты оқиғаның бірі. Алайда, мектеп бітіру кештерінен кейін бұл қуанышты жағдайды жөнсіз дабыраға айналдырып, орынсыз у-шуға ұластырып жіберетін кездер де аз емес. Бірақ, барлығы өз орнымен және тиісті заңдылықтардың аясында болғаны барлығымызға тиімді емес пе?! Ең дұрысы – пайдасыз басқосулардан бұрын ата-аналар балалардың рухани дамуына, жан-жақты жетілуіне дұрыс көңіл бөліп, олардың алдағы үлкен өмірге қадам басып, мамандықты дұрыс таңдауына көңіл бөлгені елдің болашағы үшін де абзал істің бірі болмақ!
Құрметті мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары!
Сіздерге бала қауіпсіздігін сақтау туралы сөз арнап, жас ұрпақтың жарқын болашағы туралы Үндеу жариялап отырғанымыз да жайдан-жай емес. Соңғы уақытта ауданда кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ересектердің қарауынсыз қалааралық сапарларға шығуы, таулы аймақтарға, орман-тоғайларға баруы, өзен-көлдерге шомылуы, сондай-ақ, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүруі жиілеп отырғанын назарларыңызға салғым келеді. Әсіресе, ата-аналарға мектеп бітіру кештері мен соңғы қоңырау мерекесінің қарсаңында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударудың қажет екенін баса айтқым келеді.
Осыған байланысты аудан әкімдігінің жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия барлық ата-аналарды төмендегілерді қатаң сақтауға шақырады.
Қорытындылай келе, балаларды ересектердің қадағалауынсыз қалааралық сапарларға, таулы аймақтарға, орман-тоғайларға және су айдындарына жібермеу қажет. Мектеп бітіру кештері кезінде балалардың қауіпсіздігін бақылауда ұстау өте маңызды. Түнгі сағат 00:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз көшеде жүруіне жол бермеу, балалардың бос уақытын тұрақты бақылауда ұстау қажет. Балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп, ата-аналардың жауапкершілігін күшейту де өте маңызды!
Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі – баршаның ортақ міндеті. Қауіпсіздік бағытындағы алдын алу шараларын бірлесіп атқарғанда ғана ортақ мақсатқа жұмылған ісіміз әлдеқайда нәтижелі болмақ!
Тәуелсіз еліміздің болашағы бұдан жарқын, ал, елдің келешек тұтқасы болатын саналы ұрпағымыз аман болсын!

Таңдаулы материалдар

Close