Basty bet

Ақын мұрасы – мәңгілік

Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 2026 жылы ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» жобасы жүзеге асырылуда.
Аталған жоба аясында Теріс ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, сазгер Қасым Аманжоловтың туғанына – 115 жыл толуына орай «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» тақырыбында әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш барысында №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушылары А.Нұрали ақынның «Дүние қандай жап-жарық!», Г.Бәйден «Абай арманы», Н.Молдабай «Дариға, сол қыз» өлеңдерін мәнеріне келтіріп оқыды.
Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Аташбек Сүгірдің «Ыңғайтөк» күйін орындаса, оқушылар Ә.Аташбек, К.Аташбек, А.Темірбек, Е.Жұпарбек, Ш.Темірбек күйші Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін нақышына келтіре орындады.
Сонымен қатар, «Асыл әжелер» ансамблі Қ.Аманжоловтың «Туған жер» әнін шырқап, оқушылар А.Әбілқайырқызы «Көңілді күн», Д.Зиятхан «Қазақ осы» әндерін көпшілікке тарту етті. «Қыздар» би тобы «Бипыл-бипыл», «Дока-Дока» билерін билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушылары «Жыл басына таласқан жануарлар» қойылымын жоғары деңгейде сахналады.
Кітапханашы М.Баққараева «Қазақтың ұлы ақыны» атты библиографиялық көрсеткішке, ақпараттық-жарнамалық флайерге және «Қасым Аманжолов – қыран қанатты ақын» атты әдістемелік құралға шолу жасап, ақын шығармаларына арналған заманауи «лэпбук» – шағын интерактивті кітапшаның мазмұны мен маңызын таныстырып өтті.
Кеш соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ш.Каниева мен оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Н.Сиркебаева іс-шараға қатысқан оқырмандарға алғыс білдіріп, белсенді қатысушыларды Алғысхаттармен марапаттады.
Мұндай тағылымы мол шаралар жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосары сөзсіз.

Аида ШӘКІР,
аудандық орталық
кітапхана қызметкері

Таңдаулы материалдар

Close