Basty bet

Педагогтердің кәсіби дамуы – заманауи сапалы білімнің кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының жетінші бағдары «Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді» деп аталғанын өте жақсы білеміз. Президент бұл міндет арқылы білім мен ғылым салаларын жаңа заманға сай дамыту міндеті туралы кеңінен айтып отыр. Жолдауда атап көрсетілген бұл міндетті меже ел экономикасының дамуында өте маңызды рөл атқарады.

«Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн.
Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі» делінген Президенттің халыққа Жолдауында.
Мақсаттан нәтижеге жетелеген сапалы білімнің алтын көпірі – ол әрине біліктілікті арттыру курстары екені белгілі. «Өрлеу» БАҰО АҚ» филиалының Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 08.06-19.06.2026 жылдың аралығында Жуалы ауданының тарих және құқық негіздері пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын жүзеге асырудағы жаңа тәсілдер: мақсаттан күтілетін оқу нәтижесіне жету. «Тарих» және «Құқық негіздері» тақырыбында 80 сағатттық арнайы курсы жүргізілуде.
Еліміздің білім беру жүйесін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – педагогтердің біліктілігін арттырып отыру. Кәсіби даму институты ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстары педагогтердің үздіксіз білім алуына жол ашып, білім беру сапасын арттыруға, жаңашыл әрі бәсекеге қабілетті мұғалім қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Бұл бағдарлама педагогтердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған және қысқа мерзімді жоспарлар, функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға негізделген тапсырмалар, бағалау әдістерін қолдану мен бағалау критерийлерін әзірлеу, сабақ барысында цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект технологияларының құралдарын пайдалану қатарлы нақты құралдарды әзірлеуді қамтиды. Курстың әрбір модулінің практикалық тапсырмаларды орындауға бағытталуы игерілген тәсілдер мен технологияларды «Тарих» және «Құқық негіздері» пәндерін оқыту тәжірибесіне тікелей енгізуге мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында педагогтер заманауи оқыту стратегияларын меңгереді, бұл оларға білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, ұлттық және халықаралық талаптарға сәйкес сабақты жобалауға көмектеседі.
Сонымен қатар, педагогтер оқыту сапасы мен мотивациясын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалану дағдыларын меңгереді. Курстағы тақырыптардың жаңашылдығы құқықтық реттеу, құндылықтық тәрбие, инновациялық әдістер, цифрландыру және зерттеушілік тәжірибелерді біріктіру арқылы педагогтың кәсіби дамуының заманауи білім алушыларды тек фактілерге емес, сонымен қатар құқықтық, цифрлық және құндылыққа бағытталған қоғамда өмір сүруге үйретуді қамтитын моделін қалыптастырудағы кешенділігі мен пәнаралық байланысқа негізделуінде жатыр!

Аманкуль Есмырзаева,
«Өрлеу» Кәсіби даму институтының аға оқытушысы

Таңдаулы материалдар

Close