Basty bet

Балалардың талантын танып, дарынын ашуға берілген үлкен мүмкіндік

Жаз – балалар мен жасөспірімдер үшін ең қуанышты әрі ұмытылмас мезгілдердің бірі екені белгілі. Бұл демалыс – ұзақ уақытқа созылған оқу жылынан кейін мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту мен өсіп-өркендеуіне тікелей бағытталады. Жазғы лагерь – осындай мүмкіндіктердің барлығы шоғырланған ерекше орын. Жазғы лагерь – балалардың дамуына оң әсер етумен қатар баланың бос уақыттарын тиімді әрі қызықты, ұтымды пайдаланудың қолайлы сәті.
Осы орайда 150 оқушыны қамтыған тірек мектеп-лицейдің жанынан құрылған «Күншуақ» жазғы лагері биыл да өз жұмысын барынша қызықты әрі сапалы атқарды деуге болады. Жазғы лагердің қызықты өтуі үшін мектептің тәжірибелі шығармашыл, еңбекқор, және белсенді жаңашыл мамандардың ықпалы зор болғанын айта кеткен жөн. Оқушыларға арналған күнделікті іс-шараны қызықты ұйымдастыру, сапалы жоспарлағанда ғана лагерьге келуші балалардың саны да арта түспек. Ата-аналардың баласын лагерьге жіберуі үшін де лагерьдің жарнамасы, оның сапалы өтуі, мамандардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігі алаңдатады. Бұл ретте баланың қауіпсіздігі мен тамақтану сапасы да маңызды рөл атқарады.
Жалпы мектеп жанындағы жазғы лагерь – баланы дербестікке, өз-өзін тануға және жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Жаңа ортада басқа балалармен қарым-қатынас орнатып, өзімен қоса басқаларды танып, бойындағы қабілеттерін ашуға көмектесетін орта. Мұндағы әрбір күн белгілі бір тақырыпта қызықты іс-шара, байқау, спорттық ойын түрлері викториналық, логикалық, интеллектуалдық сайыстар арқылы бала топпен және жеке жұмыс істеуге үйретеді. Балалар мектеп жанындағы лагерьлерге қатысу арқылы едәуір есейеді десек болады. Кей балалардың бойынан жаңа қабілеттер ашылып, спорттық жарыста жеңіске жетіп, болашақта өз қабілетін анықтап сол саланың білікті маманы болуға шешім қабылдауына да кеңінен жол ашылатыны белгілі. Енді бірінің әртістік қыры кеңінен ашылып, шығармашылыққа деген қызығушылығы да ерте оянуы мүмкін. Жазғы лагерь стандартты емес, креативті жолдар арқылы балалардың бойындағы дарынын ашуға септігін тигізеді. Жазғы лагерь түрлі отбасынан келген баланың көңіл күйінің көтеріңкі болуына, болашақта ортада өзін еркін, белсенді, ашық ұстауына тәрбиелейтін үлкен орта.
Жыл санап жазғы сауықтыру лагерьлеріне қойылатын талаптар да, одан күтілетін оң нәтиже де анағұрлым артып келеді. Лагерьдің өзіндік жоспары, мақсат-міндеттері мен оған қатысты үйірмелері жетерлік. Біз бұл міндеттер арқылы жас ұрпақты түрлі үйірмелер арқылы еңбекқорлыққа, шапшаңдыққа, талапшылдыққа, бірізділікке және есте сақтау қабілетінің артуына тәрбиелеп келеміз. Мәселен: «Кел, танысайық!» танысу ойыны, «Шуақты жаз» жазғы сауықтыру лагерінің салтанатты ашылуы, «Спорт – денсаулық кепілі!» спорттық жарысы, «Жас өнертапқыш» қалдық затқа жаңа өмір сыйлау, «Кітап – білім бұлағы!» зияткерлік сайысы, «Түрлі-түсті балалық шақ!» асфальт бетіне сурет салу байқауы, «Лагер аруы – 2026» байқауы, «Жасыл әлемге саяхат» саябаққа шығу, «Өнерлі ұрпақ – жарқын болашақ!» тақырыптарындағы іс-шаралар балалардың лагерьдегі әрбір күнін қызықты ете түскені анық.
«Ұлттық ойын», «Шебер қолдар», «Балар кітапханасы», «Қызықты математика», «Дауыс Fest», «Қызықты тәжірибе», «Шахмат» және «Логика әлемі» үйірмелері де күн сайын баланың рухани физикалық, шығармашылық дамуына оң әсер етті деп сенеміз. Осылайша тірек мектеп-лицейдің жанынан ұйымдастырылған оқушы балалардың жазғы сауықтыру лагері есте қаларлықтай қызықты өтті деп сеніммен айта аламыз. Биыл мектеп-лицейдің жанынан құрылған «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагеріне білікті маман Абзал Әбенова жетекшілік жасаса, ұйымдастырушы педагог Ақбота Моматай және аға тәлімгер Мәншүк Қаныбектің балалар демалысының қызықты өтуіне үлкен үлес қосқанын ерекше атап өткім келеді.
Жазғы демалыс жанды жадыратады. Үш айға созылатын жазғы демалыста балалардың жақсылап тынығып, олардың алдағы алғашқы қоңырауға тың күшпен келуіне тілектеспіз!

Эльмира Сүйінбаева,
Ә.Бөкейхан атындағы
№15 тірек
мектеп-лицейінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close