Basty bet
Үздік түлектерге шәкіртақы табысталды
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген халқымыздың даналық сөзі білімге ұмтылған жастарды қолдап, олардың жігерін жанитын игі істердің маңызын айқындай түседі. Осындай өнегелі бастама «Жомарт түлек» жобасы аясында №2 Мыңбұлақ орта мектебінде өткен 2026 жылғы түлектерге аттестат тапсыру салтанатында жалғасын тапты.
Мектеп түлегі, «Topjargan» білім орталығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Нүрилә Мәлібекова білім мен еңбектің биік белесін бағындырған үздік түлектерге арнайы шәкіртақы табыстап, жас талапкерлерге құрмет көрсетті.
Биыл мектепті бір «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері және үш «Үздік аттестат» иегері бітірді. Олардың жетістігін бағалап, білім жолындағы еңбегін ынталандыру мақсатында арнайы сертификаттар табысталды.
Атап айтқанда, «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері Ғазиза Қуанышбекке 150 мың теңгелік сертификат берілсе, «Үздік аттестат» иегерлері Олжас Тельман, Жанерке Тұрсынбек және Мөлдір Еспергенге 100 мың теңгелік сертификаттар табысталды.
Бұл бастаманың басты мақсаты – оқушылардың білімге деген құштарлығын арттырып, жоғары нәтижелерге жетуге ынталандыру. Естеріңізге сала кетейік, дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған үздік жастар сыйлығы былтырдан бері тұрақты түрде табысталып келеді. Мұндай сыйлықақылар одан әрі дамуды ынталандыру тұрғысынан жастар үшін өте маңызды. Жомарт түлектердің еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны сөзсіз.
«Жаңа өмір»-ақпарат